Жан Адамбаев 2009 жылдың 18 қаңтарында Шымкент қаласында дүниеге келген. Бүгінде Достық мектебінің 11-сынып оқушысы. Бірақ ол жай ғана қатардағы оқушы емес, инженерияға қарай саналы түрде бет алып келе жатқан жас талапкер. Оның болмысындағы техникалық қызығушылық ертеден байқалыпты.
Анасының айтуынша, Жан екі жасынан бастап пластилин мен легоны қолынан тастамаған. Басқа балалар тәрізді ойыншық көліктерді жарыстырып, доп қуып кетпей, сағаттап үстел басында отырады екен. Пластилиннен жануарлар, үйлер, ракетаға ұқсас пішіндер жасайтын. Дайын лего жиынтықтары берілгенде, ол нұсқаулыққа қарамай, ойындағы құрылымды өз бетінше құрастырып шығатын.
«Мен бірдеңені дәл солай қайталаудан шаршаймын. Мені қызықтыратыны - басқаша жасау, өзгеше құрастыру», дейді қазір Жан күліп.
Жеңгесі оның осы ерекше қасиетін байқап, YouTube арнасын ашып береді. Видеоға түсіріп отырған - Жанның өзі. Құрастырған дүниесін камераға қаратып, неге бұлай жасағанын, қалай жұмыс істейтінін үлкен бір инженер секілді түсіндіреді. Бала болса да, сөздері анық, сенімді, көзқарасы нық.
Уақыт өте келе балалық қызығушылығы нақты бағытқа айнала бастайды. Жан Адамбаев робототехника курстарына қатысып, механизмдер құрастыруды үйренеді. Алғашқы роботын жасаған күнін ол әлі ұмытқан емес.
«Тетікті қосқан кезде робот қозғалды. Мені тыңдағандай болды. Сол сәтте мен мұнымен жақсылап айналысатын боламын” деген ой келді», дейді жас инженер.
Жан үшін инженерия тек жұмыс емес. Бұл бала күнінен келе жатқан табиғи жалғастық, өзінің ішкі әлемін түсіндіретін тіл. Ол болашақта шетелде білім алып, инженерия саласында озық тәжірибені меңгеруді армандайды.
«Әлемнің қалай жұмыс істейтінін түсінгім келеді. Оны жақсартуға өз үлесімді қоссам деймін», дейді жас жігіт.
Анасының да сөзінде ерекше сенім бар.
«Әр баланың табиғи потенциалы ерте көрінеді. Жан ойыншық көлікті емес, легоны таңдады. Алаңда емес, үстел басында сағаттап отыра беретін. Робот құрастырған кезде жүзіндегі қуанышты көргенде, оның жолы осы екенін түсіндім», дейді ол.
Жан өзінің балалық қызығушылығын бүгінде нақты мақсаты бар жолға айналдыра білді. Инженерлік ойлауы, табандылығы, жаңа нәрсе ойлап табуға деген ынтасы оны шынымен де болашақ маман ретінде айшықтап тұр. Оның қолынан шыққан кішкентай лего бұйымдары болашақта үлкен жобаларға айналуы әбден мүмкін.