Саясат • Бүгін, 07:25

Бағаны тұрақтандыру жұмысының нәтижесі

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтан­дыру жөніндегі кезекті кеңесте азық-түлік бағасын ұстап тұруға бағытталған қолданыстағы әрі желтоқсан айына жоспарланған шаралар қаралды.

Бағаны тұрақтандыру жұмысының нәтижесі

Қарашаның алғашқы үш аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өскен жоқ. Желтоқсан – жыл сайын  тұтынушы­лық сұраныс артатын кезең. Жиынға қатысу­шылар супермаркеттер мен базар сөрелерінде сұранысы жоғары тауар­лардың жеткілікті болуы мен баға тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге қажетті шаралар кешенін талқылады.

Сауда және интеграция министрлігінің сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту туралы жобаны әзірледі. Тізім бағасы жиі құбылатын тауарлармен толықтырылды. Құжат – келісу сатысында. Жақын күндері бизнес қоғамдастықпен, «Атамекен» ҰКП-мен егжей-тегжей талқылаулар өткізіледі.

Өңірлерде ауыл шаруашылығы жәр­меңкелері жалғасын тауып жатыр. Биыл 5 мыңнан аса жәрмеңке өтті, олар демалыс сайын ұйымдастырылып отырды. Желтоқсан айында сауда желілерімен бірлесіп, республикалық «Береке fest» акция­сы қайта өткізілмекші. Бұған қоса жергілікті әкімдіктер тауарлардың кең таңдауын қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында жаңа жыл алдында жәрмеңкелер ұйымдастырады.

Импорттық азық-түлікке деген мау­сым­дық жоғары сұранысты ескере отырып, сауда комитеті ірі импорттаушылар мен азық-түлік жеткізушілерінің пулын қалыптастырды. Жақын уақытта олармен желтоқсан айында сұранысы жоғары тауарлардың баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кездесулер өтеді.

Кеңес қорытындысында С.Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, баға мониторингін тұрақты жүргізуді, жағдайға орай жедел әрекет етуді тапсырды.