Білім • Бүгін, 08:50

Геометрия – математикалық білімнің негізі

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біраздан бері орта білім жүйесінде бірқатар пәндерді біріктіріп оқыту туралы айтылып келеді. Алгебра мен геометрияны – «математика», химия, физика, биология – «жаратылыстану ғылымдары», дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін «әлеуметтік ғылымдар» пәніне біріктіру көзделген. Қазіргі таңда мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты апробациядан өтіп жатыр. Жақында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова пәндерді біріктіріп оқытуды қайта қарауды қажет ететінін әрі мақсаты мен тақырыбы бөлек пәндердің әрқайсысын жеке пән ретінде дербес оқыту туралы айтқан-ды.

Геометрия – математикалық білімнің негізі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл пән дара оқытылуы керек

Математик-ғалым, 30-дан астам ғылыми әдістемелік еңбектің, орта білім беретін мектепке арналған геометрия оқулығының авторы, профессор Жеткербай Қайдасов балалардың математика мен геометрия, химия мен физикаға қызығушылығы пәндердің жүйелі әрі қызықты өтуіне байла­нысты екенін жеткізді.

– Геометрия күрделі пәннің қатарында екені мойындалған. Ал математиканың дамып, ғылым ре­тінде қалыптасуында геометрия үлкен рөл атқарады. Қазіргі «ин­фор­­маторлар» геометриялық білім мазмұнының дидактикалық проб­лемаларын зерттеудің орнына, мек­тептегі геометрияның жүйелі курсынан бас тартуды ұсынып жатыр. Өске­лең ұрпаққа ғылыми жараты­лыс­танудан білім беруде геометрия­ның алатын орны ерекше. Мектептегі геометриялық білім беру мен жоғары оқу орнындағы геометрия пәнінің мазмұнындағы үйлесімділікті қажет­ті деңгейде шешпей, геометрия­лық білім беру мәселесін шешу мүм­кін емес. Соңғы жылдары мектеп бітірушілердің геометриялық бі­лімінің төмендігіне қатысты сын жиі айтылады. Оған мектепте сағат санының, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларында геометриялық есептердің аз болуы да себеп болып отыр. Геометрияны тереңдетіп оқытудың әртүрлі формасы мен әдісі бар. Қандай оқулық жазылсын, қандай әдістемелік нұсқаулар берілсін геометрияны оқытудағы негізгі мақсат – оқушының ойлау дағдысын дамыту, – дейді профессор.

Республикалық физика-математика мектебінің алгебра және геометрия пәнінің мұғалімі, педагогика­лық ғылымдар магистрі Қалмас Аман­гелдіұлы геометрия мен алгебра оқу­шылардың әртүрлі ойлау дең­ге­­йін қалыптастыратынын айтады.

Геометрия – физика, информатика, сызба және сәу­лет өнерінің негізі. Дұрыс геомет­рия бол­маса, оқушылардың векторлар, оптика, механика, кинематика және статика туралы түсінігі нашарлайды. Олар сызбалар, диаграммалар және модельдеу кезінде қиындыққа тап болады. Кейбір тапсырмалар терең геометриялық дағдыларды қажет ететіндіктен, олимпиадалардағы нәтижелері мен ҰБТ-дағы көрсеткіші төмендейді. Геометрияның аз көлемде оқытылуы STEM өрістеріндегі сапаның төмендеуіне, біріктірілген курс сөзсіз дәлелдемелік базаның қысқаруына әкеледі. Геометрия – дәлелдеуді және логикалық тізбектерді құруды жүйелі түрде үйрететін пән. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Финляндия, Сингапур, Оң­түстік Корея, Жапония, Фран­ция, Германия, АҚШ-та геометрия жекелеген бағдарлама немесе курсқа бөлінген. Себебі дәлел­ді геометрия оқушылардың мате­матика­лық мәдениетін ны­ғай­тады. Университеттер­де (инженерия, IT, жаратылыстану ғылымдары) век­тор­лық геомет­рия, тригонометрия, аналитикалық геометрия, теңдеулер мен функцияларды талап етіледі. Егер іргетасы әлсіз болса, университеттер талапкерлер­дің білім сапасына шағымданады. STEM саласындағы еліміздің бәсекеге қабілеті төмендейді. Мемлекет­тің алға қойып отырған цифрлан­дыру саясатын, IT және инженерияны күшті математикалық негізсіз дамыту мүмкін емес, – деді педагогикалық ғылымдар магистрі.

 

Оқушылар сызудан қиналады

Алматы облысы, Қарасай ауданы М. Ғабдуллин атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, педагогика ғылымдарының магистрі Әмірхан Кибар оқушылар сызу пәнінің оқытылмауынан сызуға қиналатынын тілге тиек етті.

Бұрын сызу пәні респуб­лика мектептерінің барлығында дерлік оқытылатындықтан, сызу пәнінің Өгео­метрия пәнін оқытуға көп ықпалы тиді. Яғни 9-сыныптың сызуында кеңістіктік, 10-11-сыныпта өтетін көлемдік денелер, пирамида, приз­ма, шар, цилиндр, конус туралы алғашқы түсініктер ­9-сыныпта беріліп, денелердің жазбалары жасалып, көріністері зертте­летін, үйретілетін. 9-сыныптан сызу­ды ­алып тастағаннан кейін 10-11-сы­нып­тағы геометрияны балаларға тү­сіну қиынға түсті. Әлбетте, мұғалім тарапынан денелер туралы айтылады, түсіндіріледі. Сондықтан 9-сынып­тан бастамалық курс ретінде сызу пәні аса қажет. Сызу пәнінің қазіргі кезде оқытылмауынан балалар гео­мет­рия­ны жеткілікті меңгере алмай жүр.

Қазір оқушылар интернеттің дамуына қарай барлығын өзі шешіп беретін бағдарламаларға иек сүйеп алды. Сызу сызудан да оқушылар көп қиналады. Бүгінде сызуды сызып беретін онлайн бағдарламалар көп. Бұрын ондай бағдарламалар болмағандықтан, оқушылар қолмен сызу сызатын. Мұғалімдер де соны талап ететін. Ал қазір оқушылардың сызуға қиналуы сызу пәнінің оқы­тылмауымен тікелей байланысты болуы мүмкін. Сызу пәнінде сызба­ның әдемілігіне, сызба талаптарының сақталуына мән беріледі. Барлық бұ­рышы мен өлшемі нақты болуға тиіс. Оқушылар сызу сыза алмағандық­тан, геометрияны оқуға да қиналады. Геометрия пәнінде сызба дұрыс салынса, ол есептің тоқсан пайыз дұрыс шыққаны. Яғни дұрыс салынған сызба есепті де дұрыс шығаруға ықпал етеді, – деді математика пәнінің мұғалімі.

Түйін: Осы аптада Ұлттық ғылым академиясында өткен ІІ халықаралық жас ғалымдар конгресінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова соңғы уақытта жаратылыс­тану пәндерін біріктіріп оқытуға байланысты қоғамда туындаған түйткілді мәселеге нүкте қойылғанын жеткізді. «Біздің мақсатымыз – мектеп жасындағы балаларға фундаменталды білімді терең әрі жүйелі меңгеруге толық жағдай жасау. Яғни пәндерді біріктіру реформасы бүгіннен бастап тоқтатылатын болады», деді министр. Енді мақалада айтылған мәселеге орай, яғни алгебра мен геометрияның дербес пән ретінде қалып, сызу пәнінің өз деңгейінде оқытылуы да назарға алынса, ұстаздар көтерген өзекті мәселенің шешімінің табылғаны деп білеміз. 

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50