Архив • Бүгін, 08:12

Цифрлық дәуірде таспаланған тарих

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отыз жыл уақытты аз деп те, көп деп те айта алмаймыз. Бұл мерзім ел тарихы үшін қас-қағым ғана сәт сияқты көрінгенмен, біздің ұжым үшін тағылымға толы толысу кезеңі болды. Ізденіс пен табандылықтың арқасында архив ісінің кәсіби мектебі қалыптасты, жас мамандар қанатын қатайтты. Отыз жыл ішінде архив ғимаратын мұрағат мұратына үйлестіре құру, қорларды жүйелеу, заманауи стандарттарға бейімделу секілді сансыз жұмыстар атқарылып, Астана қаласы мемлекеттік архиві елдің тарихи жады мен құнды деректерін сақтайтын қасиетті ордаға айналды.

Цифрлық дәуірде таспаланған тарих

Архив тек құжаттар сақта­латын қойма емес. Ол – ұлттың мұрат-мүддесімен қатар тыныс алып жатқан тірі организм, халқымыздың өшпес жады, өткен мен бүгіннің арасын жалғап тұрған алтын көпір. Архивсіз тарих жоқ, ал тарихсыз алға жылжу жоқ. Демек архив ісінің қоғамдағы орны мен рөлін бағалау қай кезде де маңызды.

Астана архивінің тарихы мен елорда тағдыры – енші­сі бөлінбеген егіз ұғым. Тоқса­ныншы жылдардың ортасында жас мемлекет өзінің жаңа астанасын тұрғызуға кіріскенде, шағын құраммен қалыптасқан елордалық архив ұжымы да өзінің өмірлік миссиясын бастаған. Ақмола қаласының Мемлекеттік мұрағаты Ақмола қаласы әкімінің 1995 жылдың 23 қарашасындағы № 3-1-120 шешімімен Целиноград облыстық әкімдігі басшысының 1992 жылғы 3 сәуірдегі №17 шешімі негізінде қала аума­ғында орналасқан мекемелер мен кәсіпорындар құжаттарын меншік түріне қарамастан мемлекеттік есепке алу және пайдалануды қамтамасыз ету үшін құрылды. Ақмола облыстық архивінің құжаттары мазмұнына қарай топтастырылып қалалық, облыстық архивтерге бөлініп, құжаттардың бір бөлігі Көкшетау қаласында қайта құрылған Ақмола облыс­тық архивіне жіберілді, ал қалалық архив қоры алғашында 40 мыңнан аса сақтау бірлігінен құралды.

Алғашқы кездері бәрі де қарапайым жай жұмыстардан басталды: құжаттар аз, орын мен жағдай шектеулі, бірақ архившілердің жүрегінде бір ғана ұстаным бар еді. Ол – «бү­гінгі күн ертең тарихқа айналады» деген кәсіби жауап­кершіліктен туындайтын сенім. Сол сенімнің арқасында ғана олар қағаз бетіндегі әрбір жазбаны, әрбір мөрді мұқият тіркеп, келешекке аманаттап келеді. Уақыт өте келе архив қорлары молайды. Қазіргі уақыт­та 411 мыңнан астам сақтау бірлігінде қаланың қалып­тасуы мен дамуының куә­ліктері жинақталды. Әр құжат – көшелердің алғашқы сызығынан бастап, елорданың бүгінгі бейнесіне дейінгі сәттер­ді паш ететін шағын тарихқа, болашаққа бағдар болатын ескірмес есті естелікке айналды. Мұндағы құнды мұрағат қоры тек ақпарат берумен шектеліп қалмайтын, адам еңбегі мен сенімінің шынайы болмысын танытатын құндылық деңгейінде қабылданды.

Қордағы әрбір құжат, әрбір жинақ – тарихшылар мен жазушыларға, жас зерт­теушілерге, қала тұрғындарына баға жетпес қазына сипатында қызмет көрсетті. Мысалы, архив қорында сақталған құ­жат­тар арқылы елорданың алғашқы көшелерінің қалай салынғанын, алғашқы мектептер мен мекемелердің ашылу сәттерін, қаладағы мәдени өмірдің қалай өрбігенін бас­тан-аяқ түгел танып-білуге мүмкіндік мол. Тарихи тұлға­лардың жеке архивтері де зерттеушілер үшін аса бір қымбат дерек көзіне айналды. Сирек кездесетін қолжазбалар, суреттер, бейнематериалдар – әрқайсысы өткеннің үнін үзбей жеткізетін естеліктер шоғырын құрайды. Уақыт өте келе архив қорларының молаюы қаланың қалыптасу тарихын, елдің рухани дамуын танып-білуге кеңінен жол ашты. Бұл әрбір келушіге, әрбір зерттеушінің өз орны мен уақытын таба білуіне айтарлықтай көмегін тигізді. Жыл сайын Архивте «Ашық есік күндері» өткізіледі. Қала тарихынан сыр шертетін тарихи-құжаттық көрмелер қаланың ірі сауда кешендерін­де, әуежай, теміржол вокзалы­ның залдарында, «Бәйтерек» мону­менті алаңында көрсетіліп келеді.

Сонымен қатар астаналық архивтің халықаралық рөлі де кейінгі жылдары арта түскенін айта кетуіміз керек. Бізге ше­тел­дерден де өтінішпен келіп жататын азаматтар аз емес. Алыс, жақын шетел архив­тері­мен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобалар жүзе­­ге асырыла бастады, өзара кә­­сіби тәжірибе алмасу дәс­түрге айналды. Астана архи­ві­нің қорында қала тарихына қатысты Омбы, Томск, Подольск архивтерінен, Та­тарс­­тан, Беларусь елдерінің архивтерінен мағлұматтар жинақталған.

Жас мамандардың жаңа буыны тәрбиеленіп, аға буын­ның мектебі жалғасын тауып жатыр. Жыл сайын Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ-дің, Ас­та­на Халықаралық универ­сите­тінің студенттері өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл жетіс­тіктердің бәрі архившінің көзге көрінбейтін қажырлы еңбегінің жемісі.

Қағазға түскен әрбір құжат өткеннің аманаты екені сөзсіз. Бірақ бүгінгі ұрпақ оны тек шаң басқан сөрелерден емес, цифрлық кеңістіктен тапқанды қалайды. Бүгінде қоғамның бар­лық саласы цифрлық транс­формацияға бейімделуде. Кейінгі жылдары Астана архи­вінде «Электрондық архив» жүйесі іске қосылды. Қан­шама сақтау бірлігі цифрлық форматқа көшіріліп, әрбір құжат жаңаша мәнге ие болды. Енді архивке келмей-ақ, онлайн тапсырыс беріп, қажетті деректі алыстан қарауға мүмкіндік бар. Бұл қолжетімділік жас зерт­теушілердің қызығушылығын оятып, тарихқа деген ынта-ықыласты арттырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлт­тық мұраны сақтап, оны цифр­лық форматқа көшіру – бола­шаққа жасалған инвестиция», деді. Осы тұрғыдан болашаққа көз салсақ, заманауи технологиялар архивтің қызметінде қазірдің өзінде шешуші рөл атқара бастады. Миллиондаған құжат арасынан іздеген деректі бір сәтте табу, белгілі бір кезеңге қатысты заңдылықтарды талдау, тарихты жаңа қырынан түсіндіру – осының бәрі сондай озық технологиялар көмегімен жүзеге асырылуда. Жасанды интеллектінің архив ісіне енуі алдағы уақытта бұл салада оң өзгерістерге жол ашылатынын айғақтайды. Ол құжаттарды автоматты түрде сұрыптап, мәтінді тануға, деректер арасындағы байланыстарды табуға көмектеседі. Яғни архив болашағы тек өткенді сақтаумен шектелмей, жаңа білім өндіретін, зерттеу мен шығармашылыққа жол ашатын үлкен зертхананың қызметі биігіне дейін көтеріледі.

Қазір электрондық каталогтер жасақталып, интернет арқылы іздеу мүмкіндігі кеңейтілуде. Сонымен қатар архив азаматтардың қашықтан анықтама алуын қамтамасыз етеді. Кеңес беру қызметін де тиянақты атқарып отыр. Яғни Астана архиві дәстүрлі қағаз құжаттар қоймасынан жаңа үлгідегі ақпараттық орталыққа айналды. «Архив-2025» мем­лекеттік бағдарламасы аясында құжаттарды сканерлеу, қалпына келтіру және электрондық көшірмелерін жасаудың заманауи құрылғы­ларын сатып алды. Осылай Архив құжаттарын цифр­ландыру және сақтандыру қорларын құру ісі жолға қойыл­ды. Ескірген, бүлінген құжат­тарды қалпына келтіру­мен айналысып келеді.

Әрине, архив ісін цифрландыру оңай шаруа емес, жүздеген мың құжатты цифрлық фор­матқа көшіру – үлкен төзім мен табандылықты қажет ететін іс. Мұндай қиындықтарды еңсеру үшін не істеу керек? Ол үшін мемлекеттік қолдау, халықаралық тәжірибе алмасу және мамандарды даяр­лау жүйесін жетілдіру қажет. Сонымен қатар Астана архи­ві­нің келешекте жүзеге асырылатын негізгі бағыттарына, яғни ұлттық электрондық архив жүйесіне толық интеграциялану, қорларды толық цифрландыру, электрондық деректер базасын жетілдіру, халыққа қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеру, жасанды интеллект пен Big Data технологияларын пайдалану арқылы құжаттарды жүйелеу, виртуалды көрмелер мен білім беру жобаларын кеңейту, халықаралық архивтермен ынтымақтастықты ны­ғайту мәселелеріне басымдық беру қажет. Міне, осындай оң қадамдар жасау арқылы архив алдағы уақытта заманауи ғылыми және мәдени орталық деңгейіне көтеріледі деп сенеміз.

 

Ғазиза Исахан,

Архив ісінің үздігі