Баяндамасының әлқиссасын облыс әкімі экономиканың негізгі бағыттарындағы өсімнің тұрақтылығынан бастады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін өсіп, 10-орыннан 5-орынға көтерілді. 2024 жылдың қорытындысында облыстың республикадағы ішкі жалпы өнімдегі үлесі 4,4%-ға артса, биылғы алты айда 4,8%-ға жетті. Өңір басшысы ірі өнеркәсіптік өндірісі мығым облыстардан озып, шикізаттық емес экономикаға арқа сүйеумен де өрлеудің драйверіне айналғанына тоқталды.
«Биылғы 10 айдың қорытындысында қысқамерзімді экономикалық индикатор 109,7%-ға жетті. Барлық негізгі салаларда оң үрдіс жалғасып жатыр. Өнеркәсіп саласы айрықша өсім көрсетіп, өндіріс көлемі 108,7%-ға артып, 2,1 трлн теңгеге жетті. Жалпы өнеркәсіп өндірісінің 90%-ы өңдеу секторының үлесіне тиесілі. Осылайша, аграрлық бағытпен ғана шектелмей, инновациялық технологиялар мен өңдеу өндірісін дамытатын жетекші өңір атандық. Өңірлік өнімнің үштен бірі өнеркәсіпке тиесілі болғандықтан, бұл сала инвестиция тартудың негізгі көзі. 2022 жылы тартылған инвестиция мөлшері 614 млрд теңге болса, былтыр 1 трлн теңгеден асты. Жыл соңына дейін 1,3 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр», деген өңір басшысы іске қосылған ірі жобаларды да атады. Оның ішінде «Focus Logistics» ірі логистикалық паркі (70 млрд теңге), «Алтын таға» бетон өнімдері зауыты (35 млрд теңге), «LC Waikiki» көтерме-сауда орталығы (30 млрд теңге), «Шин-лайн» балмұздақ фабрикасы (18 млрд теңге), «Қапшағай Бидай Өнімдері» дәнді және майлы дақылдарды терең өңдейтін агрокешені (12 млрд теңге), «КегенМясПром» ет комбинаты (3,5 млрд теңге) бар. Биылғы желтоқсанның соңына дейін А классындағы «MP Solution» (80 млрд теңге), «Kusto Logistics» (28 млрд теңге), «Еуразиялық логистикалық парк» (22 млрд теңге), «Imagine Apple Logistics» (16 млрд теңге) ірі логистикалық кешендері пайдалануға берілетінін жеткізді.
Өңірге инвесторларды қызықтырудың тиімді бағыты – индустриялық аймақтарды құру. Былтыр ашылған «Қайрат» индустриалдық аймағында 47 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылса, 66 млрд теңгеге 19 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осындай оң тәжірибені жалғастырып, тағы 15 индустриалдық аймақ ашуды көздейтінін айтты.
Ауыл шаруашылығын дамыту – облыстың басым бағыттарының бірі деген М.Сұлтанғазиев аграрлық саланың жалпы өнім көлемі 682,3 млрд теңгеге жетіп, өңірлік өнімнің 7%-ын қамтығанын жеткізді. Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау ісі де жолға қойылған, Сауд Арабиясы, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріне жөнелтілетін тауардың көлемі жылдан-жылға артып келеді. Облыс ауыл шаруашылығына алатын субсидиясының сомасы жөнінен 8-орында тұрғанымен (38,2 млрд теңге), өнім өндіруде 5-орында екен. Мемлекеттік қолдау аясында алған 1 теңгеге 17 теңгенің өнімін шығарып, республикада Түркістан облысымен иықтаса 1-орында тұрғанын мақтанышпен айтты.
Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы су ресурстарын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – 9 мың шақырым ирригация желілерінің 60%-ы тозып, су шығыны 50%-ға жеткен. Түйткілді мәселені шешуге келешекте Ислам Даму Банкінен 255 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр. Нәтижесінде, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарында суару желілері жаңғыртылып, 111 мың гектар жер ел игілігіне айналады. Су үнемдеу технологияларын қолдануды ынталандыру мақсатында облыстық бюджеттен жыл сайын 1 млрд теңге көлемінде субсидия бөлініп, 3 жыл ішінде осы технологияны қолданатын жер көлемі 20 мың гектардан 65 мың гектарға ұлғайған.
«2022–2025 жылдар аралығында 528 мың гектар пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 340 мың гектары ынталы азаматтарға берілді. Жеке қосалқы шаруашылықтар мен кооперативтерді дамытуға, тұрғындарды кәсіпкерлікке баулу бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 11 млрд теңгеге 1 373 шағын несие берілді. Ауыл халқының орташа табысы 22,7%-ға артып, 311,4 мың теңгеге жетті. Өсім қарқыны жоғары құрылыс саласы биылғы 10 айда 21%-ға өсіп, 948 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2024 жылы 1 281 отбасы баспанамен қамтылса, биыл әлеуметтік осал топтағы 2 236 отбасына пәтер беріледі. 30 жылда Үкімет тарапынан ешқандай үй салынбаған шалғай аудандарда, оның ішінде Нарынқол, Қайнар, Кеген, Үлкен Ақсу, Бақанас ауылдарында мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа үйлер салынып, тұрғындар сатып алып жатыр. Мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдар мен спорт саласы өкілдеріне арналған «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына 3,1 млрд теңге бөлініп, 120-дан астам азамат баспана кілтін биыл алады. Былтыр 55 отбасы үйлі болды», деді М.Елеусізұлы.
Сумен жабдықтау жүйелерінің 570 шақырымы қайта жаңартылады. Нәтижесінде, ауызсумен қамту деңгейі едәуір жақсармақ. Облыс тұрғындарын ауызсумен қамту 93,6% болса, биылғы жоспар жыл соңына дейін толықтай орындалғанда 99,6%-ға жетпек. Газ тарту жұмысы да қарқын алып келеді деген өңір басшысы 1,2 млн-нан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтамасыз етілетінін, электр желілеріне бөлінген қаражат есебінен тозу көрсеткіші 72%-дан 66%-ға төмендегенін айтты. 2000 жылдардан бері жөндеу көрмеген автомобиль жолдарының шұрық-тесігі бүтінделіп, «Қапшағай – Бақанас – Қарой», «Нарынқол – Сүмбе», «Қарқара – Ереуіл», «Есік – Саймасай», «Алматы-1 Шамалған – Ұзынағаш», «Алмалыбақ – Жетісу» бағытындағы автомобиль жолдарына жаңа асфальт жамылғысы төселген.
Өңірге келген туристер саны 2,2 млн адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 36%-ға артқан. «Қапшағай су қоймасы Қонаев қаласының негізгі демалыс орталығына айналып, жазғы маусымда 2 миллионға жуық адам тыныққан. 83,2 млрд. теңге қаржы жұмсалып, Ақтас үстіртіндегі
«Oi-Qaragai» тау-шаңғы курортын кеңейту жобасы жүзеге асырылды. Тау шаңғы курорты жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істеп, 600 мыңға жуық туристке қызмет көрсетіп отыр. Қапшағай көлі жағалауында құны 11 млрд теңге болатын ASP-Arena көпфункционалды туристік кешен, халықаралық деңгейдегі спорт аренасы, 4 мың орындық стадион іске қосылды. Бұл жерде Орталық Азиядағы ең үлкен мұз айдыны қонақтарды қабылдауға дайын. Қайыңды көліне баратын 9 км жолға күрделі жөндеу басталды. Бұл бағытқа келген туристер саны 1,6 есе өсіп, 600 мың адамға жетті», деді.
Үш жылда барлық салада 176 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үш есеге төмендеп, 57,4 мыңнан 18,9 мыңға дейін қысқарған. 2022 жылдан бері 45 жаңа мектеп пен 6 жапсаржай салынды, сондай-ақ 55 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде инвесторлар есебінен – 11, «Келешек мектептері» жобасымен салынған 20 білім ошағы бар. Жыл соңына дейін тағы 6 мектеп ашылып, 20 мектепте күрделі жөндеу жүргізіледі. Облыста үш ауысымда білім беретін мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін қысқарғанын айтқан М.Сұлтанғазиев әлі де қажет мектеп салу ісін отандық һәм шетелдік инвесторларды қолдаса деген бұйымтайын да іркіп қалмады. Мәдениет пен спорт нысандары да пайдалануға беріліп, 7 мәдениет үйі, 6 спорт кешені, мемлекеттік архив және өнер мектебі салынды. Денсаулық сақтау саласына тиесілі 356 нысан бар, олардың тозу деңгейі 54%. 2022–2025 жылдар аралығында 55 нысанның құрылысы аяқталып, 6 млрд теңгеге 153 бірлік медициналық жабдық сатып алынған. Облыс әкімі өңірдің цифрлық экожүйесін дамытудың тағы бір басым бағыты – интернет инфрақұрылымын кеңейту екенін айтып, 368 ауылдың 350-іне, яғни 95%-ына кең жолақты интернет желісі тартылғанын жеткізді.
Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған М.Елеусізұлы журналистер сауалына ретімен жауап берді. Өз тарапымыздан алты ай қыстың құрсауында таулы өңірде тіршілік ететін Райымбек, Кеген аудандарына қашан газ жететінін сұрадық. Әзірге ақжолтай жаңалықтың ауылы алыс секілді. Облыс әкімі шекаралық аудандарға үш тау асырып газ тарту ауқымды жоба екенін айтты. Десе де туризм саласын өркендетуге қолайлы аудандарға көгілдір отын тартылса, үдере көшуге тоқтам болып, жұмыс орындарының ашылуына да септігі тиетінін де жеткізді.