Таулы аймақ тұрғындары талай жылдардан бері медициналық мекеменің қажеттілігін сезініп келген еді. Биыл жұртшылық тілегі орындалып, жаңадан салынған медициналық пункт пайдалануға берілді.
Ауыл тұрғындарының қуанышын тасытқан іс-шараға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, мекеме басшылары, қоғамдық ұйым төрағалары, еңбек ардагерлері қатысып, ақжарма лебізін білдірді.
– Ауылымызда бұрын-соңды мұндай нысан болмаған. Бас ауырып, балтыр сыздаса Сатыға, одан әрі 150 шақырым жүріп, аудандағы орталық ауруханаға баратынбыз. Шағын да болса бүгінгі ашылған медициналық пункт тұрғындардың дер шағында алғашқы медициналық көмек алуына пайдасын тигізетін болады. Бұл өңірге жылдан жылға туристер де көптеп келіп жатыр. Сол себепті медициналық көмекті қажет ететін адамдар саны артпаса кемімейді, – деген зейнет жасындағы медбике Райгүл Құдайбергенова ауыл тұрғындарының атынан сәнді де сапалы ғимарат тұрғызған мердігер компания өкілдеріне алғысын білдірді.
Аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы да өз сөзінде медициналық пункттің ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.