Әлқисса, ақын туралы бірер сөз. Несіпбек орда бұзар отызға толмай тұрып қазақтың әйгілі ақыны Мұқағали Мақатаевтан бата алған. Ол – өлеңдері әнге ұласқан, толғаулары жыраулар сарынымен үндес, қара өлеңнің өрісін кеңейтіп, эпикалық кең тынысты поэмалары арқылы Алаш тарихының алып панорамасын сомдаған, асқақтата жырлаған ақын.
«Өз жастығы мен жас творчествосына лайық үн аңғардым. Тілі жатық, ойы анық. Өлеңдерінен жасандылық байқалмайды, жастыққа тән от бар. Ағынан жарылып, таусыла талаптану, ізденіс бар. Қайсыбір жастарда ұшыраса бермейтін мүлде бір бөлек сарын еседі», дейтіні бар мұзбалақ ақын Мұқағалидың.
Міне, осындай шайырды шығарған қасиетті Абай топырағы туған перзентін еске алып, есімін ұлықтап жатыр. Әуелі облыстық Абай кітапханасында «Ұлт рухының жыршысы – Несіпбек Айтұлы» деген тақырыпта сыр-сұхбат өтті. Оған ақынның жары мен ұрпақтары, белгілі жазушы-ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай, күйші-композитор Секен Тұрысбеков, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Айбек Нұғымаров, ақынның ауылдасы Нұрланбек Тоқтабаев, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан және ақынның көзін көрген замандастары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгіме өрбітті.

Кездесуге ақынның балалық шағы өткен Баршатастан арнайы ауылдастары келіп, көрнекті қаламгердің өнегелі өмірі мен жастық шағы жайында естеліктер айтты. Сондай-ақ кездесу барысында ақынның ізбасарлары Арман Шеризат пен Азамат Серікұлы арнау өлеңдерін оқыды.
«Іс-шара аясында ақын шығармашылығына арналған «Ұлт рухының жыршысы – Несіпбек Айтұлы» атты кең көлемді кітап көрмесі жасақталды. Көрмеге көрнекті тұлғаның кітаптары, басылым беттерінде жарияланған мақалалары, сондай-ақ ақынның жеке қорынан алынған кітаптар қойылды. Сонымен қатар ақынның жары Манат Жүкенқызы мен ұлы Нұрат Несіпбекұлы кітапхананың сирек қорына ақынның қолжазбаларын табыстап, жырлары кітапхана қорын толықтыра түсті», дейді кітапхана директоры Мерей Қарт.
Бұдан кейін ақын Несіпбек Айтұлын еске алуға арналған іс-шаралар «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Сәуле ғұмыр» атты әдеби сазды танымдық кешке ұласты. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақынның жары мен ұрпақтары қатысты. Шымкент қаласының мәдениет күндері аясында облысымызға келген делегация өкілдері де рухани кештің құрметті қонағы болды. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.
Салиқалы іс-шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы ақынның шығармашылық мұрасының ұлттық руханияттағы алар орны зор екенін айтты.
«Біз бүгін айрықша нысаналы кешке, игі іс-шараға жиналып отырмыз. Несіпбек ағаның қаламынан туған қайталанбас шығармалар қазақтың бірнеше буынының көкірегіне сәуле құйып, ұлттық рухын көтерді. Қаһарман тарихымызға деген перзенттік мақтаныш сезімін оятты. Руханияттың қазынасын байытып, қазақ тілінің көкжиегін кеңейтті. 40-тан аса поэма жазып, қазақ батырларына өлеңмен ескерткіш қойды. Айтұлының өлмес шығармалары бұдан кейін қазақ жұртымен бірге ғасырлардан-ғасырларға жетіп, халқымыздың қадірлі қазынасы боларына бек сенемін», деді облыс әкімі.
Еске алу кешіне Астанадан арнайы келген Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын жеткізді. Іс-шара барысында жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, белгілі күйші Секен Тұрысбеков жүрекжарды лебіздерін білдіріп, естеліктерін айтып, ақынға арналған жүрек тербетер жырлар оқыды.
Кеште «Дариға-ай» жастар театры ақынның шығармашылығы-на арналған қойылым ұсынды. Дәстүрлі әншілер Рамазан Стамғазиев, Айгүл Елшібаева, Ерлан Рысқали мен жергілікті өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады.
«Несағаңның талантты композиторды, шебер орындаушыны алыстан тап басып танитын сұңғылалығы бар еді. Бұл кісінің бір ерекшелігі әуенге сөзді ғажап жазатынында. Ән сөзінде әуенге үйлесімді, буынды, ырғақты дәл жазатын. Кей ақындар жабық дыбыстарда жазса, Несағаң – мән-мағынаны ашық дыбыстарға қондырып, әншісінің тынысын ашатын ақын», дейді әнші Рамазан Стамғазиев.
Расында, Несіпбек Айтұлы мәтінін жазған ән бірден жүрекке жетіп, құлпырып сала беретіні әлі де талайды тамсандырып, таңғалдырып келеді. Ол – эпикалық кең тынысты поэмаларымен ел тарихын жырлаған ақын. Оның жырлары – ұлттық рухтың айнасы, жүрекке сәуле. Осы қасиетті мұра келешек ұрпақ үшін де, қазақ әдебиеті үшін де өлмес қазына болып қала бермек.
Абай облысы