Қоғам • Бүгін, 13:30

80 мыңға жуық шетел азаматы Қазақстанда емделген

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде медициналық туризмнің дамуына ықпал ететін «GlobalMedKz» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Оған отандық және шетелдегі бірнеше медициналық ұйымдар, салада тәжірибесі бар жетекші компаниялар қатысты. Көрмеде бұрын-соңды жиі қолданылмаған инновациялық, IT шешімдер ұсынылды, деп жазады Egemen.kz.

80 мыңға жуық шетел азаматы Қазақстанда емделген

Қазақстан медициналық туризмнің даму қарқыны бойынша Орта Азияда көшбасшы саналады. Бұны біз емес, Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривец айтты. Нақты санға тоқталсақ, бүгінге дейін 80 мыңға жуық шетел азаматы біздің елде емделген. Оның ішінде Еуропадан келетіндер кейінгі 5 жылдың шамасында көбейген. Демек, елдегі медициналық көмектің бағасы мен сапасы шетелдіктердің де көңілінен шығып жатыр деген сөз. Көрме аясында өткен конференцияда медициналық туризмді дамытуға мүдделі тараптар бас қосты.

Көрменің ашылуында Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова медициналық туризмнің ел медицинасындағы орны туралы айтты.

«Мемлекет басшысы Жолдауда туризмді кешенді дамытуға басымдық беру керегін алға тартты. Бұл ретте медициналық туризмді де дамытуға жаңа көзқарас қажет екенін айтқым келеді. Елімізде қазір халықаралық JCI аккредитациясы бар 8 жетекші клиника жұмыс істейді. Олар шетелдік емделушілерге медициналық көмек ұсынады. Оның ішінде кардиохирургия, трансплантология, онкология, нейрохирургия және басқалары бар. Қарашада Ұлттық ғылыми онкология орталығында протонды терапия бөлімі ашылды. Мұндай бөлім бізде ғана емес, Орталық Азияда жалғыз. Медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында науқастарға жайлы жағдай жасауға мықтап көңіл бөлініп жатыр. Цифрлық шешімдерге, инновциялық технологияларға басымдық беріліп келеді. Мұның барлығы медициналық туризмнің әлеуетін арттыруға септеседі».

медицина

Іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривец бастаған ұжым қонақтарға табыс тілеп, туризмнің осы бағытын бірге дамытуға шақырды.

«Көрмеге 16 елден медициналық туризм бағытында өзіндік орны бар ұжымдар келді. Олардың тәжірибесі, тың ізденістері біздің медицинаға да қажет. Конференцияда медицинадағы инновациялық шешімдер, медицинадағы IT бағыттар да қамтылады. Байқағанымыз, қазір бізге шетелдік туристер кардиохирургия, нейрохирургия және репродуктивті медицина үшін көбірек келеді. Оларды қызықтыратыны біздегі баға мен сапа. Көрмеге 40-тан астам сарапшы келіп отыр. Онкология, нейрохирургия, репродуктивті медицина, стомотология тағысын-тағы салалар бойынша сарапшылар бар. Олар көрме аясында азаматтарға тегін кеңес береді. Сол секілді дәрігерлер үшін шеберлік сағаты, дөңгелек үстел өтеді», дейді Кристина Кривец.

Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашевтың айтуынша, бүгінде әлемдік медициналық туризм нарығының көлемі шамамен 85 млрд долларды құрайды. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 230 млрд доллардан асуы әбден мүмкін. Саладағы серпіліс елімізде 2022 жылдан бері еселеніп өскені байқалады.

«Мысалы, Астанада шетелдік емделушілер саны 2022 жылы 561 болса, 2024 жылы 4 500-ге жеткен. Бұл ел медицинасының сапасына сенімділікті көрсетеді. Сала мамандары осы бағытта күш біріктіруге дайын екенін аңғартып отыр. Туризм және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі екіжақты ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл құжат медициналық туризмді дамытуда күш біріктіруге және елдің халықаралық тартымдылығын арттыруға бағытталған қадам», дейді Айдын Қапашев.

Қорыта келе, көрме аясында жетекші сарапшылар, медициналық ұйымдардың өкілдері, зерттеу институттарынан бөлек, әлемнің түкпір-түкпірінен туристік компаниялар бас қосқанын айта кеткеніміз дұрыс болар. Осыған қоса, Астанаға Израиль, Германия, Кипр мен Түркиядан білікті дәрігерлер арнайы келді. Қонақтар екі күн бойы инновациялық технологияларын таныстырып, медициналық туризмді дамытуға қатысты сауалдарды саралайды.