Фото: primeminister.kz
Аталған облыста 7,6 млн тоннадан астам астық бастырылған. Отандық селекциядағы «Ақмола-2», «Астана-2» және «Айна» тұқымдары қолданылған шаруашылықтарда орташа өнімділік гектарына 30 центнерден асқан. Ал «Максимовское» ЖШС-де өнімділік гектарына 41,2 центнерге жеткен.
Шаруалар мұндай жоғары көрсеткішке минералды тыңайтқыштарды, элиталық тұқымдарды және өсімдікті қорғау құралдарын тиімді қолдану арқылы қол жеткізіп отыр.
Ақмола облысы егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша да көшбасшылар қатарынан көрінген. Биыл майлы дақылдар алқабы былтырғы көрсеткіштен 2,5 есеге асып түсіп, 500 мың гектарға жеткен.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері облыста 1 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің терең өңдеу үлесін арттыру мақсатында халықаралық компаниялармен серіктестік орнатылған.
Қазан айында Шортанды ауданында тағы бір астықты терең өңдеу кешенін салу жөнінде Hopefull Grain компаниясымен стратегиялық келісімге қол қойылған. Инвестиция көлемі 1,5 миллиард долларды құрайды.
Сондай-ақ Есіл ауданында бидайды өңдеу және жем өндіру зауыттарын, элеватор мен құрама жем зауытын салу жоспарланып отыр.