Қоғам • 27 Қараша, 2025

«Дарын» мемлекеттік сыйлығы табысталды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Астана қаласында мәде­ниет, ғылым, медиа және спорт саласында жоғары жетіс­тіктерге жеткен талантты жастарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. Лауреаттарды мара­паттау салтанатына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

«Дарын» мемлекеттік сыйлығы табысталды

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Биылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жоғары жетістіктерге жеткен 20 жас дарынға берілді. Олардың қа­­тарын­да халықаралық және республи­ка­­лық конкурстар, фестивальдар мен көр­ме­лердің лауреаттары, республика­лық және халықаралық деңгейдегі спорт жарыс­­тарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жастар бар.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөзінде жас­тар саясаты саласында жыл санап жаңа буын­ды қолдауға бағытталған шаралар мен жобалар артып келе жатқанын, Президент бастамасымен жоғары білімнің қолжетімділігі артып, жас ғалымдарды қолдауға арналған грант бағдарлама­лары көбейгенін, еңбек нарығында жас мамандардың мүмкіндіктерін арттыратын жаңа жобалар іске қосылғанын, креативті индустрия, цифрлық экономика, кәсіпкерлік саласында жастарға жол ашатын бастамалар да мемлекет тарапынан қолдау тауып отырғанын тілге тиек етті.

л

«Мемлекет басшысы әрдайым өз сөздерінде жастарға қолдау білдіріп, үлкен сенім артып келеді. Президенттің әр Жолдауы, қолға алған реформалары мен бастамалары – жастардың болашағы мен игілігі үшін жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің нақты көрінісі. Бұл реформалардың өзегі – әділдік, заң мен тәртіп, ашықтық пен жауапкершілік секілді құндылықтарға негізделген. Әсіресе «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамалары мен жаппай волонтерлік акцияларды жастардың зор жауапкершілікпен және үлкен ынтамен қолдап келе жатқаны қуантады. Бұл ауқымды бастамалардың барлығы – жаңа идеологияның маңызды бөлігі. Ал осы идеологияны жүзеге асыратын да, оны алға жетелейтін де – өздеріңіз»,  деді министр.

Лауреаттар «Ғылым», «Эстрада», «Класси­калық музыка», «Халық шығарма­шылығы», «Спорт», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Қоғамдық қызмет», «Театр және кино», «Әдебиет» аталымдары бойынша анықталды.

2025 жылғы жеңімпаздардың қатарында танымал отандық әнші Еңлік Құрарбек (Yenlik), «Славян базары-2024» халықаралық вокалдық байқауының бас жүлдегері Ерназар Жұбан, «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев бар.

л

«Дарын» мемлекеттік жастар сый­лығы жыл сайын талантты жастар­ды елдік деңгейде қолдау мақ­сатын­­да беріледі. Сыйлық ғылы­ми, шы­ғар­машылық, қоғамдық қызметтегі жетістіктер мен спорттық нәтижелерді ынталандыруды көздейді.

30 жылдан астам уақыт ішінде бұл сыйлықты 360-тан аса жас талант иеленген. Соның ішінде Нұрлан Өнербаев, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Илья Ильин, Ольга Шишигина, Денис Тен, Қыдырәлі Болманов, «МузАРТ», «Бәйтерек» тобы, Серік Ибрагимов, Әли Оқапов, Қайрат Нұртас, Димаш Құдайберген және тағы басқа көптеген өнерпаз бен спортшы бар.