Экономика • Кеше

Газ өңдеу саласы қайтсе дамиды?

140 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің жергілікті секторындағы «Қашаған» кенішінде мұнайдың 9–13 млрд баррель (1-2 млрд тонна) қоры бар. Мамандар теңіз тереңінен «қара алтынмен» бірге ілесе шығатын газдың мол қорын 1 трлн текше метр­ге жетуі мүмкін екенін алға тартады. Алайда «көгілдір отынды» өңдеу мәселесі әлі қолға алынған жоқ. Ал оны кешеуілдетпеудің маңызы айрықша болып отыр.

Газ өңдеу саласы қайтсе дамиды?

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында ілеспе газды кәде­ге жарату мәселесіне де көңіл аудар­ды. «Ілеспе газ бен сұйытыл­ған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қараған жөн. Оны толыққан­ды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет. Инвестор­лар жобаларды жүзеге асырған кезде газ шикізатынан тап­­шы­­лық көріп отыр. Сондықтан бұл мәсе­лені де шешу жолдарын табуы­мыз керек, инвесторлар­ды ұзақ уақыт газбен қамтама­сыз етуге нақты кепілдік бере­тін жаңа тәсілдер ойластырған жөн», деді Президент.

Жыл сайын елімізде газды тұтыну көлемі артып отыр. Бұл былтыр ішкі нарықтың қажеттілігіне 21,2 млрд текше метр газ жеткізілгенінен байқалады. Ал биыл болжанып отырған тұтыну көлемі шамамен 21,3 млрд текше метрді құрайды. Осыған байланысты газ өндіру көлемі өсе түсті. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, былтыр елімізде өндірілген газ көлемі 59,0 млрд текше метрге жеткен. Ал биылғы газ өндіру жоспары – 62,8 млрд текше метр. Газ өндіру көлемін «Қарашығанақ», «Теңіз» және «Қашаған» ірі кен орындарындағы қор есебінен көзделіп отыр.

«Қазақстан газ саласында геологиялық барлау жұмыстарын белсенді дамытуды қолға алды. Негізгі басымдықтардың бірі – көмірсутектердің барланған қорының көлемін ұлғайту. Осының шеңберінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қазір мемлекеттік Жер қойнауы қорын бас­қару бағдарламасына енгізілетін 15 учас­кесінде жұмыстар жүргізуді қолға алды», дейді Е.Ақкенженов.

Министрдің дерегіне сүйенсек, «QazaqGaz» ҰК бірнеше әлеуетті инвес­тормен келісім жасаған. Мәселен, «ҚОР» мұнай компаниясы» АҚ «Аққұдық», «Шалқар», «Chevron» (АҚШ) компаниясы КТ-III, «ҚазАзот» ЖШС «Север­ный-2» учаскесінде геологиялық барлау жұмысын жүргізуге ниет білдіріп отыр. Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен «Северный-1» учаскесіне байланыс­ты келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ «Gas Solution» компаниясы «Самтыр Солтүстік» және «Самтыр Оңтүстік» учаскелеріне қызығушылық танытыпты. Алдын ала бағалауға сәйкес аталған учаскелерде газдың жиынтық ресурсы шамамен 535,5 млрд текше метрге жететіні анықталыпты. Табиғи қордың жиынтық құны 200 млрд теңгені құрайды.

Дегенмен қазіргі екпін «Қашағанның» тереңінен алынатын газды өңдеуге ауып отыр. Өйткені аталған кен орнындағы мол газды өңдеу үшін бір емес, екі зауыт салу мәселесі біраздан бері қозғалып келеді. Осыған орай газ өңдеу зауыттарын салу үшін қатарлық «UCC Holding» компания­сы инвестор ретінде тартылды.

Бұл өндіріс орнының құрылысы Атырау облысындағы «Болашақ» мұнай және газды кешенді дайындау қон­дырғысынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым қашықта салынып жатыр. Құрылыс алаңынан 5 шақырымда Мақат ауданындағы Ескене теміржол стансасы тұр. Зауыттың құрылысына 860 млн доллар көлемінде инвестиция салу көзделген.

Биыл құрылыс жұмысы қарқын алды. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төр­аға­сының жаңа жобалар жөніндегі орынбасары Батыржан Тергеусізовтің дерегіне сүйенсек, құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуын бақылау­ды күшейтуге назар аударылыпты. Сон­дай-ақ түнгі ауысымды қоса алған­да, ең­бек, өнеркәсіптік және өрт қауіп­сіздігі талаптарының сақталуы қатаң бақыланады.

«Қазір құрылыс алаңында 2000-нан астам маман жұмыс істейді. Оның ішінде 1434 тікелей персонал, ал түнгі ауысымда 192 маман бар. Құрылыс алаңындағы жұмысқа 342 арнайы техника тартылды», дейді Б.Тергеусізов.

Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, құрылыс-монтаждау жұмыс­та­рында ілгерілеу байқалып отыр. Осы кезге дейін түтін құбырларының монтажы аяқталыпты. Жерастына 21 мың 810 метр  (48,8%) құбыр төселіп, 12 шақы­рымнан асатын бөлігіне жасалыпты.

Қазір құрылыс алаңында іргетасқа 56 178 текше метр бетон құйылған. Бұл – жоспарланған жұмыстың 73,8 %-ы. Ал РВС-5000 типті болат және көлемі 600 текше метр сфералық резервуар­лар­дың 1 712 тоннасын (85%) құрастыру жүргізіліпті.

Мұнда сыртқы инженерлік желі­лерді тарту қолға алынды. Алаңда ме­ханикалық жабдықтардың 4 424 тоннасы (45,3%) монтаждалыпты. Алайда металл конс­трукцияларын монтаждау көрсеткіші әлі де төмен. Осы кезге дейін бұл жұмыстың 5768 тоннасы (28,6%) орындалыпты. Сондай-ақ GPCI вахталық кентінде 132 және 140 орындық екі жатақханада шатыр монтажы аяқталып, енді ішкі бөлімдерді орнату, электр желісі тартылып жатыр.

Бұл зауыт іске қосылғанда қандай өнім­дер алынады? Мамандардың түсінді­руін­ше, біріншіден, 1 млрд текше метр­ге дейін шикі күкіртті газ өңделеді. Одан 815 млн текше метр тауарлық газ, 119 мың тонна сұйытылған газ алынады. Бұған қоса, 212 мың тонна күкірт пен 35 мың тонна газ конденсаты алынатыны жоспарланып отыр.

Екіншіден, бұл жоба еліміздің газ өңдеу саласын дамытуға серпін береді. Әсіресе «Қашаған» кен орнынан мұнай өндіру деңгейін тәулігіне 450 мың баррельге дейін ұлғайтады. Үшіншіден, өңірлерді одан әрі газдандыру үшін ресурстық базаны кеңейтуге мүмкіндік туады. Төртіншіден, мұнай-газ өндірісінде қоршаған ортаның тазалығын жақсартуға жол ашылады.

Биыл тағы бір жобаны іске асыру бас­талды. Бұл – «Қашаған» кен орнынан сұйытылған мұнай-газын алу, тасымал­дау және фракциялау зауытының құры­лысы. Аталған жобаны іске асыру ішкі на­рықты сұйытылған мұнай-газымен тұрақ­­ты қамтамасыз етуге, газ мотор отыны тап­шылығын азайтуға бағытталып отыр.  Осыған орай былтыр «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «Норт Каспиан Оперейтинг Ком­пани» ЖШС арасында сұйытылған мұ­най га­зын сату-сатып алу шартына қол қойы­лып, жобаның Жол картасы бекітілді.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қарасай ауданында тартысты көкпар өтті

Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2025

Қобыз бен киіз үй ЮНЕСКО тізіміне енді

Мәдениет • 11 Желтоқсан, 2025

Иран Президенті Жүрек орталығына барды

Денсаулық • 11 Желтоқсан, 2025

Оралдан Ташкентке әуе рейсі ашылады

Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2025