Тараптар атом электр станциясын салу және оны одан әрі пайдалану үшін кадрлық қамтамасыз етудің стратегиялық маңызын ескере отырып, «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасына атом энергетикасы саласы бойынша мамандар даярлаудың жеке бағыттарын енгізу туралы келісімге келді.
Меморандумға Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, Атом энергиясы агенттігінің төрағасы А.Сәтқалиев, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Ә.Кусманов және «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Е.Бердіғұлов қатысты.
Аталған меморандум атом энергетикасы саласына мамандар даярлау бойынша ынтымақтастықты көздейді. Бұл бастама инженерлік, техникалық және ғылыми бағыттар бойынша мамандарды тартуға жол ашып, Қазақстандағы атом энергетикасының өсуіне негіз болатын кадрлық әлеуетті нығайтады. 2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында 20 грантты пилоттық түрде бөлу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта осындай гранттарды жыл сайын беру көзделген. Бағдарлама шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында халықаралық тағылымдамаларды, магистрлік және докторанттық білім беру бағдарламаларын қамтитын болады.
Атом саласы үшін білікті кадр даярлаудың маңызды тетіктерінің бірі – әлеуетті жұмыс берушілермен өзара ықпалдастық орнату және бағдарлама түлектерін міндетті түрде жұмысқа орналастыру. Осы мақсатта стипендиат, жұмыс беруші және «Болашақ» бағдарламасының әкімшісі арасында үшжақты келісімшарттар жасасу қарастырылған.
Қазіргі уақытта Pennsylvania State University, Grenoble INP – UGA, Shanghai Jiao Tong University, City University of Hong Kong және «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті сияқты жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдерді пысықтау жұмыстары қарқынды жүргізіледі.
«Болашақ» бағдарламасы аясында атом саласына арналған маман даярлаудың жеке бағытын енгізу инженерлер, технологтар, операторлар және басқа да мамандардан тұратын кәсіби кадрлар пулын қалыптастыруға мүмкіндік береді.