Мәселе • Кеше

Ауызсудан тарыққан Ақши тұрғындары

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Іле ауданы Ақши ауылында 5,5 мыңнан астам халық тұрады. Ауылдағы екі мектепте 1 мыңнан астам бала оқиды. 2 медициналық мекеме мен 100 орындық балабақша, «Дәулет-Бекет» ЖШС-ның түйе сүтінен құрғақ шұбат өндіретін кәсіпорны мен «Aruana» шипажайы жұмыс істейді. Тарихы тереңнен сыр шертетін ауылда ауызсу мәселесінің бірталай жылдан бері түйіні тарқатылмай келеді.

Ауызсудан тарыққан Ақши тұрғындары

Жаз айларындағы аптап ыстықта таңдай жібітуге там-тұм­дап берілетін су құбырында жыл басынан бері 70 рет апаттық жарылыс болса, қарашадағы бір аптаның ішінде 7 рет жарылып, тозығы жеткен құбыр жамауға келмей істен шығып, халықты тіршілік нәрсіз қалдырды. Содан бері арбасын сүйретіп, шелегін көтеріп тасымалмен келетін ауызсуға таласып-тармасып жететін тұрғындар бұл мәселенің түбегейлі шешім табуына Су ресурстары және ирригация министрлігі баса назар аударып, 70 шақырымдық су құбырын жаңартып, жылда көретін қиындықтан біржола арылтса деген арыз-армандарын ақтарып жатыр.

Күрті ауылдық округінде 2 елді мекен бар, орталығы – Ақши ауылы. Оның орналасқан жер көлемі – 6206 га, Күрті ауы­лының жер көлемі – 96 га. Округте әлеуметтік аз қамтылған 45 отбасы, көпбалалы 156 отбасы тұрады. 60-қа таяу «Алтын алқа», 100-ге жуық «Күміс алқа» иелері бар. Мал бағып, жер айдап, тұрмыс-тіршілігін жасап отырған округ тұрғындары ауыз­судан басқа мәселе жоғын айтады.

– Бұл – айта-айта жауыр болған мәселе. Су тапшылығынан зауыт жұмысын тоқтатты. Халыққа тіпті қиын болды. Су тасымалдайтын көлікпен келе­тін суға қанағаттанбай жа­тыр. Себебі тіршілік біт­кен сумен атқарылады. Жоба жа­салғанымен, қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұр. Құбыр жарылған күннен бастап жамап-жасқағанға көнбеді. Салынғанына 50 жылдан асқан су құбырының жағдайын жоғарыдағы құзырлы мекемелер біледі. Осы мәселені 30 жылдан бері көтеріп келеміз, әлі шешімін тапқан жоқ. Ауы­лымыздың жалпы жағдайы жаман емес, тоғыз жолдың торабында тұр. Газ, жарық, жолдан мәселе жоқ. Ал су құбырында апат болған күннен бастап Іле ауданының әкімі Қайыржан Серікбайұлымен бірлесіп ауыл тұрғындарына мәселенің мән-жайын түсіндірдік. Әзірге 2,5 шақырымның құбыры жаңар­тылып, осы айдың соңына қарай іске қосылар деген үмітіміз бар. Ауылдық округтің ауызсу мәселесі түбегейлі шешім табуы үшін магистраль құбыры толық жаңартылуға тиіс. Егер ауылда су болмаса инвестиция қайдан келеді? Жаңа зауыт ашуға, кәсіп кеңейтуге су тапшы. Мысалы, зауыттан 1 литр шұбат өндіруге 5 литр су жұмсалады. Осыдан-ақ судың маңыздылығын пайым­дай беріңіз. Кәсіпорынның резервуарындағы су бітіп, шипажайдың жұмысы тоқта­ғалы аптадан асты. Еліміздің әр түкпірінен квотамен келетін емделушілерге қиын болды. Өндірістегі келісімшарт бойын­ша атқарылатын жұмыстар да тоқтап, орасан зор зиян келіп жатыр, – дейді «Дәулет-Бекет» ЖШС директоры Сыдық Дәулетов.

Ақши ауылына арнайы барып, мәселенің мән-жайын көзбен көрдік. Мешіт маңайына тоқтаған су таситын көлікке үймелеп, қолындағы үлкенді-кішілі ыдыстарына су толтырып жатқан тұрғындармен тілдестік.

– Ауылда судың болмағанына айға жуықтады. Тасымалмен алып жатырмыз. Екі күнде кезек көп боп, су жетпей қалды. Күніге кемі 150 литр су керек. Осы күні монша жақпаймыз, артық су шығындамаймыз, тамаққа ғана пайдаланамыз. Жоғарыдағы жауаптылар 15 күнге уәде беріп кеткен, қосылып қалар, – дейді алты баланың анасы Қарақат Төлеутай.

Тұрғындарды ауызсумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мақсатында күнде 3 автоцистернамен 75-76 тонна мөлшерінде су тасымалданады.

– Екінші апта болды су тасып жүргеніме, цистернаның сыйымдылығы –12 тонна, күнде екі рейс жасаймыз. Ақсайдан бергі арақашықтық шамамен 70-80 шақырымды құрайды. Таңғы сағат 5-тен жұмысқа кірі­семіз. Өтеген батырдағы «Іле су» мекемесіне қараймыз, – дейді жүргізуші Ермұрат Әбділдаев.

Тамшы судың қадірін білетін тұрғындар алма-кезек ыдыс­тарын толтырып, бірі машинамен, бірі қоларбаға салып, үйлеріне тасымалдап жатыр. «Аз күндік қиындыққа шыдармыз. Бастысы, жауаптылар күн суытпай құбырды жаңар­ту жұмысын уәде еткен уақы­тында бітіріп, іске қосып берсе болғаны» дейді.

– Күрті ауылдық округін ауызсумен қамтамасыз ететін Бозой топтық су құбыры 1972 жылы салынып, 1976 жылы пайдалануға берілген. Құбырдың жалпы ұзындығы сол кезде 140 шақырым болған. Ақши, Бозой, Айдарлы ауылдарын, сол маңдағы шаруа қожалықтарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында салынған топтық су құбыры. Қазір тек Ақши ауылына дейінгі 72 шақырым құбыр жұмыс жасап тұр. Бозой топтық су құбыры бастауын Алматы облысының Іле ауданына қарасты Қарой ауылының маңынан алады. Сол жерде бас­ты сорғы стансасы орналасқан. Басты сорғы стансасында 5 су ұңғымасы бар, бірақ қазір 2 ұңғыма ғана жұмысқа жарамды. Магистралдық су құбыры шіріп, жұмысқа жарамсыз болуына байланысты, Іле ауданының 2023–2024 жылдарға арналған бюджеттік қаражаты есебінен 63 млн теңге бөлініп, жобалық- сметалық жұмыстары жасалды. Жоба дайын болып, мемлекеттік сараптамадан өткен соң Су ресурстары және ирригация министрлігіне жолданды. Жоба құны 7,4 млрд теңгені құрайды, сұраныс берілген. Жобамен 142 шақырым су желілерін ауыстыру, жаңа ұңғымалар бұрғылау, сорғы стансаларын жөндеу, резервуарларды қалпына келтіру жұмыстары қамтылады. Ақши ауылына қыс айларында 300, көктемде 400 текше метр, жаз мезгілінде 1500 текше метр су қажет. Сол себепті қазір біздің сорғыларымыз ондай кө­лемде су айдай алмайды, өйткені құбыр үлкен қысымды көп суды көтере алмайды, әбден тозығы жеткен. Бүгінде ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Мәселе облыс, аудан әкімдігінің бақылауында. Облыстан 2,5 шақырымдық су құбырларын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына 137 млн теңге қаржы бөлініп, апатты учаскелерді қалпына келтіру басталды. Осы аптаның аяғына дейін аяқталуы мүмкін, – дейді Күрті ауылдық округі әкімінің орынбасары Дулат Әбілғани.

Ақшидегі Тоқаш Бокин атындағы №41 орта мектепте 377 оқушы, 41 мұғалім бар. Мектеп директоры Фарида Байқонысова білім ошағының судан тар­шылық көріп отырмағанын, күнде тасымалмен 1 цистерна су жеткізілетінін, бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен үздіксіз қамтылып отырғанын алға тартты. Судың жоқтығынан мектепішілік дәретхананың жұмысы тоқтап, ауылдық әкім­діктің көмегімен сырттағы дәретханаға жарық тартылып, ретке келтірілген.

Ауылдағы дәрігерлік амбула­торияның аға дәрігері Құрман­ғазы Орашұлы 15 орындық стационарда емделушілер уақтылы ем алып жатқандарын, мекеме ауласындағы ұңғымадан су алу арқылы мәселе шешімін тауып тұрғанын түсіндірді.

Ауыл әкімінің орынбасары Дулат Бақытжанұлының айтуынша, өткен жылы мемлекетке қайтарылған қаржы есебінен Бозой топтық су құбырынан Күрті ауылына дейін 110 млн теңгеге 13,9 шақырым су құбыры тартылған. Енді қолданысқа беретін кезде су жарылып, тағы да күтуге мәжбүр. Бұған дейін ауызсу Ақши ауылынан тасымалданып келген.

Тоқсан ауыз сөздің түйініне келер болсақ, Ақши ауылының ауызсу мәселесі мұнымен бітпесі анық. Себебі іске қосылғанына жарты ғасырдан асқан ауызсу құбыры түбегейлі жаңартуды қажет ететіні сөз басында айтылды. Олай болса, өзекті мәселенің түйінін біртіндеп тарқатуға өңір басшысы мен сала мамандары селқос қарамай, сергектік танытса жыл санап жаңа үйлер салынып, іргесі кеңейіп келе жатқан ауылдың тұрғындары тығырыққа тіреліп, тіршілік нәрінен тарықпаған болар еді.

 

Алматы облысы