Форум • Бүгін, 09:45

Нанкинде «Янцзы дельтасы – Орталық Азия 2025» форумы өтті

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясындағы ежелгі Нанкин қаласында «Янцзы өзенінің дельтасы – Орталық Азия 2025» мәдениет және туризм таныстырылымы өтті. Ауқымды шара Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай арасындағы өңіраралық ықпалдастықты күшейтіп, жаңа Жібек жолының қазіргі заманғы бейнесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Нанкинде «Янцзы дельтасы – Орталық Азия 2025» форумы өтті

Іс-шараны Сухо холдингтер тобы мен Нанькин қаласының Сюаньу ауданы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Форумға Қытай және Орталық Азия елдерінің туризм министрліктерінің басшылары, дипломатиялық корпустар, Янцзы өзені атырабы аймағындағы іскерлік және мәдени ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ өңірлік туризм индустриясының өкілдері қатысты.

нанкин

Қазақстан тарапынан Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев қатысып, туризм мен мәдениет салаларында серіктестік пен тәжірибе алмасуды кеңейтудің маңызын атап өтті. Төраға Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырып, бірлескен жобаларды дамыту, туристер ағынын арттыру және елдің бірегей табиғи әрі мәдени нысандарын ілгерілету мүмкіндіктеріне тоқталды.

Бұл шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің ден қойған жоғары деңгейлі саяси диалогы мен стратегиялық әріптестігінің заңды жалғасы екені айқын сезілді. Екі мемлекеттің көшбасшылары туризм мен мәдени-гуманитарлық алмасуды сыртқы саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. Мемлекет басшылары жариялаған «2024 – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» және «2025 – Қазақстандағы Қытай туризмі жылы» бастамалары осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың іргетасы іспеттес. Президент Қ.Тоқаев пен Төраға Си Цзиньпин қолдаған бұл жобалар екі елді мәдени-тарихи сабақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді.

Іс-шара аясында «Янцзы дельтасы – Орталық Азия Мәдени-туризм ынтымақтастық альянсы» жөніндегі бастамашылдық хатқа қол қойылды. Бұл альянс көпжақты серіктестікті тұрақты түрде ұйымдастыруға, ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіруге, бірлескен туристік маршруттар әзірлеуге және мәдени бағдарламаларды үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Сухо холдингтері мен Орталық Азия елдерінің туризм ұйымдары арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылып, бірлескен жобаларды іске асыруға нақты база қалыптасты.

Форум аясында «Жібек жолы мәдени-туризмін ілгерілету орталығы (Янцзы атырабы)» ресми түрде ашылды. Бұл орталық Қазақстанды қамтыған Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы мәдени байланысты тұрақты түрде үйлестіретін платформа рөлін атқарады. Сондай-ақ «Сухо Cloud – Жібек жолы өнер бұйымдары» цифрлық сауда платформасының іске қосылуы өңірдегі креативті индустриялар үшін жаңа нарықтық мүмкіндіктер ашты.

Іс-шараның мәдени мазмұны да ерекше болды. Шай рәсімі, ағаш және жаңғақ оймышы, жібек тоқыма, алтын жапсырма, қағаз қиу, керамика, дәстүрлі қолөнер бұйымдары ұсынылған ұлттық бейматериалдық мұра көрмесі қатысушыларға терең әсер қалдырды. Бұл мәдениет пен туризмнің бір-бірін толықтырып, өзара байытатынын айқын көрсетті.

Форумның көрнекті жобаларының бірі – «2025–2026 Янцзы атырабы – Жібек жолы: мың өнерпаздың шығармашылық сапары» бастамасы болды. Бұл бағдарлама шеңберінде Қазақстан және Қытайдың, сондай-ақ басқа Орталық Азия елдерінің суретшілері, фотографтар, музыканттар, жазушылар ежелгі Жібек жолының тарихи бағыттарын аралап, кроссмәдени шығармашылық туындылар жасамақ. Бұл жоба халықтар арасындағы рухани жақындасуды күшейтіп, мәдени дипломатияны тереңдетуге қызмет етеді.

Нанкиндегі форумның нәтижелері Қазақстан үшін маңызды. Бұл – еліміздің туристік әлеуетін Қытайдың қарқынды өсіп келе жатқан нарығында кеңінен танытуға, жаңа туристік ағын қалыптастыруға, өңіраралық және салалық серіктестікті нығайтуға мүмкіндік беретін алаң. Ең бастысы, бұл іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин белгілеп берген стратегиялық бағыттардың табысты жүзеге асып келе жатқанын айқын дәлелдейді.

Жарқынбек ЖҰМАДІЛ