Сурет: primeminister.kz
Еуропалық одақтың ұйымдастыруымен өткен іс-шараға еуропалық комиссарлар, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан үкіметтері басшыларының орынбасарлары, Түрікменстан Қаржы және экономика министрлігінің басшылығы қатысты.
«Еуропалық одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы – Еуроодақ пен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл, сауда, инвестициялар мен тұрақты даму мәселелерін талқылау жөнінде маңызды алаң. Форум аясында экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік пен энергетикалық байланысты дамыту, орнықты жеткізу тізбектерін нығайту, сондай-ақ цифрландыру үдерістерін ілгерілету мәселелері талқыланды.
Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан мен Еуропалық Одақ экономикалық байланыстарды кеңейту бойынша тұрақты серпінді сақтап отырғанын айтты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЕО-мен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін әрі Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы конструктивті диалогті жоғары бағалайтынын атап өтті.
Ел делегациясының басшысы өңірдегі жан-жақты экономикалық кооперацияны дамытудың, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығына назар аударып, ұлттық экономиканың құрылымдық трансформациясына бағытталған реформалар туралы баяндады.
Ғалымжан Қойшыбаев ел Үкіметінің Орталық Азия елдері мен Еуропалық одақпен ұзақмерзімді серіктестік құруға, орнықты ортақ дамуды қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.
Форум аясында Халықаралық серіктестік жөніндегі еуропалық комиссар Йозеф Сикеламен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕО арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатына назар аударып, экономика саласындағы басым бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мен ЕО-ның «Global Gateway» бастамасы аясындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлді. Аталған бастама Қазақстан мен бүкіл өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Кездесу қорытындысында тараптар стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге, орнықты экономикалық байланыстарды дамыту мен жаңа инвестициялық әрі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға келісті.