Руханият • Бүгін, 08:15

Ән қанатында самғаған

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біз оқыған ауылдық орта мектепте Сауранбек Елеуовтің «Апатайым, анашым» әнін шырқамайтын бала кем болатын. Әрине, балалықпен өзіміз сүйіп айтатын әннің авторы кім екеніне мән берген жоқпыз.

Ән қанатында самғаған

Ал есейіп 10-сынып оқып жүрген күндеріміздің бірінде мектебіміз дүрлігіп мерекеге дайындалып жатты. Күткеніміз, халық ақыны Манап Көкенов, жазушы Адырбек Сопыбеков, аты аңызға айналған сазгер, марқұм Бексұлтан Байкенжеев, кейінірек білгеніміздей, атақты сазгердің шәкірті Сауранбек Елеуов бір топ болып сәнімен, салтанатымен кіріп келгені есімізде. Ол кезде сазгер С.Елеуов жап-жас, әнді домбырамен де, баянмен де шырқағанда таң-тамаша қалған едік. Ұстазы Бексұлтан Байкенжеев екеуі бір-бірін толық­тырып, кезек-кезек ән шыр­қа­ғаны, биік диапазонды, жағым­ды дауыс­тарымен көрерменнің құлақ құрышын қандырғаны жадымда сақталыпты.  Манап ақынның суырып салған өлеңдері, А.Сопыбековтің өрнектеп өрген сөзі бізді ерекше баурап алды. Қысқасы, осы жолы бала кезімізден шырқап келе жатқан «Апатайым, анашымның» сазгері алдымызда тұрған жап-жас кісі екенін білгеніміз ерекше таңдандырды. Ән ойнақы­лығымен, көңілді әуенділігімен баланың жүрегін жаулап, перзенттің анасына деген кіршіксіз таза көңілін беруге итермелейді.

Кейіпкеріміз С.Елеуов бір сұхбатында: «Кейінгі кезде балалар әндеріне көп зейін қойып жүрмін. Дәстүрімізге байланыс­ты әндер жоқтың қасы ғой деп баланы сүндеттеу тойында айтылатын «Сүндет той», «Бесік жыры», «Әй-әй бөпем» (сөзі А.Сопыбеков) әні жазылды. Балалардың ұшқыр қиял әлеміне сай әндер болуы керек. Әсіресе балабақшаға арналған әндер керек-ақ, Ермек Өтетілеуовтің сөзіне жазылған «Ойыншықтар» деген ән шықты», дейді. Балалар балабақшада қуыршағын, ойыншығын тербетіп, оятып тұрса тамаша емес пе? Әрі балаларды сергіту сәтінде айтуға болатын таптырмас ән бұл.

«Аю, қасқыр, жолбарыс,

Арыстан мен піл, барыс.

Ойыншықтар, тұрыңдар,

Ойын-сауық құрыңдар».

Біртуар сазгер Б.Байкен­жеевтің әндері де өз бағасын алмағаны, көсіле шырқалмағаны секілді, С.Елеуовтің әндері де дүйім елге еркін тарай алмай, өз деңгейіндегі нақты бағасына қол жеткізбей, музыкатану ғылымы бойынша зерттелмей отырғаны өкінішті. Жас жеткіншекті тасыр-тұсыры көп, жыл­тырақ, жеңіл әндерге үйір етіп, тыңдар­манның өресін түсіріп бара жат­қан бүгінгі эстрада жанры деңгейінің төмен­деп бара жатуы – ойланарлық мәселе.

Қазіргі уақытта балалар тақырыбына, балабақша мен бастауыш сынып жасындағыларға арнап ән жазылмай жатыр деп аттандаған өліара шақта аймақтардағы сазгерлердің «Саз қоржынын» ақтарып қараудың сәті түсіп тұр. Ондай әндер бар, кең көлемде іздестіріп, қаржыландырып, жарыққа шығару жағы жетіспей отыр. С.Елеуов – жан-жақты композитор. Ол ересектерге арналған лирикалық әндермен қатар, патриоттық және басқа да түрлі жанрдағы жарыққа шыққан әндері өз кезегінде тыңдарманның жүрек түкпірінен елеулі орын алып келеді.

«Елім менің» атты ел мен жерді сүю­ге, құрметтеуге жетелейтін отан­сүйгіш­тік­ке байланысты ән байқауында 2009 жылы «Түркістан» деп аталатын Мағжанның сөзіне жазылған марш екпіндегі әнімен қатысып, екінші орын иеленген.

«Мағжанның рухты сөзіне ән жазуға қорқа-қорқа тәуекел еттім, әуені екі жыл жазылды. Әнді Түркияға барған сапарымда ала бардым. Түріктердің Мағжанды, біздің елді қаншалықты сыйлайтынына сонда көзім жетті. Ән айтылғанда ел орындарынан тұрып тыңдады, ұзақ қол соғылды», деп еске алады автор. 

«Аққудың баласындай көгілдірім», «Сырдан ұшқан аққуым» атты қыздары­ның ұзату тойына арнайы жазған әндері – әкелік сезімге толы, тыңдарманын әуенмен тербейтін, баяу екпінмен шырқалып, әншіні де, тыңдаушыны да сезім құшағына бөлейтін, мағыналы ән. Сазгердің ерекшелігі, әннің сөзіне, мазмұнына аса мән беретінінде. Осындай әндердің қатарында «Жұлдызым», «Айдын­да жүзген аққулар», «Қаракө­зім» туындылары бар, бұл шығармалар да сазының құлаққа ерекше жағымды­лығымен ерекшеленеді. Бұл әнді тыңда­ған әрбір қазақ қызы шығарма өзіне арнал­ғандай күй кешетін құдіретті сыры бар. Бастысы, таза қазақы болмыс­тан шыққан, қазақы бояуы басым, қазақы жүрекке нұр болып төгілетін нәзік сырға толы әуен. Ал «Түсінбедің де» әнін­дегі басқасында кездесе бермейтін әуен иірімдері сезімтал жүректің қылын шертеді.

Күміс көмей әнші Мәдина Ералиева «Туған жер» әнін баянмен орындаған. Кейін оған тағы бір туындысын тарту еткен. «Қызым ұзатылып бара жатқанда жазған «Аққудың баласындай көгілдірім» атты (сөзі Сәнімкүл Желдербаеваныкі) әнімді арнайы Мәдинаның дауысына арнап жазып едім, өмірден озарынан үш ай бұрын бергенмін, әншіге ұнаған, әттең, айтып үлгере алмады» деп өкінуі – орынды. Мәдина орындаған ән құлпырар еді. Нұрғали Нүсіпжанов «Туған жер» мен «Жұлдызымды», Зейнеп Қойшыбаева «Айдында жүзген аққулар», «Бесік жыры», «Ғашығымды», Ұлықпан Жолдасов, кейінгі жастардан Жанболат пен Жазира, «Аршат», «Арман» топтары М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Армысыңдар, адамдарды», Бибажар Ма­хамбетова «Жаным-ау, түсінбедің», «Ай­на­лайын», Нұржан Қалжан «Туған жерді» орындады. Жас әншілер Молдияр Ерге­бек, Ләззат Байырбекова, Гүлмира Бай­мұратовалар да сазгер әндерін шырқап жүр.

Алғашқы әндерін 80-жылдардың басынан жаза бастаған С.Елеуов – бүгінде 80-нен аса әннің авторы. Оның көптеген әні туралы мақалалар республикалық газет-журналдарда, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көріп, қазақ радиосы мен теледидарларда орындалып жүр. Бір топ шығармасы Алматыда басылған «Ауыл кеші көңілді», «Жастық шақ әуендері», «Әнім сен едің» атты таңдамалы әндер жинағына енсе, енді бір парасы нотасымен «Сыр әуендері» (1991), «Айдында жүзген аққулар» (1996), «Түркістан» (2000), «Апатайым, анашым» (2011) атты кітап болып басылды.

Сазгер-әнші Сауранбек Елеуовке жеке шығармашылық өнері мен өнерпаздықты дамытқаны үшін 1994 жылы Қазақстан Жастар одағының сыйлығы берілді. «Мәдениет қайраткері» құрметті атағына ие болды. Ғылымға да қосқан үлесі үшін ұстаз-ғалым Қазақстан Халықтар Достығы университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен доцент ғылыми атағын иеленді. Түрксой Халықаралық ұйымы ұйымдастырған «Қорқыт және ұлы дала сазы» дәстүрлі музыкалық өнер фестивалінде жеңімпаз атанды. Қазір Қ.А.Яссауи атындағы университетте «Орындаушылық өнер» кафедрасында доцент қызметін атқарып жүр.

Композитордың алар асуы, әндерінің кеңінен таралып, әуелер кезі алда деп сенеміз.

 

Мәншүк ТӘШІМОВА,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, театртанушы