Заң • 08 Желтоқсан, 2025

Енді Whatsapp-тағы хаттамалар да заңды күшке ие болады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Депутат Мұрат Әбенов мессенджерлердегі хат алмасулар мен дауыстық хабарламаларға заңды күш берілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді Whatsapp-тағы хаттамалар да заңды күшке ие болады

Фото: Ашық дереккөз

М.Әбеновтің сөзінше, депутаттар заңға келісімшарттың кеңейтілген түсінігін бекітетін нормаларды енгізді. Бұл әсіресе көптеген мәмілелер онлайн форматта жасалып жатқан қазіргі жағдайда маңызды.

«Біз келісімшарттың формасын да нақтылап жаздық. Қазір қолымызда қағаз түріндегі шарт жоқ, бәрі онлайн. Кез келген әңгімеміз, бейнежазба, WhatsApp-тағы хат алмасу, тіпті жарнама да келісімшарттың құрамдас бөлігі болып саналады. Егер біз хат жазыссақ, мен саған Kaspi арқылы ақша жіберсем, сен маған үш жылдық кепілдік беруге уәде етсең – мұның бәрі келісімшарт болып есептеледі», деді депутат.

Әбенов атап өткендей, енді сатушы немесе қызмет көрсетуші қол қойылған құжат жоқ деген сылтаумен міндеттемеден бас тарта алмайды.

«Егер шарт орындалмаса, сатушы: «Бізде келісімшарт болған жоқ, мен ештеңеге қол қойған жоқпын» деп айта алмайды. Бүкіл хат алмасу келісімшарт болып саналады. Біз мұны арнайы заңға енгізіп отырмыз, себебі азамат қорғалуы тиіс. Компанияларда мықты заңгерлер бар, ал қарапайым адам қорғансыз», деді ол.

Әбеновтің пікірінше, жаңа норма тұтынушылардың құқықтарын күшейтіп, азаматтар мен бизнес арасындағы даулы жағдайларды азайтады.