Президент • Кеше

Тоқаев: Иран мұрағаттарында Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Иран тарихынан ортақ деректер келтірді. Бұл қолжазбалардың көшірмелерін бүгін Иран делегациясы елімізге алып келген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тоқаев: Иран мұрағаттарында Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған

Мемлекет басшысы Ұлы Жібек жолы Қазақстан мен Иран даласы арқылы өткенін еске салды. Ұлы Жібек жолы технологияның, діннің таралуына, сондай-ақ мәдени-рухани қатынастың тереңдеуіне ықпал етті.

«Иран мұрағаттарында Қазақ хандығының және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған. Тәуке хан мен шах Сұлтан Хусейн арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Екі ел өкілдері Мәскеуде кездесіп, Иран елшісі қазақ даласына сапармен келді деген тарихи мәліметтер бар екен. Әбілқайыр хан Нәдір шахқа елші жіберіп, байланысты дамытуға ниет білдірген. Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесіндегі Тайқазан Иран шебері Әбделазиз Шарафуддин Тебризидің шеберханасында жасалған», деді Президент.

д

Қазақ тілінде парсы сөздері көп. Ғалымдар тілдік қорымыздағы парсы сөздерінің үлесі 4 пайыз деп санайды. Олардың арасында: астана, пайда, көрпе, дәурен, дәрі, дәрумен, аула, ораза және тағы басқа сөздер бар екен.

д

«Бүгінде Иранның солтүстігіндегі Гүлстан провинциясының Горган, Бандар-Түрікмен және Күмбед-Кавус қалаларында 5 мыңнан астам қазақтар тұрады. Фирдоусидың «Шахнамасы» мен оның кейіпкерлері Тұран халықтарына да жақын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Фирдоуси, Хафез, Саади сияқты парсы шайырларының шығармаларымен таныс болған. Иран делегациясы әкелген көне қолжазбалардың көшірмелері XVІІI ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіне арналған. Ұсынылған 27 қолжазбада Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, көрші елдермен қарым-қатынасы, аймақтағы бәсекелестік, Түркістанның саяси-экономикалық жағдайы, Ресей патшалығының қазақ аймақтары мен хандықтарына қатысты әрекеттері туралы сараптамалар бар. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Өте қызықты деректер бар, Сізге көп рақмет, Президент мырза», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Бүгін Астанаға Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан ресми сапармен келді. Сапар барысында тараптар жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіп, сауда-экономикалық, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-иран ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылайды.