Аймақтар • Кеше

Шаруақор Шарбақты

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі Мұзағаң, Мұзафар Әлімбаевтың туған топырағы – Шарбақты ауданында кейінгі екі жылда халық игілігі үшін қолға алынған ізгі істер көз қуантады. Мұнда тек биыл пәтер кезегінде тұрған 110 азамат баспаналы болды. Өңір экономикасында қазына қаражатын еселей түсетін жобалар да көбейіп келеді.

Шаруақор Шарбақты

Сурет: pavlodarnews.kz

Шарбақтының түлей түскенін сырт көздің аңғармауы мүмкін емес. Әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту, халықтың тұрмысын арттыру, ауыл шаруашылығына жаңадан инвестициялар тарту және т.б. сала­ларда облыс биыл үздіктер қатарынан көрініп, Мемлекет басшысы белгілеген міндеттердің орнымен орындалғанына куә болдық.

Әдетте кейбір жергілікті әкімдер есеп бере қалса, өңірлердің дамуында қағазда бар, шынайы өмірде жоқ көрсеткіштерді ұзын-сонар тізетіні мәлім. Ал мұнда ат басын бұрсаңыз, нақты істердің жүзеге асырылғанына көз жеткізесіз.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, кейінгі екі жылда әлеуметтік сала мен инфрақұры­лым­ды жаңғырту, жаңадан құрылыс салу бойынша 86 жоба жүзеге асып, 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бір ғажабы, жаңғырту жұмыстары негізінен аудан орталығында емес, ауылдарда іске асқан. Жол картасы бойынша аудан жолдарының 80 шақырымнан астамы жөнделіп,  елді мекендердің көп­теген көшелері бүтінделді. Кейбір ауыл­дарда жаяу жүргіншілер жолдары, бағдар­шам­дар пайда болды. Жылыбұлақ, Шалдай, Есілбай, Красиловка, Алексеевка, Орловка, Сахновка, Малиновка және т.б. елді ме­кен­­дердің көшелері көріктене түсті. Төрт ауылда жаңадан балалар алаңдары са­лынды.

Жақын уақытта Шарбақты, Хмель­ницкое, Галкин, Маралды, Сосновка, Жылы­­бұлақ ауылдарын қоса алғанда, 18 елді ме­кен­­нің халқы орталық­тан­ды­рылған ауызсу жүйесіне қосылады. Нәтижесінде, аудан хал­қының 95%-ы ауызсумен қамта­ма­сыз етіледі.

Мұнда ұялы байланыс сапасы да жақ­сара түскен. «250+» бағдарламасы аясында Арбиген, Шегірен және Жаңауыл ауыл­дарында қамту деңгейі күшейтілді, Жылыбұлақ, Малиновка және Садықащы ауылдарында жаңа базалық стансалар орнатылса, Сынтас ауылында байланыс мұнарасының құрылысы басталды.

Облыс әкімі Асайын Байханов Шарбақты ауданы барлық макро көрсет­кіштер бойынша оң динамиканы көр­сетіп отырғанын айтады. Әлеуметтік инфра­құры­лымды нығайту жұмыстары да оңымен жалғасуда. Алексеевка ауылындағы шағын орталыққа, Красиловкадағы мек­теп­­ке және Шарбақтыдағы «Балдәурен» балабақшасына күрделі жөн­­деу жүр­гізілді, оқу кабинеттері жаңа үлгі­де жабдықталды. Денсаулық сақтау сала­сында барлық ауылдық округ­тер сани­тарлық көліктермен және меди­ци­­налық жабдықтармен қам­та­масыз етілді. Тұрғындардың өтініші бо­йынша Шарбақты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне күрделі жөндеу жүргізуге және ауылдың оңтүстік жағында жаңа спорт кешенін салуға 300 млн теңге бөлінді. Маңызды әлеуметтік қадам­дардың бірі – үй кезегінде тұрған аудан тұр­ғындарының саны биыл екі есе қыс­қарған.

– Өңір бойынша халықтың саны 18 мыңның үстінде. Кейінгі жылдары үй кезегінде тұрғандардың мәселесін шешуге көп көңіл болып отырмыз. Тек биыл 110 адам жаңа баспанаға ие болды. Оларға арнап үш көппәтерлі үйлер тұрғызылып, жанынан спорт алаңдары, бала­ларға арналған ойын алаңдары са­лын­ды. Бұл игіліктер адами капиталды да­мытуға, халықтың жайлы өмір сүруіне арнал­ған, – дейді Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов.

Ауыл шаруашылығы – аудан эконо­микасының негізгі саласы.  Мұндағы өнімнің жалпы көлемі 28 млрд теңге­ден асып түскен. Бір ғана егін  шаруа­шылығында 7,8% өсім байқалып, 16 млрд теңгеге жеткен. Бұл жетістігі үшін ауданның 12 шаруашылығы мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды.

«Келесі жылы жұмыстар күшейтіледі, әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен сумен жаб­дық­тау бағытында жанданбақ. Алдағы жылы ауданда бірнеше ауқымды инвес­тициялық жобаны іске қосу жос­парланған. Солардың бірі – «BelAgro Group» ЖШС-ның Шарбақты ауылында 500 гектар суармалы алқапты іске қосу жобасы, оның инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. Назаровка ауылында бірден 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда: 600 га суармалы алқапты іске қосу, 6000 тоннаға арналған көкөніс қоймасы және 600 бас малға арналған тауарлы-сүт фермасы.

«Жаңа жұмыс орындарының ашылуы және шағын бизнестің дамуы нәтиже­сінде жұмыссыздық 4,1% деңгейінде сақ­талып отыр, бұл облыстағы ең жақсы көр­сет­кіш­тердің бірі», деп қосты аудан басшысы.

Ауданның туризмді дамыту үшін табиғи әлеуеті жоғары. Өткен жазда «Маралды» курорттық аймағына 40 мыңнан астам адам келген. Курорттық аумақ­ты жүйелі түрде жаңғыртуға дайын­дық жұмыстары басталды. Жыл сайын мың­даған адам зиярат етуге келетін Ғабдұл Уахит хазірет кесенесі орна­­лас­қан «Ертіс орманы» аймағында эко­ло­гия­лық туризм, сондай-ақ этно­­­­­­­туризм белсенді дамып келеді. Ендігісін туризмге инвес­ти­циялар тарту жұмысын жан­­дандырып, «Қарағай алаңы» қонақүй жоба­сын дамы­ту көзделген.

 

Павлодар облысы,

Шарбақты ауданы

Соңғы жаңалықтар