Вице-министрдің сөзінше, қазір Денсаулық сақтау министрлігі Үкіметпен бірлесіп тиісті есеп-қисапты жүргізіп жатыр.
2020-2023 жылдары дәрігерлердің жалақысы – 30 пайызға, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы – 20 пайызға артқан. Ал 2024 жылы медицинаға тікелей қатысты емес қызметкерлерінің, оның ішінде жедел жәрдем жүргізушілерінің еңбекақысы 18 пайызға өскен.
Енді фельдшерлер мен жедел жәрдем жұмысына қатысты өзге де мамандардың жалақысын көтеру көзделіп отыр.
«Қазір фельдшердің ең төменгі жалақысы 180 000-190 000 теңге шамасында. Тәжірибесіне қарай бұл сома 260 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал жедел жәрдем жүргізушілері 160 000-180 000 теңге айналасында жалақы алады. Үкімет ұсынысымызды қолдаса келер жылдан бастап фельдшерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы көбейеді», деді Тимур Сұлтанғазиев.
Аталған мамандардың жалақысы қанша пайызға артатыны әлі нақтыланбаған. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі бұл мәселе Қаржы министрлігімен бірлесе талқыланып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, күні кеше Мәжілістің жалпы отырысында жедел жәрдем қызметкерлерін жаппай бейнетіркегішпен қамту мәселесі қолдау тапқан болатын.
Сондай-ақ дәрігерлердің өмірі мен құқықтарын қорғауға арналған жаңа нормалар ұсынылды.
Бұған дейін сала мамандарын қолдау аясында 8,5 – 10 млн аралығында әлеуметтік төлем берілетінін жазған болатынбыз.