Спорт • Бүгін, 08:00

Токиода тұғырымыз биік!

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жапонияның астанасы Токиода 15 қарашада жалауы желбіреген XXV жазғы Сурдлимпиада додасы мәресіне жетті. Еліміздің спортшылары рекордтық нәтиже тіркеп, бұрын-соңды бұйырмаған жүлдеге кенелді.

Токиода тұғырымыз биік!

Саңлақтардың Токио төрінен бүгінге дейінгі олжалаған жүлде­сі жайында кеңінен қамтып жаздық. Төрт жылда бір рет ұйымдас­тыры­латын дүбірлі аламанның ақырғы күндерінде де спортшыларымыз ел мерейін үстем етті. Грек-рим күресінен белдесуге түскен Андрей Самарин 67 кг салмақ дәрежесінде іріктеу кезеңін сәтті өткізді. Бірінші белдесуінде қырғыз Дінмұхамед Бигелдиевті 5:2 есебімен еңсеріп, ширек финалдық тартыста болгар балуаны Дилиан Димитровты 8:0 есебімен ұпай ұстатпады. Жарты­лай финалдағы қарсыласы армян Жора Грегорянды да дәл сондай басымдықпен ығыстырды. Финалдық тартыста ирандық Мехди Бакшыны 11:1 есебімен тулақтай илеп жеңіске жетті.

– Мен алғаш рет Сурдлимпиада ойындарына қатысқаныма қара­мастан еліміздің үмітін ақтап, алтын медаль иелендім. Бұл өзімнің ғана емес, бапкерлерімнің де же­ңісі. Біз бұған тоқмейілсіп тоқтап қалмаймыз, алда әлі де дүбірлі додалар өтеді. Менің мақсатым айқын, үш дүркін Сурдлимпиада чемпионы атану, – дейді 21 жастағы талантты балуан. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының тумасы 2023 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, өзінің мықтылығын дәлелдеген еді. Былтыр Малайзияда өткен Х Азия–Тынық мұхит ойындарының чемпионы атанды. Самариннің алтын медалі жалпы есептегі нәтижемізді де жақсарта түсті.

Еркін күрестен белдесуге түскен балуандарымыз да ел үмітін ақтай білді. Олар 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль еншіледі. Шадияр Пернеш (65 кг) Сурдлимпиада чемпионы атанса, Ғабит Есжанов (57 кг) – күміс, ал Ғасыр Тұрғанбай (74 кг), Сабыржан Рсалы (86 кг), Хайратхаан Шонку (125 кг) қола жүлдені қанағат тұтты. Сурдлимпиаданың екі дүркін чемпионы Х.Шонкуға жанкүйерлер де, бапкерлер де зор сенім артқан еді. Алайда жартылай финалда сүрініп, алтын медальдан басты үміткер балуан қола жүлдеге әзер қол жеткізді.

Үстел теннисінен ерлер құра­масына да Сурдлимпиаданың қола медалі бұйырды. Қанат Қоң­қыбаев, Данияр Ескендіров, Бижан Төле­баев, Бүркітбай Абылай бастаған жігіт­тер алдымен Колумбия құрамасын 3:0 есебімен ұтып, Польшаның үстел теннисшілерін 3:1 есебімен жеңді. Ширек финалдық сайыста үндістандық қарсыластарын да айқын ұтып (3:0) жартылай финалда Қытай құрамасына есе жіберді де, қола медальды еншіледі.

Таеквондо додасында Аида Мақа­­товаға (67 кг) қола медаль бұйыр­ды. Виктор Фрундин (+80 кг) 5-орынды місе тұтса, Мөлдір Мұқа­шева (+67 кг) мен Руслан Ахметов (80 кг) іріктеу кезеңінен аса алмады.

Жеңіл атлетика тартысында ұзындыққа секіруден финалда бағын сынаған Фаина Мейірманова 5 м 17 см нәтижесімен 8-орынға тұрақ­тады. 5000 метрлік финалдық жү­гіруде сынға түскен Қуаныш Темірбаев та жүлдесіз қалды. 4х400 метр қашық­тыққа эстафеталық сайыс­тың финалында әйелдер құра­масы 4:45.92 уақытпен 7-орынға тұрақтады. Ал осы қашықтықта ерлер құрамасы 3:27.95 нәтижесімен 6-орын алды.

Жүзуден бірнеше қашықтықта сынға түскен спортшыларымыз жүлденің жалынан ұстау былай тұрсын, іріктеу кезеңінен аса алған жоқ. Бадминтоннан да ұлттық құрама Үндістан командасына 0:5 есебі­мен есе жіберіп, топтық кезеңнен
қайтты.

Спортшыларымыздың жалпы есепте 8 алтын 4 күміс, 13 қола медаль олжалауы – рекордтық көрсеткіш. Бұған дейін біздің қыз-жігіттер дәл мұндай межеден көріне алған емес. Жапония елі өткізген Сурдлимпиада сайысына 81 елден келген есту қабілетіне зақым келген 3 мыңға жуық спортшы 21 спорт түрінен тартысқа түсті. Елімізден аттанған 78 саңлақ 8 спорт түрінен орасан нәтиже көрсетті. Еліміздің сурдлимпиадашылары бұған дейін қатысқан төрт жылдық додасында үздік ондыққа ілінген емес. Бұл жолы бізге 8-орын бұйырды. Көш басында – 32 алтын, 38 күміс, 29 қола медаль олжалаған Украина спортшылары тұр. Екінші сатыда бейтарап команда ретінде қосылған спортшылар тұр. Олар 31 алтын, 12 күміс, 7 қола алса, үздік үштікті түйіндеген АҚШ сурдо спортшылары 17 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль иеленді.