Фото: Ашық дереккөз
Қарыз алушыға қосымша уақыт берілді
Бұған дейін онлайн-қарыздар бірер минутта рәсімделіп, адамдар көбіне ойланып үлгермей несие алып қоятын. Жаңа тетік дәл осы тәуекелді азайтуға бағытталған. «Шешім қабылдау кезеңі» күмәнданған немесе қысым көрген азаматқа ойлануға мүмкіндік береді. Қарыз алушылар осы уақыт ішінде ұсынысты қайта зерделеп, қажет деп санамаса, несие рәсімдеуден бас тарта алады.
«Шешім қабылдау кезеңінің» мерзімі қарыз көлеміне байланысты белгіленген:
- 150-255 АЕК аралығындағы қарыздар үшін – кемінде 8 сағат;
- 255 АЕК-тен жоғары қарыздар мен 75 АЕК-тен асатын онлайн-микрокредиттер үшін – кемінде 24 сағат.
- Осы уақыт аяқталған соң ғана қарыз алушы eGov порталы арқылы немесе кредиторға хабарлау тәсілдерімен өзінің ниетін қайта растауы қажет. Егер растамаса, шарт күшін жояды және ақша аударылмайды.
Жаңа тәртіп тек онлайн кепілсіз тұтынушылық қарыздарға қатысты
Ол тауарлық кредиттерге, 150 АЕК-тен аспайтын кредиттік карталарға және сол ұйым ішіндегі қайта қаржыландыруға қолданылмайды. Егер қарыз алушы бір күнде бірнеше онлайн-қарыз рәсімдеп, жалпы сомасы шекті межеден асып кетсе, күту кезеңі міндетті түрде енгізіледі. Ал, шұғыл ақша керек болса, банк немесе МҚҰ кеңсесіне барып рәсімдеу мүмкіндігі бар. Бұл ретте өтінімдерге талап қойылмайды.
Несие нарығына қалай әсер етеді?
Жаңа талап азаматтарды алаяқтықтан қорғауға, асығыс шешімдердің алдын алуға және қаржылық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Сонымен бірге банктер енді төлем калькуляторларын ашық орналастырып, қарыз толық өтелген соң берешектің жоқ екенін растайтын анықтама беруге міндеттеледі. Онлайн-қарыздар бұрынғыдай «жедел» берілмейтіндіктен, импульсивті өтінімдер азайып, жалпы несие көлемі біршама төмендеуі мүмкін. Ақша шотқа 8-24 сағаттан кейін түседі.