Спорт • Бүгін, 08:00

Бұйырғаны – күміс пен қос қола

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мысыр астанасы Каирде каратэден әлем чемпионаты өтті. Өкінішке қарай жарыс барысында Әнұранымыз шырқалмады. Ерлер мен әйелдер құрамасының өкілдері алтын медальсыз қайтты.

Бұйырғаны – күміс пен қос қола

Ұлттық құраманың үз­дігі Софья Беруль­цева (+68 кг) финалдық са­йыс­та сүрініп, күміс медальды қанағат тұтты. Соңғы сайыста Германия спортшысы Йоханна Колена Книрге есе жіберді.

– Әлем чемпионатының күміс медалі де аз табыс емес. Дегенмен Әнұранымызды шырқатқым келіп-ақ еді. 2017 жылы жастар арасында өткен әлем чемпио­натында топ жарғанда ересектер сапында да осы биігіме шығамын деп уәде еткен едім, бұйырғаны осы болды. Неміс қызымен тартыста қобалжып, асығып кеткендеймін. Әлем чемпионы атағының бұйырмауы әлі де шыңдала түсуді аңғартады. Әзірлікті күшейтіп, келесі жылы болатын додаларда барымды саламын, – деді талантты спортшы.

Еліміздің каратэ спортының тарихында С.Берульцева ең табысты спортшыларының көшін бастап тұр. 2016 жылы жас­тар арасында Азия чемпио­ны атанды, 2021 жылы Токио Олим­пиадасының қола медалін олжалады. 2022 жылы Дүниежүзілік ойындардың, сонымен қатар Ислам ынты­мақтастығы ойын­дарының жеңім­пазы болды. 2023 жылы жазғы Азия ойындарында топ жарды.

Каирдегі әлем чемпионатында Әсел Қанай қола жүлде иелен-ді. Кумитеден 61 кг салмақта сынға түскен отандасымыз топтық кезеңде тунистік Вафа Махжубты ығыстырып, екінші айналымда үндістандық Али Ханиды айқын басымдықпен жеңді. Үшінші жекпе-жегінде швейцариялық Нина Радженовичтен, одан кейін мысырлық Әли Нурсеннен басым түскен еді. Ширек финалда қытайлық Гонг Лиге есе жібе­ріп, қола жүлде үшін тартыста украиналық Олександра Шоло­хованы 3:2 есебімен ұтты.

Ерлер додасында Дидар Әмір­әлі (67 кг) қола медаль еншіледі. Отандасымыз Мұхаммед Өз­де­мир (Тунис), Өзер Өмір Аб­дурахим (Түркия), Уильямс Жоди (Оңтүстік Африка), Әли Ельсавиді (Мысыр) жеңді. Ширек финалдық сайыста марокколық Саид Убаяға есе жіберді. Қола медаль жолындағы сайыста чилилік қарсыласы Фрейре Фуэнтес Томас ереже бұзып, жарыстан шеттетілді де, жеңіс Дидарға берілді. Жерлесіміз екі жыл бұрын Мажарстанда өткен әлем чемпионатында да қола медаль иеленген болатын.