Білім • Кеше

Он үш жасар оқушының өнертабысы

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар қаласындағы Дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейі­нің 7-сынып оқушысы Қайсар Жұмабек ұстазының жетекшілігімен су са­па­­сын тексеретін тестері бар дронның прототипін жасап шығарды. Ол бо­­ла­­шақта су және ауыл шаруашылығы нысандары үшін ауадай қажет болуы мүмкін.

Он үш жасар оқушының өнертабысы

Шағын дронға ор­натыл­ған құрыл­ғылар сутегі ион­дарын (pH), электрөт­кіз­гіштік, еріген заттардың жалпы мөл­шерін және басқа да ма­ңызды көр­сеткіштерді өлшей алады. Деректер ком­пьютерге немесе смартфонға сымсыз байланыс арқылы тікелей жіберіледі.

Қазір төтенше жағдай­лар­дың алдын алу мен салдарын жою, профи­лактикалық жұмыстарды шешу кезін­де ұшқышсыз басқарылатын ұшақ аппараттарын қолдану идеясы барған сайын танымал бола түсуде. Жоба жетек­шісі, физика пәнінің мұғалімі Жасұлан Меңдібаевтың айтуынша, бұл идея екеуара әңімелесіп отыр­ғанда пайда болыпты.

– Бірде Қайсар қазіргі қоғам дрондарды түрлі салада жаппай қолданып жат­қанын, әсіресе оны ата-анасы ауыл шаруа­шылығында тиімді түрде қолданып жүр­генін әсерлене оты­рып әңгімеледі. Бұл әңгіме бізге үлкен идея берді. Жаңа­дан жоба жасаймыз, оны дрон ар­қы­лы іске асырамыз деген шешімге келдік. Өңіріміздің халқы экология­ мәселелеріне ерекше алаңдайды. Әсі­ре­се су мен ауа тазалығын, қоршаған ор­таның қауіпсіздігін үнемі тексеріп отыру өмірлік маңызды дүние. Өзен­ мен көлдің ластануы ағынды су­дың, тыңайтқыштың, өн­ді­рістік қалдықттың әсерінен болуы мүмкін. Сон­дықтан дронымыз өзен-көлдердің тазалығын, құрамын тексеруі керек деген ұйғарым жасадық, – дейді жоба жетекшісі.

Жоба иелері сапалы прототип жасау оңайға соқпағанын айтады. Ең басты міндеттердің бірі – өлшегіш тестерді дронға сенімді әрі ұқыпты бекіту қажет болған. Бұл тұста олар 3D принтердің көмегіне жүгінген. Құрылғы арқылы бекіткіш жасап, тестерді дронға орнатады. Бұл тестер смартфонға сигналдар жіберіп, судың құрамы туралы ақпарат береді. Бастапқыда қажетті анализаторды табу да көп уақытты алған екен. Екеуі барлық мүмкіндікті пайдаланып, ақыры нәтижеге қол жеткізген.

– Қайсар екеуіміз жасап шығарған прототип зауыт­тық баламадан арзан. Құрылғы судың тазалығы маңызды бо­латын кез келген салада қол­данылуы мүм­кін. Қара­пайым адам үшін баға­сы қолжетімді, – деп қосты Жасұлан Меңдібаев.

Ұстаз бен оқушы бүгінде дронды сәтті түрде сынап үл­герген. Баян­ауылдағы Сабын­дыкөл, Жасы­­бай, Торайғыр көл­де­рінде, сондай-ақ Ертіс пен Усолка өзен­дерінде зерттеу жұ­­мыстарын жүргізіп, судың құрамын тексеріп көрген. Көлдер­дегі көрсеткіш сын көтерерлік деңгейде, ал өзен сула­рының параметрлері қа­лыпты нормаға сай екенін анықтаған.

Айтып өтейік, Қайсар бү­гінде 13 жас­та. Айтуынша, робот­техникамен, түрлі аппараттарды құрастырумен әуес­тенеді. Мектепте география пәнін, соның ішінде геологияны сүйіп оқиды. Келешекте ол дрон құрастыру саласында мамандануды қалайтынын жеткізді.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар