Аймақтар • Бүгін, 08:42

Талдықорғанда болат шар өндіретін зауыт салынады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісу облысы шетелдік инвестиция тарту арқылы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуді жалғастырып жатыр. Мәселен, Талдықорған қаласындағы индустриялық аймақта чилилік «ME Elecmetal» компаниясы тегістегіш болат шар шығаратын ірі зауыт салуды жоспарлап отыр. Жаңа кәсіпорынның іргетасы келер жылдың наурыз айында қаланып, 2028 жылы іске қосылады.

Талдықорғанда болат шар өндіретін зауыт салынады

Инвестиция өңір экономи­касының жаңа драйвері екені белгілі. Бұл жоба аясында шамамен 70 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, қуаты жылына 180 мың тоннаға дейін өнім өндіретін өндіріс орны ашылады. Нәтижесінде, өңірде 150 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады. Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, аталған жоба – өңір үшін стратегиялық маңызы бар бастамалардың бірі.

«Жетісу облысында бірқатар ірі инвес­тициялық жобалар жүзеге асырылып келеді. Негізгі құжаттарға қол қойылып, бірнеше кездесу өткізілгеннен кейін өз тарапымыздан болашақ зауытты орналастыру үшін «Талдықорған» индустриялық аймағынан жер телімін дайындадық. Облыс басшылығы атынан қолданыстағы заңнама аясында инвестжобаға барынша қолдау көрсетілетінін айтқым келе­ді. Бұл жоба өңір экономикасына мультипликативті әсер беріп қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді», деді Ә.Қанағатов.

«ME Elecmetal» компаниясының бас директоры Эухенио Артеага атап өткендей, Жетісу облысы стратегиялық тұрғыдан қолайлы географиялық жерде орналасқан, қажетті логистика мен энергетика саласындағы ресурстарға бай, бұл дайын өнімді табысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Біздің жоба металлургия саласын дамытуға бағытталған. Өнім ішкі нарықта да, Орталық Азия елдеріне де экспортқа жіберілетін болады. Барлық ұйымдастыру мәселесі шешілгеннен кейін келер жылдың наурыз айында болашақ зауыттың іргетасын қалауды жоспарлап отырмыз», дейді компания директоры.

Компания өкілінің айтуынша, жобаны жүзеге асыру кезінде заманауи экологиялық стандарттар сақталады. Яғни өндірістік қалдықтарды азайтуға әрі энергияны үнемді пайдалануға ерекше назар аударылады.

Жалпы, өңірде ғана емес, ел көлемінде тегістегіш болат шарға сұраныс жыл сайын артып отыр. Бұл өнім негізінен тау-кен өндірісінде кенді ұнтақтау кезінде қолданылады. Қазақстандағы мыс, алтын және өзге де пайдалы қазбаларды өндіруші ірі компаниялар осындай өнімнің басты тұтынушысы болып саналады. Сала маманы, металлургия инженері Бекжан Сәрсеновтің айтуынша, бұл зауыт өңір экономикасы үшін үлкен серпіліс әкелуге тиіс.

«Қазір елімізде болат шардың басым бөлігі шетелден әкелінеді. Жетісудағы зауыт іске қосылса, импортқа тәуел­ділік айтарлықтай азаяды. Бұл – экономикалық қана емес, стратегиялық тұрғыдан да маңызды қадам», дейді ол.

Талдықорғандағы жаңа зауыттың ашылуы – өңір тұрғындары үшін де қуанышты жаңалық. Жергілікті жас мамандар металлургия саласындағы жаңа технологияларды игеру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар өндіріс орны қосалқы қызметтерді қажет ететіндіктен, көлік-логистика, энергетика, сервис салаларына да жанама әсері тиеді.

 

Жетісу облысы