Әлем • Бүгін, 14:18

Жер астында алып мұхит жасырынып жатуы мүмкін бе?

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жер мантиясының шамамен 660 шақырым тереңдігінде ғаламдық мұхиттардың жалпы көлемімен салыстыруға болатын колоссалды су қоры – «алып мұхит» болуы ықтимал. Қытай ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу осындай таңғаларлық тұжырым жасауға негіз болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жер астында алып мұхит жасырынып жатуы мүмкін бе?

Фото: istockphoto.com

Ғалымдардың бағалауы бойынша, жасырын су көлемі жер бетіндегі барлық мұхиттар көлемінің 8%-нан 100%-на дейін құрауы мүмкін. Зерттеуді Қытай Ғылым академиясының Гуанчжоу геохимия институтының профессоры Ду Чжисюэ бастаған зерттеу тобы жүргізді.

Зерттеу барысында мамандар алғаш рет лабораториялық жағдайда төменгі мантияға тән параметрлерді – 32 гигапаскальға дейінгі қысымды және 2000 кельвиннен асатын температураны модельдеді. Тәжірибе нәтижесі көрсеткендей, мантияның жартысынан астамын құрайтын бриджманит минералы бұрынғы болжамдардан әлдеқайда көп суды ұстап тұруға қабілетті болып шықты. 

Ғалымдардың пікірінше, шамамен 4,6 миллиард жыл бұрын жердің қалыптасуының ерте кезеңінде планета магмалық мұхитпен жабылған. Ол суыған кезде минералдар кристалданып, суды жердің қатты құрылымының ішіне «мөрлеп» тастаған.

Бұл жаңа деректер төменгі мантия планетадағы ең ірі ішкі су қоймасы болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл жаңалық жердегі мұхиттардың шығу тегіне және тіршілікке қолайлы жағдайлардың қалыптасуындағы үрдістердің рөлі туралы жаңа түсінік береді.

Соңғы жаңалықтар