Қоғам • Бүгін, 08:28

ЖИ қызметі қадағалауды қажет етеді

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі ақпараттық алаңның жай-күйі күрделене түсті. Бұған ықпал етіп отырған негізгі факторлардың бірі – жасанды интеллект. Әсіресе ЖИ көмегімен жасалған бейнематериалдардың қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін анықтау қиын болып барады. Бұл жағдай фейк жаңа­лықтардың көбеюіне жол ашып, қоғамдық қатынас нарығына айтарлықтай әсер етіп жатыр. Осыған байланысты жаңа нарық талаптарын меңгерген мамандарды даярлау күнтәртібіне шықты. Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі мен Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің Телерадио және қоғам­мен байланыс кафедрасы осы мә­селені талқылауға сала маман­дарының басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиында қатысушылар ЖИ дәуірінде ақпа­рат қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын және білім мазмұнын жаңарту туралы сөз қозғады.

ЖИ қызметі қадағалауды қажет етеді

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатқан кезеңде фактчекингтің маңызы арта түскенін айтты. Оның сөзінше, ақпаратты бұрмалау қаупі артқан са­йын деректі тексеру дағдылары PR саласында негізгі талаптардың біріне айналады. Сонымен қатар ол мамандарды даярлауда білім бағдарламаларын уақтылы жаңартып, өзгермелі нарыққа бейімдеудің маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінде оқу мазмұнына өте мұқият қарау керек. Он жыл бұрынғы материалды сол күйінде оқыта берсек, мамандарды қазіргі еңбек нарығына емес, мүлдем басқа жағдайға дайындап шығамыз. Қоғам да, талап та күн сайын өзгеріп жатыр. Инженерлік саланың өзінде жаңа бағыттар пайда болуда, сондықтан оқу бағдарламалары да тұрақты түрде жаңартылуға тиіс. Бірақ балаларды тек ЖИ құралдарын қолдануға үйретумен шектелмеу керек. Олар онсыз да бұл құралдарды тез меңгереді. Ең маңыздысы – осы құралдарды басқаруды, тиімді қолдануды үйрету. Яғни жасанды интеллект сізге қызмет етуі керек. Сонымен қатар PR саласында қоғамды түсіну, нарықтың өзгерісін бақылап отыру аса маңызды. Қазіргі PR маманы қандай қиындықтарға тап болатынын, оларды алдын алу үшін студенттерді қалай дайындау керектігін де ойластырған жөн. Оқу барысында нақты жағдайларға негізделген тапсырмалар беріп, дағдарыс жоспарларын жасау қабілетін қалыптастыру қажет», деді ол.

М.Ф.Решетнёв атындағы Сібір мемлекеттік университетінің доценті Алексей Михайлов баяндамасында білім саласында цифрлық мәдениет қалыптастыру мәселесіне тоқталып, ЖИ-дің қолдану нормалары мен жауапкершілігі анық көрсетілуі керек деген маңызды бастама көтерді.

«Бүгінде студент үшін жасанды интеллектісіз оқуды елестету қиын. Дегенмен маңызды бір мәселе бар: студент өзі ұсынған жұмыс­тың нәтижесі жауапты екенін түсінуге тиіс. Бұл ЖИ-ге берген тапсыр­ма­сы­ның сапасына да, алынған кеңестер мен қолданылған зияткерлік материалдардың заңдылығына да қатысты. Ресей Федерациясының білім және ғылым жүйесінде қазір бір парадокс байқалады. Университеттер антиплагиат жүйелерін дербес сатып алады. Бірақ ЖИ қолданудың нақты шегі немесе рұқсат етілген қатысу деңгейі мемлекеттік деңгейде бекітілмеген. Бұл қолдану ережелері кафедра мең­ге­ру­шілерінің немесе бағдарлама жетек­шілерінің шешіміне тәуелді деген сөз. Мен 23 жыл бойы кафе­дра басқарған адам ретінде студенттің ЖИ-ді қолдануда қандай шекке дейін бара алатынын нақты түсінуі керек екенін білемін. Алайда бұл мәселені жоғары деңгейде реттеу қажет. Мемлекеттік саясат жасанды интеллектіні қолданудың шегін көрсететін, сондай-ақ бұл талаптар бұзылған жағдайда қолданылатын санкцияларды айқындайтын нормативтік актілер арқылы көрінуге тиіс. Бұл мәселе еліміз үшін де өзекті деп ойлаймын. Егер біз заманауи адамның, соның ішінде студенттің, маманның, басшының цифрлық мәдениетін қалыптастыруды мақсат етсек, ЖИ қолдану нормалары мен жауапкершілігі анық көрсетілуі қажет», деді ол.

«Таңба» PR агенттігінің бас директоры Ақсұлу Сағынғалидың айтуын­­ша, Еуропалық институттың зерттеуі­не сәйкес, кейінгі жылдары әлеумет­тік желілер мен PR саласына деген қо­ғам­ның сенімі айтарлықтай төменде­­гені көрсетілген. Бұрын сенімі деңгейі 90 пайызға жуық болса, қазір Еуропа мен АҚШ-та бұл көрсеткіш шамамен 60 пайызға дейін құлдыраған. Сарапшылар мұның басты себебі ретінде жасанды интеллектінің пайда болуы, фейктердің көбеюі және ақпарат сапасының тұрақсыздығын атап отыр.

«Фейктер туралы айтқанда, ЖИ-дің қателерімен қатар адам факторын да естен шығармау керек. Яғни ақпаратты міндетті түрде қосымша адам тарапынан тексеру қажет. ЖИ сізге ыңғайлы көрінетін нұсқаны ұсынады, бірақ оның дұрыстығына жауапкершілік ақырында маманның өзіне жүктеледі. Сол себепті фактчекинг құралдарын ЖИ-мен қатар қолдану – міндет. Осыған байланысты мамандар жобаны дайын­дау кезінде ЖИ ұсынған ақпаратты сүзгіден өткізіп, қосымша бақылау құралдарын қолдануды үйренуі қажет. Өйткені алдағы уақытта бұл дағдылар PR саласындағы жаңа стандарттардың біріне айналатыны анық», дейді маман.

Анкарадағы Хаджы Байрам Уәли универ­ситетінің профессоры Мехмет Топлу сөзінде ЖИ PR саласына көп мүмкіндік әкелгенін атап өтті.

«Ең алдымен, үлкен деректерді талдау арқылы мақсатты аудиторияның мінез-құлқы мен негізгі үрдістерін нақты анықтауға болады. Бұрын ауди­торияны зерттеу сауалнама мен шектеулі деректерге сүйенсе, қазір ЖИ әлеуметтік желілер мен ашық дереккөздерден жиналған ақпаратты жылдам сараптайды. Контент жасауда да ЖИ тиімді. Нейролингвистикалық модельдер мәтін құрастырып, трендтерді анықтап, аудиторияға өтімді материал ұсынуға көмектеседі».

Медиа және PR мамандары ассоциа­ци­ясының төрағасы Ақерке Берлібай жасанды интеллект жүйелері дамығанымен, қоғамның сенімін қалыптастыра алмайтынын айтады.

«Машина мәтін жаза алады, бірақ саяси контексті, қоғамның реакциясы мен сенімін қалыптастыра алмайды. Сондықтан ЖИ біздің мамандықты алмастырады деу – қате түсінік. Білім  үдерісін жаңартқанда негізгі басым­дық стратегиялық ойлау мен талдау дағдыларын дамытуға берілуге тиіс. ЖИ жұмысты жылдамдатады, бірақ кәсіби шешімді адам қабылдайды», дейді ол.