Фото: Ашық дереккөз
Аида Балаеваның айтуынша, ұлт денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды құрал болып табылады.
«2026 жылдан бастап сақтандырылған азаматтар міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде жоспарлы медициналық қызметтерді толық көлемде ала алады. Бұл жүйе азаматтардың қаржылық тәуекелдерін азайтып, денсаулық сақтау саласын сапалы жаңа деңгейге көтереді», деді министр.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 17 миллионға жуық адам, яғни халықтың 82 пайыздан астамы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде 12 миллионнан астам азамат жеңілдік санатына кіреді, ал 4,5 миллионнан астамы жарналарын өздері төлеп отыр.
«Біздің міндетіміз осы тізімді одан әрі арттыру. Сондықтан жүйеге әлі кірмеген азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру мүмкіндіктерімен мұқият танысуға шақырамын», деді Аида Балаева.
Министр 2026 жылдан бастап МӘМС пакетіне бірқатар созылмалы аурулар енгізілетінін атап өтті. Атап айтқанда, қант диабеті, балалардың церебральды сал ауруы (ДЦП), ревматизм және өзге де аурулар бойынша дәрігер кеңестері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және ем шаралары толықтай МӘМС есебінен көрсетіледі.
«Мысалы, бір жарым миллион қазақстандық артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұр. Жыл сайын осы сырқаттың асқынуынан 50 мыңнан астам инсульт және инфаркт жағдайы тіркеледі. 2026 жылдан бастап мұндай науқастарға көрсетілетін барлық қажетті медициналық қызметтер міндетті медициналық сақтандыру есебінен қамтамасыз етіледі», деді ол.
Сонымен қатар, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар азаматтарға да айрықша қолдау көрсетілмек.
«Сондай-ақ елімізде 25 мыңнан астам азамат созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен өмір сүрсе, олардың 8 мыңы гемодиализге мұқтаж. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бақылау, диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және тіпті бүйрек трансплантациясы міндетті медициналық сақтандыру пакеті арқылы сақтандырылған азаматтарға қосымша шығынсыз қолжетімді болады.
Қант диабеті әлемдегі ең кең тараған инфекциялық емес аурулардың бірі. Қазақстанда бұл диагнозбен шамамен бес жүз мың адам тіркеуде тұр. Бұл ауру тұрақты бақылауды талап етеді. Мысалы, анализ тапсыру, дәрігер кеңестері, емді түзету және басқа да шаралар.
Алдағы жылдан бастап қант диабеті бар азаматтардың емделуі мен диспансерлік бақылауы толықтай міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне енгізіледі. Демек, барлық жоспарлы қабылдаулар, қажетті зерттеулер мен дәрі-дәрмектер қосымша төлемсіз беріледі. Ең басты шарт науқас міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы керек», деді вице-премьер.
Министр ауыл тұрғындарының да міндетті медициналық сақтандырумен толық қамтылып отырғанын атап өтті. Көптеген ауыл азаматтарының жарналары мемлекет есебінен төленіп, қымбат диагностикалық зерттеулер мен жоғары технологиялық емдеу әдістеріне қолжетімділік қамтамасыз етілген.
«Енді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыру туралы заңның жаңа нормасына сәйкес, Д және Е санатындағы төмен табысты адамдар сақтандырылып, диагностика мен емді кедергісіз ала алады», деді ол.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін де жүйеге қосылу жеңілдетілген. Олар айына 4 250 теңге немесе жылына 51 мың теңге төлей отырып, МӘМС аясындағы барлық қызметтерді пайдалана алады.
«Бұл өзгерістердің басты мақсаты әрбір азаматтың сапалы және уақытылы медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Алдағы уақытта міндетті медициналық сақтандыру аясын кеңейту бағытындағы жұмыс жалғасады. Сондықтан әлі сақтандырылмаған азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерімен жан-жақты танысуы аса маңызды», деп түйіндеді Аида Балаева.