Үкімет • Кеше

Ауқымды кластер құрылады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру мен терең өңдеу жөніндегі инвестициялар туралы келісім жасауды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Ауқымды кластер құрылады

Сурет: primeminister.kz

Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен озық агротехнологияларды енгізуге қатысты тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап да­йын киім өндіруге дейін өндіріс­тің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде, Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың га суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жос­парланып жатыр. 1,4 мыңнан астам тұрақты, 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.

Инвестор – қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы. Жо­баны жүзеге асырудың бірінші ке­зеңінде 58 млрд теңгеден астам инвес­тиция көзделген, шетелдік инвес­ти­циялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады, бұл туралы бұ­рын Премьер-министр Олжас Бек­тенов пен Xinjiang Lihua басшысы Чжан Цихайдың келіссөздері ба­ры­сында уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Тамшылатып суарудың тиім­ділігі жоғары, жүйе 196 сорғы станса­сын, 500 шақырымнан астам суару мен тарату арналарын, үш ірі сорғы кешенін, үш трансфор­маторлық қосалқы станса­ны, тыңайт­­қыштарды интеграция­лан­ған әдіспен беру жүйесін, сондай-ақ әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасын – жоғары қуатты тракторларды, мақта жинау машиналарын, бүріккіштер, мамандандырылған құрылыс техникасын пайдаланады.

Сонымен қатар кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу мен тамшылатып суаруға арналған құрал мен иілгіш құбырларды шығару желісі құрылады, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға әрі мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклді қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде жыл сайын 70–75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады.

Жобаны жүзеге асыру ел ішінде терең қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға, қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімдерін шығаруды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл, тұтастай алғанда, отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтады, экспорттық әлеуетті арттырады, сондай-ақ шағын және орта бизнесті – логистиканы, техниканы жөндеуді әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуда драйвер болады.