Қоғам • Кеше

Аида Балаева: Қазақстанда журналистерге қысым көрсетілмейді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Human Rights Watch халықаралық ұйымының Қазақстанда журналистерге қысым көрсетуді тоқтатуға шақырған үндеуі нақты жағдайды толық білмеуден туындаған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Аида Балаева: Қазақстанда журналистерге қысым көрсетілмейді

Министрдің айтуынша, соңғы күндері кейбір қылмыстық істерге халықаралық назар аударту мақсатында «азаптау» туралы негізсіз ақпараттар әдейі таратылып жатыр. Аталған істер бойынша жауапкершілікке тартылғандардың арасында медиа саланың өкілдері де бар.

Аида Балаева 2022 жылдан бері Қазақстанда медиа және ақпарат саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті. Бұл өзгерістер журналистердің кәсіби мәртебесін арттыруға және олардың құқықтық тұрғыда қорғалуын күшейтуге бағытталған.

Соған қарамастан, кейінгі уақытта ақпараттық кеңістікте журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына «жүйелі қысым көрсетіліп жатыр» деген мәлімдемелер жиі айтылып жүргенін айтты. Кейбір қылмыстық істердің фигуранттары мен олардың қорғаушылары тергеу барысында азаптау болғаны туралы дәлелсіз айыптар тағып отыр. Мұндай мәлімдемелер қоғам мен шетелдік құқық қорғау ұйымдарын жаңсақ пікірге жетелеуі мүмкін.

Министр адам құқықтарының бұзылуы туралы кез келген тұжырым нақты фактілерге, дәлелдерге және заң талаптарына негізделуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, эмоцияға немесе қоғам назарын аударуға бағытталған әрекеттерге жол беруге болмайды.

«Мемлекет сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін Қазақстан Республикасының Конституциясында және халықаралық міндеттемелерде бекітілген негізгі құндылықтар ретінде ұстанады. Алайда сөз еркіндігі заң талаптарын елемеуге немесе жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік бермейді. Бұл қағида барлық құқықтық мемлекеттерге ортақ», деді Аида Балаева.

Оның сөзінше, журналистердің қызметіне, БАҚ жұмысына немесе нақты қылмыстық істерге қатысты барлық мәселелер заң аясында, процессуалдық нормалар толық сақтала отырып, кінәсіздік презумпциясы мен қорғау құқығы қамтамасыз етіле отырып қаралады.

Министр Қазақстанда ешкім кәсіби қызметі үшін қудалауға ұшырамайтынын атап өтті. Тергеу және процессуалдық әрекеттерді сөз бостандығына қысым ретінде көрсету қоғамдық пікірді әдейі бұрмалау болып саналатынын айтты.

Сондай-ақ аталған істер белгілі бір көзқарастарға немесе редакциялық саясатқа емес, жекелеген азаматтардың нақты құқықтық талаптарына байланысты қаралып жатқанын және оларды уәкілетті органдар заң шеңберінде тексеріп жатқанын жеткізді.

Аида Балаева Мәдениет және ақпарат министрлігі өз құзыреті шеңберінде журналистердің құқықтарын қорғауға және істердің әділ әрі ашық сотта қаралуына барлық қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Осыған байланысты министр халықаралық ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және қоғамды тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Оның айтуынша, расталмаған ақпарат тарату мен тергеу органдарына қысым жасау ел ішіндегі тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін.

«Егер сотта айыптылардың кінәсі дәлелденсе, жасаған әрекеттеріне сай заң алдында тиісті жазасын алары сөзсіз», деді министр.

Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында көпір құлады

Төтенше жағдай • Кеше