Фото: istockphoto.com
Үкімет басшысы отандық фармацевтика саласына инвестиция тарту үшін жаңа келісімдер жасалып жатқанын, сондай-ақ, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісіне қатысты 9 инвестициялық жоба қолға алынғанын атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігі үш ай ішінде барлық ұйымдастыру шараларын аяқтап, инвесторлармен келісімдерге қол қоюды қамтамасыз етуі тиіс.
«Дәрі-дәрмекке баға белгілеудің жаңа цифрлық жүйесі фармацевтикалық нарықтағы барлық қатысушылар үшін бірыңғай ережелерді бекітті. Биыл препараттарға бағаны төмендетудің арқасында мемлекет дәрілерді сатып алуда 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеді. Бұл қаражат халықты қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады», деді Олжас Бектенов.Сонымен қатар, Премьер-министрдің айтуынша, сатып алу бағаларының төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілерге ұнай бермейтіні түсінікті.
«Бірақ біз азаматтарымыздың мүдделерін басшылыққа алуымыз керек. Дәрілер әділ бағамен сатып алынады. Отандық фармацевтикалық өндірушілерге айтарым, біз Сіздерді әрі қарай да қолдаймыз. Оған ешқандай күмән болмасын. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін және бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі», деді Премьер-министр.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылға арналған препараттарды сатып алу жаңартылған жүйе бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Дәрі-дәрмектердің кең тізімінің құнын төмендету нәтижесінде айтарлықтай бюджеттік тиімділікке қол жеткізілген. Бірқатар жоғары шығынды дәрілік заттар бойынша бағалар 50%-дан 300%-ға дейін төмендеді. Бұл, ең алдымен, онкологиялық препараттарға қатысты. Мысалы, Иматиниб дәрісі бойынша баға 9450 теңгеден 2348 теңгеге төмендеді, ал Бевацизумаб дәрісінің бағасы 360 мыңнан 77 мыңға дейін төмендеді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар антибиотиктер мен иммунобиологиялық препараттар бойынша да айтарлықтай үнем жасалған: Цефепимнен – 174 млн теңге, Экулизумабтан – 424 млн теңге үнемделген.
Ең жоғары бюджеттік тиімділікті қамтамасыз ететін ТОП-10 препаратқа Бевацизумаб, Иматиниб, Сорафениб және Сунитиниб сияқты препараттар кірді. Сондай-ақ Инсулин деглудек, Метотрексат, Элтромбопаг, Будесонид және Йопромид бағасы айтарлықтай төмендеді.
Баға төмендеуі бөлшек саудаға да әсер етті: 4 900 дәрі-дәрмекке жаңа шекті бағалар бекітіліп, қазан-қараша айларында танымал препараттардың құны орта есеппен 12%-ға арзандаған:
- «Цефапс» – 31%;
- «Зитмак» – 20%;
- «Ревмоксикам» – 32% төмендеген.
Министрліктің мәліметінше, отандық өндірушілер жаңа талаптарға тез бейімделіп, өнім бағаларын қайта қараған. Үнемделген қаражат бірінші кезекте алғаш рет анықталған пациенттердің қажеттіліктерін өтеуге бағытталады. Жаңа баға белгілеу моделі нарықты тұрақтандырып, жеткізу қауіпсіздігін күшейтеді және сыртқы баға ауытқуларына тәуелділікті азайтады. Министрлік осы бағыттағы нәтижелерді бекіту жұмысын жалғастырады.