Шілде айында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде медициналық көмек алуға қатысты бірқатар өзгерістер мен толықтырулар қабылданды.
Ең алдымен, көмек пакеттері қайта қаралды. Сонымен бірге, әлеуметтік санаттар үшін мемлекет төлейтін жарна мөлшерлемелері, сондай-ақ жұмысшылардың МӘМС жарналарын есептеу шегі мен жұмыс берушілердің аударымдарына қатысты шекті мөлшерлер өзгерді. Бұдан бөлек, әл-ауқаты төмен азаматтарды қамтуға бағытталған шаралар қабылданды.
Өзгерістердің бір бөлігі бүгінде күшіне енген, ал кейбірі 2026 жылы, тағы бірқатары 2027 жылы қолданысқа енгізілмек.
МӘМС туралы Заңның жаңа нормалары жөнінде Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманова айтып берді. Оның айтуынша, медициналық қызметтердің ең көп тұтынушылары – балалар мен қарттар.
«Елімізде өмір сүру ұзақтығының арту көрсеткіштері жақсы. Халқымыздың өмір сүру ұзақтығы өсіп келеді. Бұл – медициналық қызметтерге қолжетімділіктің жақсаруының нәтижесі. Яғни, азаматтар денсаулықтарына көбірек көңіл бөле бастады, бұрын қолжетімсіз болған жоғары технологиялық, қымбат медициналық көмекті ала бастады. МӘМС енгізілгелі мұндай қызметтердің көлемі артты», деді ол.
Ләззат Шоманованың айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне әлеуметтік мәні бар аурулар енгізілген.
«Әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесі министрлік тарапынан қайта қаралды. Ал динамикалық бақылауды қажет ететін өзге созылмалы ауруларды біртіндеп МӘМС пакетіне көшіру жұмысы жүріп жатыр», дейді ол.
Сонымен қатар, кейбір азаматтар өздерінің МӘМС-ке жоғары мөлшерде жарна төлейтінін айтып, өзін-өзі жұмыспен қамтитындар үшін қазіргі 4250 теңге мөлшеріндегі жарнаны арттыруды сұраған.
«Біз бұл соманы бұрынғы деңгейде қалдырдық. Себебі азаматтардың бұл жүйеге қиналмай кіруін қамтамасыз еткіміз келеді», деді Шоманова.
Ол әлем елдеріндегі тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, басқа мемлекеттерде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі өте аз. Оның үстіне, бар пакет көлемінің өзі толық медициналық көмек алуға мүмкіндік бермейді – белгілі шектеулер болады.
«МӘМС-ке жарна төлеудің үздіксіз болуы міндетті. Бізде бұған дейін қымбат диагностикалық зерттеулер МӘМС пакетіне кіретін, енді олар ТМККК-ге ауыстырылды. Халық мұны білуі керек және бұл мүмкіндікті пайдаланып, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға көңіл бөлуі тиіс», деді ол.