Фото: Ашық дереккөз
«Сот-медициналық сараптама жүргізілді. Бұл препарат педиатриялық тәжірибеде ұзақ жылдан бері пайдаланылады. Бүгінге дейін медициналық ұйымдардан оның жанама әсеріне қатысты ресми шағымдар түскен жоқ. Қазақстанда тек түпнұсқа өнімдер ғана қолданылады», деді Әлназарова Мәжіліс кулуарында.
Министр тергеу толық аяқталғаннан кейін ғана нақты шешім қабылданатынын атап өтті. Сонымен қатар елдегі стоматологиялық ұйымдарға тексеру жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Жыл басынан бері азаматтар шағымы негізінде 160 клиника тексерілген. Бас прокуратураның тапсырмасымен өңірлердегі фармацевтикалық бақылау департаменттері 620 стоматологиялық ұйымды жоспарлы тексеруге кірісті.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың күзінде Астанадағы жеке стоматологияда 18 тісі бірден емделген үш жасар қыз наркоздан кейін оянбай көз жұмған еді. Қазір бұл іске қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Анестезиолог дәрігерге төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Баланың ата-анасы дәрігерді және клиника басшылығын да жауапқа тартуды талап етіп отыр.