Марапаттау рәсімінде үздік жұмыстар көрмесінің ашылуы өтіп, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен шығарған «Ауыл нақыштары» атты көркем фотоальбомы таныстырылды.
«Ауыл нақыштары» байқауы тек қана еліміздің дәстүрін сақтау мен насихаттауға арналған маңызды іс-шара ғана емес, сонымен қатар фотосурет өнерін ілгерілетуге арналған қуатты құрал. Жыл сайын байқауға қатысушылар саны артып, бізге ауылдық өмірдің сұлулығы мен ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік береді», дейді «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.
«Ауыл пейзаждары», «Еңбек адамының фотопортреті», «Фоторепортаж», «Ауылдағы бақытты балалық» атты аталымдарында өткен биылғы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 678 қатысушы қатысқан. Жалпы, 3366 фотосурет ұсынылған. Сондай-ақ «Көрермендер көзайымы» аталымында әлеуметтік желі қолданушылары ұнаған фотосуретті таңдай алды. Telegram чатында ұсынылған 10 үміткерден дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталды.
Байқау жеңімпаздары сертификаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталып, жалпы жүлде қоры 3 900 000 теңгені құрады.
Сонымен, фотобәйгенің қорытынды шешімімен, бас жүлде – Максат Шағырбаев (Шымкент), «Ауыл пейзаждары» аталымында 1-орын – Досжан Балабекұлы (Алматы) 2-орын – Мейірбек Тажкуранов (Батыс Қазақстан облысы) 3-орын – Ерлан Омаров (Астана), «Еңбек адамының фотопортреті» аталымында 1-орын – Ержан Нұрпеисов (Атырау облысы), 2-орын – Тлеубек Шаяхмет (Шығыс Қазақстан облысы), 3-орын – Қайсар Шерімов (Шымкент), «Фоторепортаж» аталымында 1-орын – Мейірбек Тажкуранов (Батыс Қазақстан облысы), 2-орын – Ерлан Омаров (Астана), 3-орын – Азамат Хусаинов (Алматы), «Ауылдағы бақытты балалық» аталымында Мират Қоржынбаев (Батыс Қазақстан облысы), «Көрермендер көзайымы» аталымында Маркс Қалқаманов (Атырау облысы) жүлделі болды.