Руханият • Кеше

Әншінің сыр сандығы ашылды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Үлкен залы сахнасында дәстүрлі әнші, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі, профессор Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Сыр сандық» атты салтанатты кеш өтті, деп жазады Egemen.kz

Әншінің сыр сандығы ашылды

Бұл күн өнер сүйер қауым үшін айрықша маңызға ие. Өйткені сахна төрінде Қайрат Әукенұлының жарқын шығармашылық жолын жалғаған таланттар бас қосып, ұлттық өнердің жаңа тынысын, жаңарған үні мен мәңгілік сәнін паш етті. Кешке қатысушылар өнер иесінің әншілік мектебі мен ұстаздық жолына деген құрметін өнер арқылы өрнектеп, рухани сабақтастықтың маңызын айқын көрсетті.

Қайрат Байбосынов – сирек дауыс иесі, ұлттық ән өнеріндегі дара стильдің, шынайы сахналық мәдениеттің, терең болмысты орындаушылықтың символы. Оның орындауындағы «Балқадиша», «Қызыл асық», «Ағаш аяқ», «Тау ішінде», «Көк ала тай» сынды дәстүрлі классикалық туындылар талай буынның жүрегіне жол тауып, ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілігін оятты. Ұстаздық жолында қаншама шәкірт тәрбиелеп, өнерді кемелдендіруге қосқан еңбегі де ұшан-теңіз. Бүгінде әншінің шәкірттері елдің түкпір-түкпірінде ғана емес, шетел сахналарында да қазақ ән өнерін кеңінен насихаттап жүр.

«Сыр сандық» кешінің бағдарламасы мазмұн байлығы мен көркемдік келісіміне сай ерекше дайындалған. Күйші-композитор Ахат Байбосынов өз шығармаларымен көрерменге қазақ күйлерінің терең философиясын сезіндірсе, дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің ұстаздары мен ұлттық өнердің қоңыр сазын, нәзік иірімдерін паш етті. Студенттік халық аспаптар оркестрі (дирижеры – Дәурен Ғылымов) оркестрлік орындаудың жаңа тынысын сездіріп, домбыра мен қобыздың, сыбызғы мен шертердің үнін шебер үйлестірді. Ал Күләш Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ аралас хоры (хормейстер – Ольга Кряжевских) кешке салтанат беріп, көп дауысты орындаудың ұлттық бояуын сәтті ашты. Халықаралық байқаулардың лауреаты, «Вокалдық өнер» кафедрасының магистранты Айгерім Темірбекованың өнері де көрерменге ерекше әсер сыйлағаны сөзсіз. Жас таланттың орындауындағы вокалдық туындылар сахна көркін кеңейтіп, кештің эмоциялық тынысын тамаша түйіндеді.

«Сыр сандық» – дәстүрлі әншінің тек мерейтойлық кеші ғана емес, ұлттық өнердің шежіресін парақтап, дәстүр сабақтастығын сезіндірген, қазақ музыкасының биік рухын дәріптеген мәдени оқиға болғаны анық. Бұл концерт өнерпаздар мен көрермен арасындағы рухани байланысты тереңдетіп, өнердің мәңгілік құдіретін айқындай түсті. Тоқетерін түйгенде, айтулы ән кеші қазақтың дәстүрлі ән өнерін жаңа биікке көтерген, ұлттық вокал мектебінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан майталман өнерпаздың шығармашылық жолына жасалған шынайы тағзым болды десек, артық айтқандығымыз емес.