Қоғам • 10 Желтоқсан, 2025

Тәбеталдар, ағзабылғар ас-су һәм арандау

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шетелдік сапасыз, зиянды, «сиқыры» күшті түрлі азық-түліксымақ кедендік тексерулерді «келеке ете», шекараларды «бұзып-жара» кіріп жатыр. Жасық өнімдердің кеңістігімізде ерке баламыздай еркінсуіне тұтынушы ретінде өзіміз жол беріп отырмыз. Дәлірегі, талғамсыздықпен бас-көз демей әлгіндей өнімдерді құлқынымызға тыққыштап мәзбіз. Мұның арғы жағына тереңірек үңілсең қолжаулыққа айналған, қоқыр-соқырға толған қоғамымыздың құлағы қылтияды.

Тәбеталдар, ағзабылғар ас-су һәм арандау

 

Ойда жоқта көшеде жолығып қалған таныс ағам «үйге кіріп, түскі ас ішіп кет», деп ілтипат көрсетті. «Жарайды», дедім. Зәулім үйге кіргенімізде қарсы алдымыздан 13-14 жасар шамасындағы екі ұл бала шығып амандасты. Жеңгей бір туыстарының үйіне шілдеханаға кеткен екен. «Нешауа, өзіміз де түскі астың қамын жасай аламыз, ток пеш дайын, тамақ бар, нан-пан, салат-палат, тәтті-пәтті тоңазытқышта толып тұр», деді ол жайдары қалыпта.

Кең де сәулетті, не керектің бәрі бар асханада отырмыз. Есік жақтағы бұрышта дәу мұздатқыш пен бойы екі метрдей, ені жалпақ, мес қарын тоңазытқыш дыңылдайды. Ағам екі баласына дастархан жасауды бұйырды да: «Сендер таңертеңнен бері тамақ іштіңдер ме өзі?» деп сұрады. Екеуі де жарыса «жоқ» деді. Бұл «неге?» деп еді әлгі екеудің бірі «үйде жейтін ештеңе жоқ, жылан жалағандай, ашаршылықта да мұндай болмаған шығар...» деді жұлып алғандай. Ағамның өңі күреңітіп барып басылды. Сосын маған қарады. Көзқарасынан «міне, естідің бе, тоқшылық заман балаларының сөзін?» деген сыңай анық байқалды. Сосын ол дауысын қатайта: «Мына тоңазытқышта толып тұрған ас-ауқатты көрмедіңдер ме?» деген сауалына «Көрдік, бірақ оларды жегіміз келмейді, тәбетіміз тартпайды» деген жауап алды. «Иә, сендерге керегі кола-пола, түрлі сусын-пусындар, «майонезбен» шыланған «сэндвич-пендвич», «хотдог-потдог» сияқтылар мен «чипси», «кириечки», тағы не бар еді құдай-ау, сондайлар ғой. Соларға әбден тәуелденіп қалғансыңдар. Ет жеуді, ағарған ішуді қойдыңдар түге», деді балаларын жақтырыңқырамай.

Тоқ тоңазытқыштың ішінен ас-ауқаттың, салат-палаттың, тәтті-пәттінің, жағып-батырып жейтіннің неше атасы «ақтарылып» түсті. Дастархан жайнап кетті. Қайсысын жеріңді білмейсің. Әсіресе, қойдың тоңазыған майлы еті, жал-жая, буы бұрқырап тостаққа құйылып келген нарын қандай дәмді десеңізші, тіл үйіреді.

Ағам алғашқыдай емес пәс көңілде отыр. Үйде тамақтың неше түрі болса да ұлдарының «түк жоқ» дегеніне налып, құнарлы асқа емес, жасық, пайдасынан зияны басым, дайындалуы күмәнді түрлі кәкір-шүкірге құмар, тәуелді қылып қойған мына заманның беталысын ой елегіне өткізіп, әуреленіп отырғанын анық сездім.

Екі бала да жарытып ештеңе жемеді. Әрнені түрткіштеген болды да әкесінен рұқсат сұрап, «әумин» деп орындарынан тұрып кетті.

Түскі астан кейін аулаға шықтық. Екі бала көлеңкеде отыр екен. Қолдарында бір-бірден білектей «сендвич», бұралақтатып соғып отыр. «Иә-әә, бәріне шешесі екеуіміз кінәліміз, бұларды әлгі нәрсіз кірме ас-судан тыя алмаған, соларға үйірсек етіп қойған» деді ағам күрсіне...

Мен өз жөніммен кеттім, жолай әлгі көріністер түрлі ойға жетелей берді.

Тамақсымақ, зиянды, бірақ қандай сиқыры барын, құлқынды дәмімен құлдық ұрғызып қойған тәбеталдар, ағзабылғар дүниелер толып кетті. Жұртты өзіне иілдіріп қойған. Не істейсің? Жарнамасы жаналқымнан алған, у-жынын ішіне бүгіп, алдамшы дәмі, сыртқы көрінісімен баураған айнала толы ассымақтардың қанды шеңгелінен қалай құтыламыз?

Ғасырлар бойы өзінің құнарымен ұлтымызға әл-қуат берген, бүгінге жілік майымыздан ажырамай жетуімізге себепкер болған ұлттық дәстүрлі тағамдарымыз бен басқа да татымды дәмдерімізге бүгінгі ұрпағымыздың тәбеті шаппайтын болып барады. Осынау құнды дүниелеріміз шетелден енген арзанқол өнімдерге жол беріп, кейінге ысырылып қала бере ме? Өзімізге ғана тән, қанымызға сіңген, қазақтың дәм сезу мүшесі ғана құмарта қабылдайтын ұлттық тағамдарымыздан жерініп бара жатқандаймыз ба, қалай? Қазақтың таңдайының таңдау-талғамы күрт өзгерсе ұлттық кодымыздан, жадымыздан ажырап қалмаймыз ба?

Қазанда бұрқылдап қайнап жатқан қазы-қарта, жал-жаяның иісіне шыдай алмай мұрындарын жабатын өзге жұрттың өкілдерін талай көрдік. Оларға түсіністікпен қарайсың. Ал бұлардың қатарынан өз ұрпағымызды да көре бастағанымызға жөн болсын... Қазақ қана ләззат алатын бұл жұпарға өз балаларымыз мұрын тыржитса жылқы мінезді жұртымыздың мінез-болмысы да бүлінбей ме?

Қымыз дәмі де бір бөлігімізге жат болып барады. Ешкімді кінәлай алмайсың. Бірақ қымыз ішуді құп көрмейтін, дәмінен тыжырынатын, есесіне түрлі құтыдағы улы сусындарға ден қойған жастарымыздың көбеюі де ұлттық кодымыздан алыстатпай қоймас, сірә.

Қалай дегенде де дәстүрлі тағамдарымыздың дәмін ұрпағымыз жатырқап кетпеуі үшін бір әрекетін жасауымыз қажет-ақ. Бұл ұлттық болмыс-кодымызды келешекке аман-есен аманаттау, дәлірегі, ұлт болып сақталып қалу үшін маңызды.

Қан арқылы жалғасып, болмыспен тығыз астасып, сан ғасырлар бойы айырықша артықшылығымен талғамды тілімізге «өзін мойындатқыза» үйіріле келіп ұя салған, осылайша қазаққа ғана тән болып қалған дәм тұщыну, дәм сезіну тұрғысындағы ұлттық ерекшелігіміздің мәнін жоюға, таңдайымызды «алжастыра» өзіне «табындыруға» айналған, жас-кәрі демей бүгінгінің көмейін бүлкілдеткен шетелдік нәрсіз, зиянды, тіпті ас-су деп айтуға ауыз бармайтын дүниелер дүркіреп, жұртты «билеп-төстеп» тұр. Өзімізді осындай жасық өнімнен тыюдың жолы қайсы, ағайын? Қоғамдық, отбасылық тәрбиеде есті ұлт ретінде ойласар бір үлкен мәселе осы-ау, шамасы...

Дәм тұщыну, дәм сезіну тұрғысындағы ұлттық кодымызды, жадымызды жойып алмау – қазақтың болашағын, денсаулығын ойлау, халықтық төл қасиеттерімізді сақтау ісі екенін айтқымыз келеді. Бүгінгі ұрпақ дәм сезуде, ас тұщынуда қазаққа ғана тән түйсіктен ажырап қалмауы тиіс. Сондықтан халқымызды мейілінше құнарлы, пайдалы азықпен қоректендіру, оларды қолжетімді ету жағын да ойлауымыз керек-ақ.

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50