Байқаудың басты мақсаты – бас қаладағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін насихаттау, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға, сондай-ақ елорданың, оның шет аймақтары мен елді мекендерінің санитарлық жағдайын қамтамасыз ету тақырыбын ашып жазу, көрсету. Байқаудың талабы бойынша, журналистер мен блогерлер 1 қараша мен 10 желтоқсан аралығында БАҚ құралдарында немесе әлеуметтік желіде жариялаған материалдарын ұсынды. Жалпы, ұйымдастырушылар алқасына 122 журналист пен блогер қала тазалығына жауапты мамандардың ақ адал еңбегін паш еткен 150-ден астам материал жолдаған екен.
Байқау жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағынов:
– Жұмысшы мамандықтар жылында еңбек адамдарының жұмысын насихаттау – жалпы қоғамның міндеті деп білеміз. Соның ішінде қаланың күл-қоқысын жинап, сыртқа шығарып, көшелерді, жолдарды, алаңдарды, тротуарлар мен басқа да қоғамдық орындарды тазалап, күн-түн демей қоғам үшін еңбек ететін қарапайым жұмысшыларды үлгі етіп жүрген азаматтарға алғыс айтамыз. Жыл басынан бері «Астана Тазалық» серіктестігі туралы ақпарат кеңістігінде 487 материал жарық көріпті. Соның 370-і қарапайым қызметкерлер туралы екен. Яғни БАҚ өкілдері күн сайын кемі бір жұмысшының еңбегін елге көрсетіп отырды деген сөз. Бұл – үлкен еңбек», – деп атап өтті.
Байқауға ұсынылған жұмыстарды саралап, жеңімпаздарды анықтау мақсатында тәуелсіз комиссия құрылған. Комиссия мүшелерінің шешімімен «Баспа басылымындағы үздік мақала», «Үздік телевизиялық материал», «Әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым», «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» аталымдары бойынша үздіктер анықталды. Жүлде алған журналистердің қатарында газетіміздің Әлеумет және спорт бөлімінің тілшісі Сәндібек Асанәлі де бар. Әріптесіміз «Баспа басылымындағы үздік мақала» аталымында жүлдегер атанды. Сонымен қатар «Казахстанская правда» газетінің бөлім редакторы Әсел Мұқанова арнайы сыйлыққа ие болды.