Білім • Бүгін, 08:33

Оқушылардың ғылымға ынтасын арттырады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалардың ерте жас­тан ғылымға қызығушылығын арттыру, зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру мақсатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаевпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Оқушылардың ғылымға ынтасын арттырады

Меморандум аясында тараптар орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу үдерісіне ғылыми, иннова­циялық және цифрлық технологияларды, сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізу, STEM бағыттарын дамыту және жас ғалымдарға қолдау көрсету бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға келісті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына орай елімізде ғылымды дамытуға айрықша басымдық беріліп отыр. Бұл меморандум – болашақ зияткерлік әлеуетті қалыптастыру жолын­дағы нақты қадам. Бүгінде ерте жастан ғылымға баулу мақсатында білім ұйымдарында STEM-зертханалар, заманауи пәндік кабинеттер мен түрлі шеберханалар арқылы зерттеу инфрақұрылымы қалыптастырылады. Биыл мектеп оқушылары 80-ге жуық халықаралық және республи­калық ғылыми жобалар бай­қауына қатысты. Бұл болашақ ғалымдарды тәрбиелеу бағы­тындағы жұмыстарды сапалы жалғастырудың өзектілігін көрсетеді,– деді Ж. Сүлейменова.

Айта кетейік, жыл басынан бері халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда 1 564 оқушы 879 жүлде алса, оның ішінде 171 алтын, 312 күміс, 394 қола медаль иеленген. Сондай-ақ елімізде халықаралық беделді ғылыми жарыстарда жеңіске жеткен оқушылар мен олардың педагогтеріне бір реттік мемлекеттік сыйақы төлеу жүйесі енгізіліп жатыр. Бұған дейін мұндай ынталандыру халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлдегер болғандарға берілген еді.

 

Азамат ҚҰСАЙЫН