Фото: pinterest.com
Елімізде геологиялық барлау саласы бір мезетте екіұдай жағдайда тұр. Бір жағынан, ол тау-кен және металлургия кешенінің, жалпы алғанда, шикізаттық экономиканың негізі. Екінші жағынан, салада қордаланған түйткілдер жетерлік. Олардың қатарында геологиялық деректерді цифрландыру, әлеуетті инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті ақпараттық жүйе қалыптастыру және ең бастысы, бар және жаңа жобаларға инвестиция тарту мәселесі бар.
Соңғы жылдары бірқатар өңірде түсті металл кен орындарының сарқылу үрдісі байқалып отыр.
Айталық мемлекеттің 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес, дайын мыс қоры ашық әдіспен 10-12 жыл ішінде таусылуы мүмкін. Темір қоры 20-25 жылға ғана жетеді. Ал жер бетіне жақын жатқан, құрамында хромы мол кендер қазірдің өзінде толықтай игерілген. Ендігі өндіріс терең қабаттарға ауысуға тиіс. Бұл өз кезегінде жаңа технологияны, қымбат инновацияны және қомақты қаржыны талап етеді.
Мұндай үрдіс ұзақ мерзімде бірқатар қатерге алып келуі ықтимал. Атап айтқанда, бюджетке түсетін салық түсімдерінің азаюы, моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық әлсіреуі сияқты салдарлар туындауы мүмкін. Бұл қауіптер Қазақстанның геологиялық саласын дамыту тұжырымдамасында 2023-2027 жылдарға арналған құжатта да ашық айтылған.
Тау-кен металлургия кешенінің дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі факторлардың бірі геологиялық барлау деңгейінің төмендігі. Жоғары аудиторлық палатаның сарапшылары келтірген деректерге сүйенсек, елдегі рудалық қорлардың едәуір бөлігі нақты барлау емес, қағаз жүзіндегі ресурс саналады. 2022 жылы геологиялық барлауға жұмсалған шығын бір шаршы шақырымға шаққанда небәрі 63 АҚШ долларын құраған. Ал бұл көрсеткіш әлемдік көшбасшы елдерде сол кезеңде 170-300 доллар аралығында болған.
Тағы бір мәселе, елімізде барланған қорлардың едәуір бөлігі сапасы төмен кендерге жатады. Мұндай ресурстарды тиімді әрі табысты игеру үшін технологиялық жаңашылдық қажет. Ал ол тікелей инвестицияға келіп тіреледі. Бұған қоса, тау-кен металлургия кешені әлеуметтік жауапкершілігі жоғары сала. Мұнда тек ESG қағидаттары ғана емес, өндірістік қауіпсіздік те шешуші рөл атқарады. Қауіпсіздік пен жаңашылдықсыз бұл саланың орнықты дамуы мүмкін емес.
Жалпы, геологиялық барлау мәселесі экономиканың болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт ретінде қайта қарауды талап етіп отыр. Инвестиция, технология және ашықтық қатар жүрмейінше, саланың әлеуетін толық пайдалану қиын.