Денсаулық • Бүгін, 12:15

Ақтауда алғаш рет қайтыс болған адамның жүрегі донор ретінде пайдаланылды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда алғаш рет қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жағдай тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz өңірлік Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Ақтауда алғаш рет қайтыс болған адамның жүрегі донор ретінде пайдаланылды

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық көпбейінді ауруханасында 45 жастағы ер адамның ми өлімі анықталды. Маңғыстау облысы бойынша трансплантация жөніндегі өңірлік үйлестіруші Индира Аманқосқызы мен стационарлық координатор Ілияс Юсупұлы туыстарына қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жақындары батылдық танытып, донорлыққа келісім берген соң аурухана базасында Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы мамандарымен бірлесіп жүрек алу операциясы жасалды.

Донордың жүрегі ұзақ уақыт күту парағында тұрған науқасқа сәтті трансплантацияланды. Операцияны Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация орталығының мамандары сәтті жүзеге асырды.

- Бұл – өңіріміз үшін ерекше маңызды оқиға. Донорлық ми өлімінің ресми расталуынан кейін барлық медициналық рәсімдер заңды түрде орындалды. Біз донорлыққа шешім қабылдаған отбасына шынайы құрмет көрсетеміз және адам өмірін құтқаруға бағытталған ізгі қадамдары үшін алғыс айтамыз, - деді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының м.а. Берік Каунов.

Мұндай жағдай Маңғыстау өңірінде алғаш рет тіркеліп отыр. Бұған дейін облыста қайтыс болғаннан кейінгі донорлық факті кездеспеген.

Маңғыстау облысы бойынша трансплантация жөніндегі өңірлік үйлестіруші Индира Аманқосқызының айтуынша, қазір жалпы күту парағында 175 маңғыстаулық бар. Оның ішінде 165 ересек, 3 бала - бүйрек, 4 ересек, 1 бала – бауыр, 2 ересек жүрек трансплантациясын күтуде.

Әлемдік тәжірибеде қайтыс болғаннан кейінгі донорлық адамгершіліктің ең жоғары көрінісі саналады. Бір донор алты адамға дейін өмір сыйлай алады.