Қоғам • Бүгін, 12:58

Ерлан Қарин: Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин елімізде тұңғыш рет қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлықты тарихи маңызы бар қадам ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда бұған дейін ішкі саясаттың идеологиялық бағытын, мақсат-міндетін және ұйымдастырушылық аясын толық қамтитын біртұтас құжат болған емес, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ерлан Қарин: Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі

Фото: Ақорда

Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, тұжырымдаманы әзірлеу идеясы біраз уақыт бойы талқыланып келген. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда сарапшылар мен қоғам қайраткерлері осы мәселеге назар аударып, Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшім­баев, Марат Шибұтов және басқалар құжатты әзірлеу уақыт талабы екенін атап өткен.

Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдап, мәселені терең зерделеуді тапсырған болатын. Нәтижесінде белгілі сарапшылар, Ұлттық құрылтай мүшелері мен ғылыми қауым өкілдері жарты жылдан астам уақыт бірігіп еңбек етті. Әсіресе Еркін Әбіл, Ерлан Саиров, Айгүл Сәдуақасова, Берік Әбдіғалиұлы, Талғат Қалиев, Қарлығаш Жаманқұлова, Рауан Кенжеханұлы, Нұрбек Матжани, Александр Данилов, Ғазиз Әбішев бастаған азаматтар үлкен еңбек сіңірген.

«Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қағидаттардың, жалпыұлт­тық құндылықтардың, ішкі саясаттың бас­ты бағыттары жүйеленді. Тұжырымдама жүргізіліп отырған қазіргі саясатты біртұтас дүниеге айналдырды. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланған материалдар оның қоғамда оң қабылданғанын көрсетіп отыр. Кейінгі жылдары елімізде ауқымды сая­си реформалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік ап­па­ратқа жаңа адамдар келе бастады. Мәсе­лен, ауылдық округтердің әкімдері сайлануда. «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы іске қосылды. Жүйеде буын ал­масу үдерісі үздіксіз жүріп жатыр. Сон­дық­тан ішкі саясат тұжырымдамасы мем­лекеттік қызмет жүйесіне өзге салалардан келген басшылардың жаңа буынына көмекші құрал ретінде пайдалы болмақ», деді Мемлекеттік кеңесші.

Құжатта еліміздің жалпыұлттық нышандары да бекітілген.

«Мәселен, шаңырақ – ұлт­тық бірліктің, домбыра – ұлттық музы­калық аспаптың, Абайдың «Қара сөз­дері»  ұлттық кітаптың нышаны болып айқындалды. Бұл нышандар елімізге тән ерекшеліктерді тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді», деді Ерлан Қарин.

Сыншылардың кейбірі «бұл құжатта жаңа идеология неге жоқ?» деп сынға алғанымен, Ерлан Қарин мұндай мақсат әу бастан көзделмегенін айтты.

«Оның үстіне біздегі саяси плюрализм, пікір алуандығы жағдайында бұл мүмкін емес. Құжаттың мәні – азаматтарымыз ұстанатын жалпыға ортақ қарапайым нормалар мен құндылықтарды бекіту. Яғни қоғамдық құрылым күрделенген сайын әртүрлі көзқарастағы, әртүрлі ұстанымдағы адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтарды айқындау», деді ол.

Ең маңызды тұстардың бірі – тұжырымдамамен бірге қомақты бюджет немесе ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілмеген. Қариннің сөзінше, қазіргі ұстаным – артық шығынсыз, формализмге жол бермей, ішкі саясаттың институционалдық негізін күшейту. Осы мақсатта қазірден бастап қоғамдық наградалар жүйесі, мектептегі тәрбие бағыты, еңбекқорлық пен жасампаздыққа негізделген құндылықтарды біріздендіру жұмыстары басталып кеткен.

«Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі. Тәуелсіздік алғалы елімізде әр кезеңде ішкі саясаттың басымдықтарына орай түрлі құжаттар, бағдарламалар қабылданды. Бірақ бұл құжаттарда саланың қағидаттары мен құндылықтары, мақсаттары мен бағыттары біртұтас жүйе ретінде көрсетілмеген еді. Керісінше кейде бір-біріне қайшы келетін нормалар кездесетін. Енді, міне, мемлекеттік деңгейде алғаш рет ішкі саясат ұғымы, оның мақсаттары мен міндеттері, бағыттары жүйелі түрде нақты айқындалып, бекітіліп отыр», деп түйіндейді  Ерлан Қарин.