Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Биыл Астанада өткен Әлемдік діндер және конфессиялар лидерлерінің съезінде жасанды интеллект бойынша этика комиссиясын құруды тапсырған болатын. Сонымен қатар бейбітшілік пен бітімгерлік, бірлік пен береке – қазақ елінің басты бағыттарының бірі. Яғни аталған жиынға Президент бастамасы негіз болып отыр. БҰҰ-ның зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндігі аясында өткен жиынды ашқан сенатор, университеттің өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ сенатор алғашқы іс-шараның Түркістанда өткізілуінің өзіндік мәні барын атап өтті.
«Себебі ізгілік тілі мен діні – Ясауидің тілі, бейбітшілік пен татулықтың тілі Түркістаннан бастау алады. Жалпы, бейбітшілік журналистикасы дегеніміз тек соғыс журналистикасы емес. Ол – қоғамдағы әлеуметтік мәселеден бастап, отбасындағы зорлық-зомбылық пен қоғамдағы кез келген шиеленіскен жағдайларға бейбіт жолмен, ізгілікке шақыру. «Жасанды интеллект дәуірі» деп тақырып қойған себебіміз – қазір әлемде адамдардың жаңалықтарды жасанды интеллект қолдану арқылы қай арнаға бұратынын мамандар да тұспалдай алмай отыр. Агрессия мен эмоцияға, шындыққа жанаспайтын ақпараттарға мұқият болуымыз керек. Бұл бейбітшілік журналистикасының міндеттерінің бірі болмақ. Қазір бейбітшілік журналистикасы түсінігін және практикасын тек соғыстар мен халықаралық қақтығыстарды қамтитын тар түсінікпен шектеу жеткіліксіз. Қоғам ішіндегі әлеуметтік, таптық, мәдени, этностық және гендерге қатысты шиеленістер де медиада жиі көрініс тауып жатыр. Бұл тақырыптар бірін-бірі айыптауға немесе эмоциялық манипуляцияға құрылған дискурстар арқылы іске асуда. Сондықтан бейбітшілік журналистикасы – зорлықтың себептерін айқын көрсететін, тараптарды қарсы қоймай, керісінше диалог жолдарын ұсынатын және қоғамдық келісімді нығайтатын ақпараттық кеңістік қалыптастыруға бағытталған журналистика үлгісі болуы керек. Жіктелу, бөліну, айыптау, өзекке тебу, өшпенділік таныту емес – бірігу, «біз» деген ортақ ұғымның төңірегінде түсінісе білуге шақыруға тиіс. Айтулы бастамамыз Алматы мен Астана қалаларында да жалғасады деп ойлаймын», деді Дархан Қыдырәлі.
Медиа сарапшы, ғалым Молдияр Ергебеков модераторлық еткен, басты мақсаты – медианың, этиканың және жасанды интеллектінің өзара байланысын бейбітшілік журналистикасы тұрғысынан талқылау, ақпарат кеңістігінде жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын нығайту жолдарын айқындау болған іс-шарада сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қазіргі таңда ақпарат ағыны бұрынғыдан да жылдам өзгеріп, қоғамдағы пікір қалыптастырудың негізгі құралына айналғанын айтып өтті. Іргелі оқу орны – Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жасанды интеллект саласын дамыту арқылы өңірдегі ғылыми-техникалық прогресс пен жоғары технологиялы мамандар даярлау ісінде маңызды рөл атқарып отырғанын жеткізді. Бұл орайда университет ректоры Жанар Темірбекова жасанды интеллект бойынша инженерия факультеті көптеген маңызды жұмыс атқарып жатқанын айтты. Ал ректор өкілі міндетін атқарушы Нажи Генчтің айтуынша, талқыланып отырған тақырып ерекше мәнге ие. «Технологияның негізі болған «инженерия» отбасының сотқар баласы сияқты. Оның қашан, қандай іс жасайтынын ешкім білмейді. Инженерия сөзге бағынбай, технологияның дамуы үшін жұмыс істейді. Ал дін, құқық, әлеуметтік алаңдар сотқар бала болған «инженерияның» ата-анасы іспетті. Оны үнемі қадағалап, тәрбиелеуге тырысады. Біз бүгін технологияның алдына шыға алмайтынымызға көз жеткіздік. Ол тек өркендеу кезеңінде болады. Оны тоқтатуға емес, жасанды интеллектінің зиянды тұстарының алдын алуға қоғамды дайындаймыз. Сондықтан, жастар сіздер үшін де бүгінгі іс-шара аса маңызды», деді Нажи Генч.
Сондай-ақ «Жасанды интеллект дәуіріндегі медианың бейбітшілік миссиясы: жауапкершілік және этика», «Қоғамдық қатынастардағы бейбітшілік тілі» тақырыптары аясында өткен сессияда баядамашылар мен сарапшылар өзекті мәселелер көтеріп, тың ойлар, конструктивті ұсыныстар айтты. Тақырыптық сессиялардағы талқылауларға сенатор Әлішер Сатвалдиев, Өзбекстан әлем тілдері университетінің профессоры, «New Media Education Center» (NMEC) директоры Беруний Алимов және «Ana tili» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Амиша сынды бірқатар ақпарат құралдарының жетекшілері, белгілі журналистер қатысып, көзқарастарын білдірді. Әсіресе Оқу-ағарту министрінің кеңесшісі Жайнагүл Төлемісованың жасанды интеллектінің қоғамға әсері әрі зияны туралы зерттеген дүниесі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Әлеуметтік желі әлеміндегі жетістіктер мен қарама-қайшылықтар, сауатсыз жазу, ақпараттық порталдар мен телеарналардың рейтинг қуып асыра сілтеушілікке баруы сынды мәселелер қызу талқыға түсті.
Сөз кезегі келгенде «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы һәм «Egemen Qazaqstan» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі ретінде біз де ой-пікірімізді ортаға салдық. Иә, жасанды интеллектінің даму қарқыны жоғары екенін ескерсек, болашақта не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Қорқынышты деуімізге себеп – адамзат туған-туыс, дос-жаранымен емес, жасанды интеллектімен сырласатын дәрежеге де жетті. Оған дәлел – қазір кез келген адамның телефонында «ChatGPT»-мен диалогі бар. Біреу одан мәлімет, біреу ақыл-кеңес сұрайды. Ал жасанды интеллект диалог барысында өз иесіне қарсы сұрақ қою арқылы оның мінез-құлқын, жазу стилі мен қолтаңбасын, болмысы мен эмоциясына талдау жасап, базасында сақтап отыр. Сондықтан да жасанды интеллектімен диалог орнатарда жеке басқа қатысты мәліметтерді айтпай құпия сақтау керек. Ең сорақысы, кейбір медиалар жасанды интеллект жасаған аудио, видеоларға сеніп, ақпарат таратуда. Кейін қатесін түсініп, ақпаратты өшіріп тастайды. Бірақ ақпарат жарияланғаннан өшірілгенге дейінгі аралықта кейбір қырағы оқырман скриндеп үлгереді. Бұл медианың беделіне нұқсан келтіреді. Медианың мұндай қателікке жиі жол беруінің соңы жақсылыққа апармайды. Оқырмандар тарапынан медиаға деген сенім мен құрмет азайып, альтернативті басқа ақпарат көздерін іздейді. Ол – әлеуметтік желі. Ал әлеуметтік желі ресми БАҚ болмаған соң, мұнда рас-өтірігі белгісіз ақпараттар фейк аккаунттар арқылы бейпіл айтыла береді. Арандатушылар осы желіні пайдаланып, халықты алаңға шығуға шақырады, билікке қарсы қояды, ұлттар мен мемлекеттер арасындағы алауыздықты тудырады. Осы тұста жасанды интеллект – арандатушының қолындағы қауіпті құрал. Бірақ «уды у қайтарады» демекші, журналистер де жасанды интеллектіні әбден меңгеріп, редакция жұмысын автоматтандырып, жақсы қырынан пайдалана білуге тиіс. Журналистер – ақпарат фильтрі. Олар жалған ақпараттарды сүзіп алып, сылып тастауы керек. Жасанды интеллект жалған ақпараттарды анықтай алады, есеп пен баяндамалардағы қателерді тауып береді, мониторинг жасайды. Әрбір редакция жасанды интеллектіге немкеттілік танытпай, онымен тығыз әрі терең жұмыс істеуі қажет. Яғни технологиялық тенденциялардан құлағдар болып, оны өз орнымен пайдалана білгені абзал. Мысалы, кезінде әлемдік бренд болған «Nokia» телефоны, «Коdak» фотоаппараты жаңа технологияны игеруге немқұрайдылық танытқанының кесірінен бәсекелестеріне жол беріп, банкрот болып тынды.
Бірақ бір нәрсені түсінуіміз керек. Жасанды интеллект аты айтып тұрғандай – жасанды. Ол ешқандай да шынайы емес. Болашақта адамдар бір-бірімен емес, жасанды интеллектімен ақыл жарыстыратын болады. Сондайда адам жасанды интеллектіден шынайылығымен басып оза алады. Өзін жасанды интеллект алмастырмас үшін адам әрқашан кітап оқып, білімін үздіксіз жетілдіруден танбау керек. Өзінің индивидтік қасиетін сақтауға тиіс. Ақпараттық технологиялар дәуірінде білектілер емес, сыни ойлай білетін білімділер озады. Сондай-ақ газет оқудан бас тарту мәңгүрттенудің басы болатынын, адам көргенінен гөрі, оқыған дүниесін әлдеқайда терең қабылдайтынын айтып өттік. Өйткені бейнематериал – дайын дүние, ал оқыған кезде адам оны өз дүниетанымымен, болмысымен сіңіреді.
Жиын соңында Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысы Абдунаим Сейдмұхаммед те өзінің ыстық ықыласы мен жиынның тақырыптық мәнін саралап, жеткізді. Аталған іс-шараны Парламент Сенатының қолдауымен, Мұсылман ақсақалдар кеңесі, Конфессияаралық және дінаралық диалогтің халықаралық орталығының бірлесе ұйымдастырғанын айта кетелік.
ТҮРКІСТАН