Әлем • Бүгін, 12:13

БҰҰ-ның мұқтаж жандарға берілетін гуманитарлық көмегі қысқаратын болды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

БҰҰ келесі жылы әлем бойынша 135 миллион адамға гуманитарлық көмек көрсету үшін 33 миллиард доллар қажет екенін мәлімдеді. Ұйым донор елдерге үндеу жасап, ең осал топтарды, атап айтқанда, соғыстан, табиғи апаттан, індеттен, ашаршылықтан зардап шеккен адамдарды қолдау үшін 23 миллиард доллар бөлуге шақырды. Қаржы тапшылығына байланысты БҰҰ қызметкерлері тірі қалу шегінде тұрған адамдарға ғана басымдық беруге мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

БҰҰ-ның мұқтаж жандарға берілетін гуманитарлық көмегі қысқаратын болды

Фото: Ашық дереккөз

БҰҰ донор елдер тарапынан инвестициялардың қысқаруына байланысты қаржылық дағдарысқа тап болып отыр. Биыл сұралған 47 миллиард доллардың тек 12 миллиарды ғана жиналған. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Аталған сома қажеттіліктің небәрі төрттен бірін ғана қамтиды.

Жағдайды күрделендіре түсетін қақтығыс аймақтарында қызметкерлердің қауіпсіздік жағдайының нашарлауы, сондай-ақ мұқтаж жандарға қолжетімділіктің болмауы деген сияқты өзге де мәселелер бар.

Келесі жылға арналған жоспар бойынша 87 миллион ең осал адамға көмек көрсету үшін 20 миллиард доллардан астам қаржы қажет. Бұл жоспардың жүзеге асуы қажетті қаражаттың жиналуына тікелей байланысты.

«Әйелдер мен қыздарды қорғауға бағытталған бағдарламалар күрт қысқартылды. Жүздеген гуманитарлық ұйым жабылды. БҰҰ-ның 380-нен астам қызметкері қаза тапты – бұл рекордтық көрсеткіш. Бұған дейін айтқанымдай, жүйеміз шамадан тыс жүктелген, қаржыландыру жеткіліксіз, сонымен қатар нысандарымыз шабуылға ұшырап жатыр. Өтініштеріміздің тек 20 пайызы ғана қолдау тапты», деді БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Том Флетчер.

БҰҰ-ның келесі жылға арналған бюджеттік жоспары дағдарысқа ұшыраған 29 аймаққа көмек көрсетуді қамтиды. Соның ішіндегі ең ауқымдысы – Газа секторы. Үш миллион адамды қолдау үшін 4 миллиард доллардан астам қаржы қажет.

«Бітімге дейінгі 10 апта ішінде біз аптасына орта есеппен 1100 гуманитарлық жүк паллетін қабылдайтынбыз. Қазір бұл көрсеткіш шамамен 3800-ге жетті. Алайда тұрақсыз жағдай, жүктің кешігуі мен өткізу бекеттеріндегі бас тартулар аса қажет материалдарды жеткізуге әлі де елеулі кедергі келтіріп жатыр», деді ЮНИСЕФ-тің қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Тесс Ингрэм.

Қажеттілік көлемі бойынша екінші орында – Судан. Ел ішіндегі 20 миллион адамның қажеттілігін өтеу үшін БҰҰ шамамен 3 миллиард доллар сұрап отыр. Бұдан бөлек, елден тысқары жерге қашуға мәжбүр болған 7 миллион судандықты қолдау үшін тағы 2 миллиард доллар қажет.

«Судан қарулы күштері мен жедел қолдау күштері арасындағы қатыгез қақтығыс кедергісіз жалғасып келеді. Дарфур мен Кордофаннан бастап Хартум мен Омдурманға дейін бірде-бір бейбіт тұрғын бұл зорлық-зомбылықтан тыс қалған жоқ. Мен жағдайға қатты алаңдаймын», дейді БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк.

Үшінші орында – Сирия. Ел тұрғындарының гуманитарлық қажеттіліктерін өтеу үшін кемінде 3 миллиард доллар қажет. Халықтың 90 пайызға жуығы кедейлік шегінен төмен өмір сүруде, елде су мен электр энергиясының тапшылығы байқалады.

Өткен жылы Башар Асад режимі құлағаннан кейін 3 миллионнан астам адам елге оралды. Алайда қаржыландырудың қысқаруы оларды қайтадан үйлерін тастап кетуге мәжбүр етуі мүмкін.

«Сириялықтар елді қалпына келтіруге дайын. Тиісті қолдау болмаса, оралған адамдар қайтадан босқынға айналуы мүмкін», дейді БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди.

Гуманитарлық дағдарыстардың ауқымы оларды еңсеру мүмкіндігінен жылдамырақ өсіп келеді. Бұл үдерісті тежеп тұрған басты себеп – қаржының жетіспеушілігі.

БҰҰ-ның гуманитарлық операциялары ерікті жарналарға тәуелді, сондықтан негізгі донор елдердің бюджеттеріндегі кез келген өзгеріс көмек бағдарламаларына тікелей әсер етеді. 

Шілде айында АҚШ бұрын бекітілген қаржыны жоятын заң қабылдап, халықаралық жобаларды шамамен 9 миллиард доллардан айырды. Ұлыбритания, Германия, Франция, Нидерланд пен Бельгияны қоса алғанда, ірі еуропалық елдер де шетелдік көмек шығындарын қысқартатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар