ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:00

Бірлескен жобалар ел ырысын еселейді

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бүгінде дүние жүзінде инвестицияға тартыс күшейіп бара жатқанын айта келе, жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін атап көрсетті. Бұл орайда өңдеу саласына көбірек қаражат тарту міндет­телді. Сондай-ақ Президент инвес­тиция тартуға жергілікті билік те мүдделі болып, жұмыла жұмыс істеуді, әкімдердің өңірдегі инвес­­тициялық ахуалға тікелей жауап­кершілігін белгілеуді жүктеді.

Бірлескен жобалар ел ырысын еселейді

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Түркістанда өткен «Turkistan invest­ment and tourism forum – 2025» халық­аралық инвестициялық форумының түпкі мақсаты да Жолдауда жүктелген мін­деттерді жүзеге асыру болғаны анық. Шетелден 200 компания, еліміз­дің өңірлерінен 100-ден астам ірі ком­пания, жергілікті атқарушы билік ор­гандарының өкілдері қатысқан шара ба­рысында өңірдің қолөнер бұйымда­ры, туристік нысандары мен ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар облыста іске асып жатқан инвестициялық жобалар легі ұсынылды.

Өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, экономикасын әртараптандыру бағытында инвестиция тарту, шетелдік жетекші компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайту мен өндіріс орындарын көбейту мақсатындағы халықаралық форум аясында «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында пленарлық отырыс өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 165,5 млн доллар құрайтын 7 инвестициялық жоба іске қосылғанын айта келе, өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриялық аймақтар, дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар екенін атап өтті. Инвесторларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Сессия барысында жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда, құны 75,3 млрд теңгелік Қазақстан-Қытай индустриялық аймағын құру жөніндегі жобасы, джинс матасын өндіру, ілмек және мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жобасы, жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру бағытындағы инвестжоба мақұлданды.

Сауран ауданында 16 млрд теңгелік агроөнеркәсіптік жоба іске асырылады. Жоба аясында шетелдік «Xiang Hopi i Ma Aerial Machinery» компания­сымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Компания топырақ өңдеу, егін жинау, агроөндірістік үдерістерді автоматтандыруға арналған жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге маманданған.

форум

Сайрам ауданы мен ҚХР инвесторлары стратегиялық маңызы жоғары екі меморандумға қол қойды. Алғашқы келісім ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді. Құны 2,5 млрд теңге болатын жоба жергілікті 500 азаматты жұмыспен қамтымақ. Екінші меморандум «Qazaq Air Tecnology» ЖШС мен Қытайдың «Huankun Industrial Investment Limited» компаниясы арасында бекітілді. Жоба заманауи технология негізінде сапалы кірпіш өндіретін өндірісті іске қосуды қамтиды. Құны – 1 млрд теңге. Құрал-жабдықтар орнатылғаннан кейін зауыт ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш шығаратын болады. Өндірісте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Облыста аграрлық секторды цифр­ландыру арқылы өнімділікті жаңа дең­гейге көтеру бағытында ауыл ша­руашылығына арналған дрон өндірісі, бейнебақылау камералары мен опти­калық жабдықтар, кабель өнімдерін шығаратын зауыттарды ашу көзделіп отыр. Бұл жөнінде форум аясында өткен «Түркістанның дамуындағы цифрлық трансформация мен жасанды интеллект» тақырыбындағы панельдік сессияда айтылды. «Түркістан облысының тұрақты дамуына инвестициялар: өнеркәсіп­тен агроөнеркәсіп кешеніне дейін» тақырыбында өткен сессия отырысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қазіргі уақытта өңірде 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейтінін атап өтті.

– Кейінгі 6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 10,5 млрд долларды құрап отыр. Үкіметтің қолдауымен инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында ел көлемінде көш бастап тұрған өңірлердің бірі, – деді Н.Тұрашбеков.

Сондай-ақ отырыс барысында облыс­тың транзиттік әлеуеті, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенге инвес­тиция тарту мәселелері талқыланды. Шикізатты терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өнім өндіру бағытындағы жоспарлар да қарастырылды. Айта кетейік, биыл Түркістан облысының ауыл шаруашылығы капиталына 155,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы, өнім көлемі 1 трлн 207 млрд теңгеге жетті. Экспорт көлемі 355,5 млн долларды құрады. Өңірде ет кластерін дамыту бағытында 7 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен бірге ел көлемінде алғаш рет Түркістан облысында су үнемдеу технологиясымен күріш өсіру жобасы іске асты.

2025–2027 жылдар аралығында 78 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспорттайтын көпсалалы нысанның құрылысын жүргізіп жатыр.

Халықаралық инвестициялық форум аясында өткен «Мультитуризм – өңірдің тұрақты өсуінің драйвері» тақырыбындағы панельдік отырыс­та облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов биыл туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд теңгені құрағанын мәлім етті. Туризм саласын дамыту мақсатында 47 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өңірдегі тарихи орындарға биыл 911,2 мың адам саяхаттап келген. Арнайы орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп отыр. Облыста 251 орналастыру орындары мен 117 санаторийлік-курорттық ұйым жұмыс істейді. Халықаралық деңгейдегі спорттық сайыстар ұйымдастырып, туристерді тарту мақсатында заманауи нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Соның бірі – 500 спортшыға арналған «Ескек есу» каналы.

Шетелдік инвесторлармен кездесуде облыс әкімі Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85%-ы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тран­зит дәлізі арқылы өтетінін айтып өтті.

– Түркістан облысынан өтетін бұл дәліз әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар Қытайдағы Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы, Сианьдағы құрғақ порт сияқты бірлескен жобалар транзиттік әлеуетімізді одан әрі нығайта түседі. Қазіргі уақытта облыста инвесторларға дайын инфра­құры­лымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриялық аймақтар, дайын ғимарат­тарды жеңілдетілген шарттармен жалдау немесе сатып алу құқығымен берілетін шағын өнеркәсіптік парктер бар. Арнайы экономикалық аймақта да инвесторларға мүмкіндік мол. Маңызды жобаларды сүйемелдеп, толық қолдау көрсетуге да­йынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейту, – деді Н.Көшеров.

Айта кетейік, облыста 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжоба пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысында облыс капиталына 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Өңірге 2025 жылы 475 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн доллар құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды. Жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран, Өзбекстан елдеріне ресми сапар ұйымдастырылды.

 

Түркістан облысы