Фото: x.com/ZelenskyyUa
Қауіпсіздік кепілдіктері
Бұл туралы ол 16 желтоқсанда Нидерландыда журналистермен кездесу барысында айтты.
«Бізде Украинаның қауіпсіздігі үшін ажырамас бірнеше кепілдік блогы бар. Бұл – «қалаулылар коалициясы». Еуропа ұсына алатын мүмкіндіктер бар, сондай-ақ коалиция құрамында мәртебесі мен конституциясы әртүрлі басқа елдер де бар. Бүгінде коалиция мүшелері қатарында Канада мен Жапония да бар», деді В.Зеленский.
Украина Президентінің сөзінше, бірінші кепілдік – АҚШ тарапынан берілетін екіжақты қауіпсіздік кепілдіктері.
«НАТО жарғысының бесінші бабына негізделген АҚШ-тың екіжақты қауіпсіздік кепілдіктері. Біз бұл мәселе бойынша егжей-тегжейіне дейін жеттік, жұмыс істеп жатырмыз. Бұл «Будапешт» немесе «Минск» форматындағы емес, АҚШ Конгресі қолдауы тиіс, заңды тұрғыда міндеттейтін мықты кепілдіктер болуы керек», деді ол.
Сонымен қатар ол Еуропалық одақтан келетін кепілдіктерді де маңызды деп атады.
«Ең алдымен – экономикалық кепілдіктер. Бұл – Еуропалық одаққа мүшелік. Мұның барлығын біз қауіпсіздік кепілдіктерінің біртұтас блогы ретінде қарастырамыз», деп түйіндеді Украина басшысы.
Донбасс
Бұған дейін Берлинде журналистермен сөйлескен Зеленский АҚШ ұсынған бейбіт жоспар аясында аумақ мәселесі талқыланып жатқанын, алайда Киев Донбасты Ресей аумағы ретінде мойындамайтынын айтқан.
«Бұл – Донбассқа қатысты кез келген формат үшін мен үшін маңызды ұстаным. Біз Донбасты Ресейдің аумағы деп мойындамаймыз. Әңгіме уақытша оккупацияланған бөліктер туралы болып отыр. Дегенмен аумақ мәселесін талқылаймыз, өйткені бұл – негізгі сұрақтардың бірі. Әзірге ортақ келісім жоқ», деді В.Зеленский.
Ол Ресей тарапынан ұстаным өзгермегенін де атап өтті.
«Ресейліктер Донбасты қалайды – бұл олардың ұстанымы. Ал біздің ұстаным – практикалық, нақты және әділетті. Біз Донбасты бергіміз келмейді. Америкалықтар ымыра табуға тырысып жатыр, олар еркін экономикалық аймақ ұсынып жатыр. Алайда еркін экономикалық аймақ дегеніміз – Ресей Федерациясының басқаруындағы аумақ деген сөз емес», деді Украина Президенті.
Мереке кезінде майдан тоқтай ма?
Осы уақытта Кремль майдандағы атысты Рождество мерекесі кезінде тоқтату туралы ұсынысты қабылдамады.
«Бізге уақытша бітім емес, нақты бейбітшілік керек. Украинаға демалып, соғысты жалғастыруға мүмкіндік беру үшін емес. Біз соғысты тоқтатқымыз келеді, мақсаттарымызға жетіп, өз мүдделерімізді қорғап, Еуропадағы болашақ бейбітшілікті қамтамасыз еткіміз келеді», деп РИА Новости Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзін келтіреді.
Айта кетелік, Берлиндегі келіссөздерден кейін Германия канцлері Фридрих Мерц Ресейге кем дегенде Рождество кезінде ұрыс-қимылды тоқтатуды ұсынған.
В.Зеленский Украина мен АҚШ Рождество және Жаңа жыл мерекелері кезінде уақытша бітім идеясын қолдағанын, алайда бәрі Мәскеудегі саяси ерік-жігерге байланысты екенін айтты.