Бүгін «Президентке хаттар» Telegram арнасында танымал журналист Гүлнар Бажкенованың пәтерінде, сондай-ақ Orda порталының редакциясында тінту өтіп жатқаны белгілі болды.
«Бажкеноваға қатысты Алматыдағы бизнес-орталықтың иесі мен өңірлік балық инспекциясының қызметкері тарапынан жалған ақпарат тарату бойынша бірнеше арыз түсті», делінген хабарламада.
Бажкеноваға қатысты бірнеше мәрте және әдейі жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Тергеу барысында арызданушылардың уәждері мұқият тексеріліп жатыр. Алдын ала дерек бойынша, 2024 жылғы жарияланымдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алған кезде ұсталғаны туралы жалған ақпарат әдейі таратылған. Алайда бұл дерек шындыққа жанаспайтыны нақты анықталды. Осылайша, Б. тарапынан аталған жарияланымдағы қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келіп, қоғамда оның жұмысына қатысты жалған түсінік қалыптасқан.
Тағы бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты залалдың мөлшері мен себептері туралы бұрмаланған әрі шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат берілген, бұл қоғамды жаңылыстырып, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай нұқсан келтірген», деп жауап берді полиция.
Сондай-ақ өткен жылдардағы басқа да материалдарға қатысты жәбірленушілердің арыздары бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оларда да жалған немесе қоғамды адастыратын мәліметтер болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, Полиция департаменті тінту жүргізілгенін растап, Бажкенованың үйінен, сондай-ақ Orda редакциясынан құрылғылар тәркіленгенін хабарлады.
«Азаматша Б.-ның тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр. Жарияланған жалған ақпараттың дайындалуы мен таралуының мән-жайын анықтау, сондай-ақ олардың қайдан шыққанын тексеру үшін электрондық құрылғылар мен материалдар алынды. Тергеу жалғасады. Істің барлық мән-жайы заң аясында анықталады», деп қосты ведомство.
Айта кетейік, әзірге Orda редакциясы да, Гүлнар Бажкенова да ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Басылым сайтында Гүлшат Бажкенова (журналистің шын есімі) Orda-ның негізін қалаушысы, құрылтайшысы және бас редакторы екені көрсетілген. Сондай-ақ ол 2020 жылы тіркелген «OrdaMedia.kz» ЖШС директоры.