фото:akorda.kz
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің мақаласында, қоғамда жаңа этика мен құндылықтарды орнықтыру құрғақ ұранмен емес, кезең-кезеңімен жүргізілетін жүйелі саясат арқылы жүзеге асатынын айтты.
«Қоғамда жаңа этика мен құндылықтар жүйесін орнықтыру – бір күнде атқарылатын шаруа емес, бұл кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жұмыс. Оған құрғақ ұран, жылтырақ идеологиямен қол жеткізу – бос әурешілік. Бұл жерде жалаң үгіт-насихат тиімсіз. Тіпті кері әсер етуі – ықтимал. Бұл біздің жолымыз емес. Біз жұмыстың өз ырғағымен, өз арнасымен жүргенін қалаймыз. Саяси пікір алуандығы және сөз бостандығы жағдайында ең дұрыс қадам да осы болмақ. Біз жүйелі мемлекеттік саясат арқылы адамдар арасында қоғамдық әдеп мәдениетін дамытуды көздеп отырмыз. Кейінгі уақытта жүргізіліп жатқан жұмысымыздың барлығы осыған саяды, дейді ол.
Ерлан Қарин жаңа саясаттың негізгі элементінің бірі ретінде «Заң және тәртіп» қағидаты айқындалғанын айтты. Бұл – жеке адам мен қоғамдық қауіпсіздіктің іргетасы.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Заң және тәртіп» мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты болып қала береді. Әлбетте, заңдылықты сақтау – мемлекеттің бірден-бір басты міндеті. Бірақ қоғамның қолдауынсыз бұл істе нақты нәтижеге қол жеткізу қиын. Сол үшін қоғамда қандай да бір құқық бұзушылыққа, агрессия мен зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастыру маңызды. Әрине, бұл бір күнде нәтиже бермейді. Дегенмен мемлекетіміз ұстанған «Заң және тәртіп» қағидаты қазірдің өзінде қоғамдағы оң өзгерістерге ықпал етіп отыр», дейді Мемлекеттік кеңесші.
Оның айтуынша, кейінгі бес жылда қылмыстық құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 80 пайызға қысқарды. Заңға бағыну мәдениетін орнықтыру қоғамды жаңа сапалық деңгейге көтереді.