Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, биыл мақта дақылының аумағы 38 мың гектарға артып, 144,5 мың гектарға егілген. Мақта шаруашылықтарына, яғни 9 685 агроқұрылымға 4 бюджеттік бағдарлама бойынша 5,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл облыстың өсімдік шаруашылығына бөлінген қаржының 61%-ын құрайды.
Мемлекеттік қолдау мен атқарылған жұмыстың нәтижесінде, ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау қалыпты деңгейде жүргізіліп, биыл 428 мың тонна мақта жиналды.
Қыркүйек айынан бастап мақта зауыттарының ақ алтынды қабылдау науқанына дайындығы мен шаруалардың жай-күйін бағалап, түсіндірме жұмысын жүргізу бойынша қоғамдық ұйым белсенділерінен арнайы мобильді жұмыс тобы құрылып, 178 мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалар мен таразылар толық сертификаттаудан өткізілген. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі тарапынан инвесторлармен келіссөз жүргізіліп, мақта зауыттарынан шитті мақтаны сатып алу келісілді. Нәтижесінде, шитті мақтаның сапалық көрсеткіштеріне байланысты түпкілікті бағасы 250-270 мың теңге болды.

Өңірде мақта өндірісін өркендету және тоқыма кластерін дамыту бойынша Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Яғни мақта өсіруден бастап дайын мата шығаруға дейінгі толық өндірістік жүйе құру көзделген. Бұл орайда облыс әкімдігі арнайы сарапшылармен талдау жасапты. Суды көп тұтынатын мақтаны дәстүрлі әдіспен игеру есебінен гектарынан 25 центнер жиналады. Яғни өнімділік төмен. Биыл жаңа әдіспен мақта 52 мың гектар алқапта егіліп, өнімділік екі есеге артқан. Енді жаңа әдіспен заманауи технологияны қолдана отырып, мақта-тоқыма кластерін дамыту жоспарланып отыр. Осы мақсатта жалпы құны 201 млрд теңге болатын 5 жоба іске асырылып жатыр. Қуаттылығы жылына 229,5 мың тонна, 7000 жаңа жұмыс орны ашылады. Ауқымды жобалардың бірі – қытайлық «Lihua» компаниясымен бірлесіп, Түркістан қаласында мақта өңдеу кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба құны – 146,8 млрд теңге. Қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 млн метр мата, 7 млн дана жиынтық төсек бұйымын шығарады. 4 мың жұмыс орны құрылады. Жоба бойынша мақта өңдеуден дайын бұйым шығаратын толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді. Толық циклді тоқыма фабрикасында иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 8 фабриканы іске қосу жоспарланса, оның алғашқысы жыл соңына дейін іске қосылады. «Turkistan Textile» тоқыма кластері – өңір тарихындағы ірі жобалардың бірі. Жалпы құны 86,5 млрд теңгеге бағаланған өндіріс кешені толық қуатында жұмыс істегенде 2345 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Жоба толық өндірістік циклді қамтиды: элиталық сұрыпты мақта тұқымын жергілікті жерде өсіру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнімді экспортқа шығару. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптің арасындағы өзара байланысты күшейтіп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді. «Turkistan Textile» кластері іске қосылған соң жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жобаның бірінші кезеңі биыл іске қосылады. Қазір өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын.
Инвестициялық жобаның негізінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 32 мың гектарға жаңа технологиямен мақта дақылы егілген. Жобаның негізгі мақсаты – су үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесінде тұтынылатын су көлемін 50%-ға үнемдеп, өнімділікті 2-3 есеге арттыру. Мамандар жаңа әдіс қалыптасқан дәстүрлі мақта егу технологиясынан әлдеқайда тиімді екенін айтуда. Осы күнге дейін өңір диқандары 1 гектар мақта алқабынан 25 центнер өнім немесе 625 мың теңге пайда табатын болса, жаңа технологияны ендіру арқылы дәл сол 1 гектар алқаптан 60 центнерден астам немесе 2-3 есе көп өнім мен пайда табуға мүмкіндігі бар. Алқап маңында салынатын төрт зауыттың екеуін биыл іске қосу жоспарланған, қалған екі кластердің құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі. Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау – шаруаларға жаңа технологияны ендіру жолындағы қолдау әрі үлкен мүмкіндік. Осы жылға жоспарланған 27 мың гектардың орнына 59 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары ендіріліп, жоспар артығымен орындалды. Оның ішінде 54,6 мың гектарға тамшылатып суару, 4,4 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары енгізілді. Жалпы, облыстағы су үнемдеу жүйесі 114 мың гектар алқапты қамтиды. Нәтижесінде, 150 млн текше метрден астам ағын су көлемі үнемделді. Мәселен, мақта дақылының өнімділігі тамшылатып суару әдісімен екі есе артты, ал су тұтыну көлемі гектарына 5,2 мың текше метрден 2,6 мың текше метрге дейін азайды. Қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларымен жабдықталған алқаптардың көбеюі «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» бірлескен жобасы аясында жолға қойылып отыр. Былтырмен салыстырғанда дәстүрлі тәсілмен егілетін алқаптар 9 мың гектарға қысқарды. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қол жетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтитын 3 кәсіпорын іске қосылды. Бұдан бөлек, қуаттылығы 67 мың гектарды қамтитын 3 кәсіпорын жобасы іске асырылады.
Айта кетелік, өңірде мақта кластерін дамытуға инвестиция тарту жолдары жан-жақты қаралып жатыр. Облыс әкімдігінің ресми сапарларында бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Жалпы, биыл облысқа негізгі капиталға салынған инвестициялар көрсеткішін 1 трлн 427,1 млрд теңгеге жеткізу міндеті жүктелген. Тоғыз айдың қорытындысымен өңір капиталына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн 12,2 млрд теңгені құрады немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,9%-ға жоғары. Бұдан бөлек 2025 жылға 475 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды. Жалпы жыл басынан бері 92-ден астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран мен Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде, арнайы аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, мақта өңдеу, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем және өсімдік майын өндіру жобалары іске асырылады.
Түркістан облысы