Жоба • Бүгін, 09:20

Саламатты жастар жобасы

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» КММ қалалық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, «Esirtkisiz Elorda: Тәуелділіксіз болашақ идеясы» атты байқаудың финалдық кезеңін өткізді. Сайыс «Esirtkisiz Elorda» жобасы мен «Заң және тәртіп» акциясы аясында ұйымдастырылды. Байқауда мектеп, колледж және жоғары оқу орындарынан іріктелген алты қатысушы бақ сынады. Олар жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған авторлық бастамаларын таныстырып, қазылар алқасы мен көрермендер алдында өз жобаларын қорғады.

Саламатты жастар жобасы

Жобаның маңызы қандай?

Байқаудың ашылуында сөз сөй­леген Астана қаласы әкім­дігінің «Астана жастары» жас­­тар ресурстық орталығы» басшы­сының орынбасары Руслан Қонақ­­баев бұл жобаға 50-ден астам өтініш келіп түскенін айтып, финал қатысушыларына сәтті­лік тіледі.

Ұйымдастырушылардың ай­туын­ша, жобаның басты мақ­саты – жастар арасында қауіпсіз, саналы және саламатты ортаны қа­лыптастыру, сондай-ақ тәуел­діліктің алдын алуға бағытталған тың бастамаларды қолдау.

Нашақорлықтың алдын алу шарасы бұл жолы ресми баяндама немесе құрғақ статистика күйінде емес, идея мен эмоцияға толы цифрлық жоба форматында талқыланды. Ең бастысы – әр жоба байқаудан кейін де дамуға әлеуеті бар әлеуметтік бастама ретінде қарастырылды.

Сайысқа Астана қаласы ІІД наша­қорлыққа қарсы күрес бас­қар­масының аса маңыз­ды істер жөніндегі аға опера­­тив­ті қызметкері, полиция под­полков­нигі Әлия Қибатқызы, Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бө­лімінің бас маманы Гүлім Мұхамеджан­қызы және Астана қаласы нашақор­лыққа қарсы профилактика бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі Әсет Жанатұлы қазылық етті.

Полиция подполковнигі Әлия Қибатқызының айтуынша, жыл басынан бері есірткінің заң­сыз айналымына қатысты 1 200 құқық­бұзушылық анықталды.

«Жалпы, қатысушылар осы күнгі наша­қорлық проблема­сының қанша­лықты өзекті екенін дұрыс түсінгенін байқадық. Негізгі мақсат – есірткі тұты­нуға деген сұранысты төмендету. Өкі­нішке қарай, ресми статистика бойын­ша, наркологиялық тәуелділік дертіне шалдыққан адамдар саны шамамен мыңға жуық. Әдет­те, бір тәуелді адам өзімен бірге тағы біреулерді тартып, оларды да осы ортаға енгізіп жатады. Біз, полиция қызметкерлері, есірткі бизнесімен күресті күшейтіп келеміз. Дегенмен біздің негіз­гі міндет – профилактика, яғни жасөспірімдер арасында есірткіге сұранысты азайту. Осы байқауда біз жастардың көзімен қарап, олардың түсінігінде есірткіге қар­сы күресті қалай күшейтуге болатынын аңғар­ғымыз келді. Одан әрі басқа да мүдде­лі мемлекет­тік ор­гандармен және үкімет­тік емес ұйымдармен бірлесіп, бала­лар­дың жобаларын нақтылап, білім беру ұйымдарына енгізуге көмектесеміз», деді ол.

Сайыс кезінде негізгі өлшем нашақор­лықтың алдын алуға ба­ғытталған ең үздік идеяны анық­­тау болды. Қазылар алқасы­ның ­айтуынша, ұсынылған жоба көп ұза­май жұмысқа енгізуге дайын болуы керек, сондай-ақ жастарға әсер ете алуға тиіс.

 

Идеядан қоғамдық қозғалысқа дейін

Сайыстың бірінші қатысу­шысы Астанадағы №84 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Әділхан Темірханов ұсынған жоба мектеп ішінде есірткіге қар­сы профилактиканы жастарға түсінікті, заманауи тілмен жүр­гізуге бағыт­талған. Бірнеше апта­ға жоспарлан­ған бұл кешенді бағ­дарлама «тыйым салу» қағи­да­­сынан гөрі, жасөспірімге дұ­рыс балама ұсынуды алға шыға­рады. Жобаның алғашқы кезеңі спорт пен саламатты өмір салтын насихаттауға арнал­­мақ. Мек­теп­ішілік турнир­лер, шағын марафондар арқы­л­ы оқушыларды белсенді өмір­ге тарту көздел­ген. Апта аяғын­да «Ең мықты сынып», «Менің таңдауым – спорт» секілді марапаттау элементтері қарастырылған. Ал екінші аптада психолог, нарколог және поли­ция қызметкерлерінің қатысуымен ­семинарлар өткізіліп, тәуелді­лік­тің психологиялық, құқық­тық сал­дары нақты деректермен түсін­діріледі. Сонымен қатар оқушылардың өз ойы мен ұстанымын қалыптастыру үшін эссе және инфографика байқаулары жоспарланған. Үшінші аптада жоба әлеуметтік желілер кеңістігіне шығады. «TikTok» пен «Instagram» желіле­рінде қысқа бейнежазбалар ар­қылы «Менің хоббиім – спорт», «Өмірдің әр сәті құнды» сын­ды тақырыптарда челлендждер ұйым­дастыру ұсынылады.

Финалда ерекше назар аударт­қан жобаның бірі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Амрин Асаналидің бастамасы. Ол тәуелділіктің тек физикалық емес, психологиялық және цифр­лық қырын қамтыған кешенді жоба ұсынды. Бұл платформада психологиялық қолдау, цифр­лық күнделік, эмоциялық күйді бақылау, кәсіби көмекке дер кезінде жүгіну сияқты бағыттар біріктірілген. Оның айтуынша, тәуелділік көбіне байқалмай бас­талады, ал адам өз күйін түсін­бей, жалғыз қалып жатады. Сол себепті жоба жастарға өз жағ­дайын ерте кезеңде тануға және көмек сұрауға үйретуді көздейді.

Ал Қазақстан халықаралық лингвис­тикалық колледжінің 2-курс студенті Жасмин Қасенова нашақорлықтың алдын алуда театр тілін қолдануды ұсынды. Оның жобасы эмоция мен тірі образ арқылы әсер етуге ба­ғытталған.

Автордың пікірінше, кейде бір қысқа қойылым он лекциядан да өтімді. Жоба аясында 7–10 минуттық сахналық көріністер қойылды. Автор жобаның нәти­жесінде жасөспірімде өзін тану, ұялу мен үрейдің азаюы, көмек­ке жүгінуге дайындық қалып­тасатынын атап өтті. Соны­мен қатар бұл форматты мек­теп, колледж және жастар орта­лықтарында жыл сайын жаңар­тып өткізуге болатынын, ал болашақта қойылымдарды бейнежазба форматында түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы тарату мүмкіндігін де ұсынды.

Сайыстың келесі қатысушысы, Кәсіби-техникалық колледждің 2-курс студенті Вера Климованың «Тәтті өмір – зиянды әдеттерсіз» жобасы шығармашылық тәсілі­мен ерекшеленді. Ол тәтті тағам образы арқылы зиянды әдет­терден арылудың мәнін түсін­діруге тырысты. Вераның айтуынша, адам өміріндегі әр шешім белгілі бір «ингредиенттен» тұрады: бірі – пайдалы, бірі – зиянды. Идея аясында автор студенттерді шығармашылық үдеріс арқылы профилактикаға тартуды ұсынды. Мастер-класс форматында қатысушылар десерт дайындап қана қоймай, әр қадам­ды өмірмен байланыстырып, «дұ­рыс таңдау», «таза өмір», «саналы шешім» секілді ұғымдарды тал­қы­лайды. Мұндай тәсіл жастарға ақпаратты жеңіл қабылдауға, тақырыпты формальды емес, еркін ортада түсінуге мүмкіндік береді. Жобада визуалдық элементтерге де ерекше мән берілген. Жобаның басты артықшылығы – күрделі мәселені қорқыту арқылы емес, жылы эмоция, эстетика және таңдау еркіндігі арқылы жеткізуі.

Финалдық кезеңде ұсыныл­ған жобалар­дың бірі – Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­верситетінің 2-курс студенті Черепова Полинаның авторлық ­бастамасы. Оның жобасы тәуелді­лік мәселесін тек есірткі контексін­де ғана емес, соны қалыптастыра­тын психоло­гия­лық және әлеумет­тік факторлармен бірге қарастыру­ға ба­ғытталған. Автор өз жұмысын­да «ем» мен «әдеттің» арасын­да­­ғы шекараның қаншалықты нәзік еке­нін көрнекі түрде көрсетті. Жоба визуалды элементтер мен қысқа, бірақ ой салатын мәтін­­дер арқылы жастарды өз таң­дауы­на жауапкершілікпен қарауға үндейді. Презентацияда дәрі-дәрмектің бақылаусыз қолда­нылуы ұзақмерзімді тәуелділікке ұласуы мүмкін екені ашық әрі түсінікті тілмен жеткізілді. Автор тәуел­ді­лікпен күресті бір сәттік бас тарту емес, ұзақмерзімді ішкі ұстаным ретінде көрсетті.

Байқау финалында назар аударт­қан жобалардың тағы бірі – «Esil University»-нің сту­ден­ті Виктория Выходцева­ның ав­торлық бастамасы. Оның ұста­нымы – тәуелділік туралы қор­қыту немесе біржақты үгіт емес, адал диалог құру. Осы мақ­сат­­та жоба аясында анонимді онлайн-бокс, қысқа бейнероликтер, шағын интервьюлер, инфо­гра­фика және нақты өмір­ден алын­­ған оқиғалар ұсыныла­ды. Мұның бәрі жастардың сұрақ қою­дан қысылмай, өз ойын еркін біл­діруіне мүмкіндік береді. Вик­тория өз жобасында аудиторияны нақты бөліп қарастырған. Негізгі нысаналы топ – 16–25 жас ара­лығындағы жастар болса, қо­сымша аудитория ретінде ата-аналар мен оқытушылар қамтылған. Бұл тәсіл тәуелділіктің алдын алуда тек жасөспіріммен емес, оны қоршаған ортамен бірге жұмыс істеудің маңызын көрсетеді.

Сонымен, «Esirtkisiz Elorda: Тәуелділіксіз болашақ идеясы» байқауы жастардың нашақорлық мәселесіне немқұрайды қарамай­тынын, керісінше, оны өз тілімен, өз формасымен шешуге дайын екенін көрсетті. Мұндағы әр жоба – бір ғана идея емес, қоғамдық санаға әсер ететін құрал. Байқау нәтижесі жастардың азаматтық белсенділігін арттырумен қатар, ел­ордада әлеуметтік маңызы бар бас­тамаларды жүзеге асыруға нақты мүмкіндік бар екенін дәлелдеді. Тәуелділікпен күрес тек тыйым мен жаза емес, түсіндіру, қолдау және сенім арқылы тиімді болатынын осы байқау тағы бір мәрте көрсетті.

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00