фото: e-history.kz
Іс-шараны ұйымдастырушылар көрменің басты мақсаты ұлттық зергерлік өнерге деген қызығушылық пен құрметті арттыру, зергер мамандығының беделін көтеру, мәдени дәстүрлерді сақтаудағы шеберлер еңбегінің маңызын айқындау, сондай-ақ бұл өнердің жоғары құндылығы мен мәнін көпшілікке көрсету болғанын тілге тиек етті.
Ал, зергер Берік Әлібай болса, елімізде зергерлік өнердің тәуелсіздік алғаннан кейін қарыштап дами бастағанын айтты.
«Бізді зергерлік саладағы тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары деп атауға болады. Тіпті, дүниежүзі бойынша зергерлік бұйымдар жасаудан алда келеміз. Қандай өнер сайыстарына барсақ та, жүлдемен оралатынымыз сондықтан», деді зергер өз сөзінде.
Желтоқсан айының соңына дейін жалғасын табатын көрмеге негізінен Б. Әлібайдың қолынан шыққан әшекейлер, киім элементтері, тұрмыстық бұйымдар, көркем туындылар, сондай-ақ автор бірнеше онжылдық бойы жинаған зергерлік бұйымдардың бірегей үлгілері қойылды.
Әрбір экспонат халық тарихы, ұрпақтар сабақтастығының куәсі. Экспозиция арқылы көрермен күмістің ерекше қуаты мен тазалығын, сондай-ақ оның ұлттық мәдениеттегі маңызды орнын сезіне алады. Автордың зергерлік бұйымдары мен көркем туындылары дәстүрлі қазақ нақыштары мен заманауи дизайнерлік шешімдердің үйлесімін тапқан өзіндік ерекше стилімен ерекшеленеді.
Сондай-ақ, суретшінің еңбектері Қытай, Жапония, Иран, Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, Германия, Англия, Испания, Оман сұлтандығы, Иордания, ТМД елдері және басқа да мемлекеттердің мұражайлары мен жеке коллекцияларында сақтаулы.